АЛАТАУҒА ҚАР ТҮСТІ жылыту маусымына дайындық қалай?

0
306

 «Қылышын сүйретіп қыс келеді». Әне-міне дегенше үш-ай тоқсан күзіңіз де көзді ашып- жұмғанша өте шығады. Қыр астынан қыстың құлағы қылтияды.   «Крылов» айтқандай,  қамданбаған  «ала жаздай секіріп,  ән салған шегірткедей»  ақ-қар көк мұзда селкілдеп шығатыны баршаға аян.

Өткен жылы Павлодар облысында қақаған қыста қазандық істен шығып, солтүстікте білдей бір облыс орталығы жылусыз қалып, мемлекет мүшелері түгел ала шапқын болған-ды. Жылу жүйесіне жауапты тұлғалар жауапқа тартылып,  кезінде жекешеленіп кеткен нысанның қожайыны «ақ болды, көк болы» деп ақталып, облыс әкімі қызметінен  босатылған-ды. Жылдан-жылға ауа-райының құбылып, жазы құрғақшылық, қысы аязға ұласып жатқаны жасырын емес-ті. Әсіресе, былтыр оңтүстік өңірлерде қар аз жауғанымен қара суық адам баласының өңменінен өткен-ді. Биылғы ауа-райының қалай болатыны бір Аллаға ғана аян.  Сондықтан жайбасарлыққа салынбай, қыстың қамын ала жаздан бастау барлық өңірге тән құбылыс. Алдағы қыс Жетісу облысы үшін үлкен сынақ болмақ. Жеке отау құрып, қыстың екінші мезгілін бастан өткергелі отырған  өңір  жылыту маусымына қандай дайындық жасауда?   Құдай жамандықтың бетін әрі қылсын.  Екібастұздағы жағдай бізге келмей-ақ қойсын  делік. Ол үшін  қам-қарекет жасалып жатқаннан хабардармыз.  Облыстық бюджет есебінен жылумен жабдықтау көздеріне 1,4 млрд теңге бөлінген. Бар гәп, тендрді ұтып алған мердігер компанияларға барып тіреледі.  Ала жаздай тым-тырыс жатқан Талдықорған қаласының өзінде  әкімдік маңындағы көшелер қыркүйек, қазан айларында қазылып, жылу құбырларын  ауыстырып, жылыту құрылғыларымен қапталып жатқанын көріп  «осы шіркіндер,  ала жаздай  қайда қарап отырады»  дейді қала тұрғындары. Кейде тендр ойнату да  ұзаққа созылып, күзге таяу мердігер  компаниялар  әлекке  түсіп  жатады. «Асығыста туған баланың атын абыр-сабыр қояды» демекші,  мердігер салғырттығы салдарынан һәм бөлінген қаржы тиісті жерге жетпегендіктен  ағымдағы жұмыстар кешеуілдегені айтылуда.  Қазан айындағы қара суық ертелі-кеш байқалып, жеке сектордағы тұрғындар   газ қондырғыларын іске қосып алса, көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғындар 15 қазанды сарыла күтіп отыр. Жалпы жылыту маусымының  жайына  тоқталмас  бұрын,  жоғарыдағы мәселенің мән-жайына үңілсек. Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін жылыту маусымына дайындық   ерте бастан басталауы тиіс. Ол үшін  энергиямен жабдықтау кәсіпорындары  2 турбина, 30 қазандық, 12 шақырым жылу және 886 шақырым  электр желісіне, 113 трансформаторлық қосалқы стансасына жөндеу жұмысын жүргізуде. Алайда жұмыстар жүйелі ұйымдастырылмағандықтан, дайындық ойдағыдай  болмай тұр. «Жылыту маусымының кешеуілдеуі,  атқарылып  жатқан  жұмыстардың  жүйелі жүрмеуіне»   орай   облыс әкімінің орынбасары Серік Қанағатовтың төрағалығымен  жылыту  маусымына дайындық  мәселесі қаралды.

