Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы өтеді

0
273

Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100  жылдық  мерейтойына  орай  детектив шығармалар байқауы өтеді. Оған «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС мұрындық болды. Биыл алтыншы  рет ұйымдастырылып отырған додаға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында  «Заң»  Медиа-корпорациясы» ЖШС  директоры   Досымбек  Өтеғалиев айтты.

Алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келетін  байқау көпшілікке жақсы танымал. Осы доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты.

Өз сөзінде «Заң»  Медиа-корпорациясы» ЖШС  директоры   Досымбек  Өтеғалиев биылғы  детектив шығармалардың  байқауы  жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келгенін,  бұл шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсетіп отырғанын да тілге тиек етті. «Кемел Тоқаевтың туған өлкесінде өтетін байқаудың артықшылығы көп. Үміткерлердің байқау талабына сай келетін шығармалары  республикалық «Заң газеті»  мен  «Юридическая газета» басылымдарында жарық көреді. Байқауға жолданған шығармалар zanmedia.kz сайтындағы «Детектив» айдарында жинақталып, көпшіліктің оқып танысуына, пікір білдіруіне мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, шара аясында бұған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленген үздіктер Талдықорғанға  арнайы шақырылып, шеберлік сабағын өткізеді»,  – деді ол.

Айта кетсек, байқауға  шығармалар 2023 жылғы 15 қазан сағат 18.00-ге дейін қабылданады.  Бір автор бірнеше шығармасын ұсына алады. Мәтін,  қарпі – Times New Roman, кегль — 14, жол аралық интервал – 1, түзетілуі  – енінен,    шет-шетінен – 2 см.. Үміткер өзінің аты-жөнін, төлқұжатының көшірмесін, ұялы байланыс номерін, электронды поштасын толық жазуы керек. Басты  талап – жіберілетін материалдар детектив жанрының табиғатына сай болуы керек. Белгіленген мерзімнен кешігіп жіберілген, конкурстың талабына сәйкес келмейтін, бұрын басқа байқауға қатысқан шығармалардың конкурсқа қатысуына жол берілмейді. Жүлдегерлер  8 қараша күні Талдықорғанда марапатталады, уақыты  мен   өтетін орнын ұйымдастырушылар тағы да қосымша хабарлайды.

«Биылғы сайыстың жүлде қоры да осал емес. Жетісу облысының әкімдігі Кемел Тоқаев атындағы байқаудың жеңімпазына 1,5 миллион теңге жүлде тағайындап отыр. Одан бөлек, 1 бірінші орын иесі – 1 млн теңге, 2 екінші орын иесі – 750 мың теңгеден, 3 үшінші орын иесі – 500 мың теңгеден қаржылай сыйлық алады»,  –  деген  Досымбек Қонысбекұлы  жақсы істен Жетісу облысының сот, прокуратура, полиция және әділет департаменті де шет қалмағанын, бұл құрылым жетекшілері де байқаудағы үздік шығарма иелерін ынталандыру мақсатында бірнеше сыйлық тағайындап отрығанын да айтты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