«Бақсам бақа екен» демекші, жиын барысында көптеген  түйткілдің  түйіні шешілмегені анықталған. Өңірлерде кей аудандарда жылыту маусымына дайындық барысы көңіл көншітпей тұрғаны айтылды. Жылу жүйесіне жауапты облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы  басшысының  орынбасары  Данияр Сқақовтың айтуынша, Сарқан қаласының орталық қазандығының тозған  екі  қазандығын ауыстыруға мердігер анықталғанымен, қажетті негізгі жабдықтардың жоқ болуына байланысты әлі күнге дейін жұмыс  басталмаған. Демек  Сарқан ауданы алдағы қысқа сақадай- сай емес деген сөз. Қазан айына дейін қажетті жабдықтар әлі табылмаған болса, қалған екі айда ол қат тауар көктен өздігінен түсе қоймасы айдан анық. Бұған  аудан атқамінерлері ерте бастан  қамдануы тиіс еді. Мүмкін қаражат кешеуілдеп бөлінді ме,   мердігер компанияны анықтау  уақыт алды ма,  ол жағы бізге белгісіз. Құдай жамандықтың бетін әрі қылсын,  жылыту маусымына қажетті құралдар табылмай,  ескі жүйемен жұмыс жасауға тура келсе, қыстың көзі қырауда қазандық істен шықса,  Сарқан ауданының халқы  «Екібастұздың» кебін кимесін деңіз. Бұл бір ғана Сарқан ауданындағы құбылыс емес. Қаратал  ауданындағы  Үштөбе қаласында блокті-модульді қазандық сатып алуға және орнатуға қаражат биыл шілде  айында  бөлініпті. Бірақ, жайбасарлыққа салынған  аудан  әкімдігі  конкурстық  рәсімдерді  әлі күнге дейін жарияламапты. Бізде  Солтүстік өңірлердегідей қыс қатты болмайды, бәріне үлгереміз деп топшыласа,  аудан әкімдігі өзі білер. Алайда, табиғат тосын мінез көрсетіп, қатты аяз болса, шілде айында бөлінген қаржыны тиімді пайдаланбаған әкімдік не деп ақталады. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көшелеріндегі жылу желісінің учаскесін  қайта  жаңарту жобасының іске асырылуына байланысты  4-28 қыркүйек аралығында абоненттерді ыстық судан ажырату жоспарланған. Алайда, тасбақа  жүріске  салынған бұл жұмыстар да  уақытында аяқталмауы мүмкін деп топшылауда. Қазан айының өзінде  ертелі-кеш ауа райының салқындығы  қатты сезілуде. Ал  көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғындар  жылыту маусымы  уақытында  қосылмай, ыстық су берілмесе, елдің   наразылығын тудырады. Ескелді  ауданының Ақтұма, Ақешкі және Сырымбет ауылдарының тұрғындарын орталық сумен қамтамасыз етілмеу қаупі барын облыс әкімі орынбасарының қатысумен өткізілген  жиында  айтылды. Қазан  айының 15-інде жылыту жүйесі облыс бойынша толығымен іске қосылуға тиіс болса, облыстағы 10 білім беру нысанының  жөндеу жұмыстары  толық  аяқталмаған. Тіпті жылыту маусымына дайындық жұмысы басталмағаны жиын  барысында айтылды. Бұдан  бөлек  тұрғындар мен мекемелердің  жылу және электрмен жабдықтаушы ұйымдар алдында дебиторлық берешектердің уақытылы өтелмеу мәселелері туындағанын,  соның  әсерінен кәсіпорындар уақытша қаржылық қиындыққа тап болып отырғаны тілге тиек етілді. Жетісу өңірінде 2015 жылдан  бастап  газдандыру жүйесі  жүзеге  асырылып  келеді. Алайда,  кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар  толығымен аяқталғанша  елді мекендер әліде қатты отынға тәуелді. Сондықтан  қыстың қамын күйттегендер қыркүйектен бастап  қатты отын және сұйық отын мен жылту қазандығына қажетті мазут қамтамасыз ету керек. Қатты отынға қатысты бюджеттік ұйымдарға 11,2 млн литр (қажеттілік 11,4 млн литр) сұйық отыны сатып алынған. Оның 8,8 млн литрі ғана діттеген жеріне жеткізілген. Ал, бюджеттік ұйымдарға қажетті 16 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген. Өкінішке қарай  Панфилов  ауданының мәдениет нысандарына көмір мүлдем түспеген. Облыс тұрғындарына  қажетті көмірдің  453,8 мың тоннаны құраса, оның 250,4 мың тоннасы ғана алынған. Аудандар тізбесі бойынша  тұрғындардың қатты отын дайындау жұмысы Қаратал, Көксу, Ақсу аудандарында баяу жүргізілуде. Осы олқылықтарды  дереу жою, жылыту маусымына дайындық барысын талқылау жиынында  «Талдықорған­жылусервис», «Алакөл­жылу», «Сарқанжылу»,  «АсуТВК» , «Панфилов­суқұбыры» мекемелерімен «Жылыту орталығы» ЖШС-лардың көмір  және мазут сатып алуына бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылғанын, бюджеттік ұйымдарға көмір және дизель отынын жеткізу, жеке секторды көмірмен толық қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жалғасып жататын, 1 648 көпқабатты тұрғын үй және бюджет саласының 936 объектісін қысқы жылыту маусымына дайындау жұмысы қадағалануда  екенін айтады   облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сқақов.  Сондай-ақ, оның сөзінше,  орталық қазандықтарды жаңғырту, жылу және электр желілерін жөндеу жүргізілуде.  Талдықорған, Текелі қалалары мен Алакөл, Панфилов, Сарқан аудандарындағы  жылумен  жабдықтау нысанын жаңғыртуға, салуға және ағымдағы  жөндеу жұмысына  бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген.  Осы бағытта Талдықорған қаласындағы №4 қазандықты газбен жылытуға ауыстыру және Текелі қаласындағы «Алатау» шағын ауданындағы жылу желілерін қайта құру және салу, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы қазандықты қайта жаңарту, Панфилов ауданы, Нұркент ауылының жылу  желісін кеңейту, Сарқан ауданы Сарқан қаласының қазандығы жөнделуде екен.

Өз сөзінде облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының  орынбасары  Данияр  Сқақов жылу желісі мен көздерін қайта жаңарту аясындағы жоспар турасында да сөз етті. Мәселен, Қаратал мен Панфилов аудандары және Талдықорған қаласында жұмыстар қарқынды  жүріп жатқан көрінеді. Оған  облыстық бюджеттен «Басқуат» қазандығын қайта құру және кеңейту» жобасына түзету жүргізуге 500 млн теңге бөлінген.  Бұл жұмыстар келесі жылы наурыз айында аяқталып, алдын ала мөлшерленген құны 25 млрд теңгені құрайтын  жоба  2024-2025 жылы жүзеге асырылмақшы. Электрмен жабдықтау жобасына да облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 205 шақырымнан аса электр желісі қайта жаңғырады. Аймақта қысқы жылыту маусымына дайындық жұмысы қарқынды жүруде және оған керекті қаржы мөлшері де жеткілікті  көрінеді.  Шалғай  аудандар  бойынша  атқарылған  жұмыстарға сараптама  жасар болсақ,  Алакөл ауданы бойынша жылыту маусымы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданда 2 орталықтандырылған жылыту қазандығы жұмыс істейді. Орталық қазандықты қатты отынмен қамтамасыз етуге «СнабСервисГруп» ЖШС-мен 378 млн теңгеге 24 156 тонна қатты отын жеткізуге келісімшарт жасалып, тәулігіне 132 тоннадан тасымалдау жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 16 048 тонна қатты отын жеткізілген. Жылу желілерін ағымдағы жөндеуге байланысты 117 млн теңге қаражат бөлініп, бұл жұмысты «Велунд сталь» ЖШС сапалы атқаруда екенін  айтады  аудан әкімі Алмас Әбдинов.

Оның  сөзінше  аудан бойынша барлығы 13 745 жеке тұрғын үйге жылыту маусымы барысында 71 696 тонна қатты отын қажет. Бүгінгі таңда 41 787 тонна көмір сатылып, тұрғындардың 59,1 пайызы қысқы дайындығын қамдап алды. Ауданды қатты отынмен қамтамасыз ететін 5 теміржол тұйығы бар. Бүгінгі таңда 14 вагон немесе 1 041 тонна көмір қоры жеткізіліп, сатылуда. Сонымен қатар «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ ақпараты бойынша барлығы 11 вагон немесе 759 тонна көмір жолда келе жатыр. Көмірдің орташа сатылу бағасы 17 500-23 000 теңге аралығында.

Ал  Панфилов ауданы  бойынша  45 білім беру   нысаны  болса, оларға сұралған  жылту лимиті 1473 158 оларға жасалған келісім шарт жүз пайызға орындалған. Денсаулық саласы бойынша, 14 нысанға 463000 лимит  сұралса, бүгінде соның 243000 сұйық отынмен қамтылған. Мәдениет саласындағы 8-нысан бойынша, 82076 лимит  бойынша, мәдениет ошақтарына 57076 ,.№-1 ДЮСШ  Жаркент  сұралған лимит 31370,  оңалту орталығы КММ (Мерей) сұралған лимит 55000, жүз пайыз орындалып,  тиісті жерлерге жеткізілді. Қатты отын бойынша білім беруге қатысты 21 нысанға 2815 лимит,денсаулық сақтаудағы 31 нысанға 436 лимит мәдениеттегі 14 нысанға 174 лимит, №-2БЖСМ.сн  Алты үй 160 лимит, кітапханаларға қатысты 17 нысанға 60 лимит толығмен өтеліп, нысандар  қатты  отынмен қамтылды, дейді, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз  қызметі  берген мәліметте.  «Панфилов ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы жылыту маусымы бойынша   жұмыс жүргізді. Аудан тұрғындары үшін қатты отынның қажетті мөлшері 52,0 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 38 649 тонна көмір әкелінді. Тапсырыс берген көлемнен алынғаны – 74,3%. Аудан  аумағында  Алтынкөл  және  Құндызды станцияларындағы темір жол тұйықтарында  көмірдің (шубаркөл) тоннасы 18800-18850 теңгеден  сатылуда.  Аудан тұрғындарына жылыту маусымы кезеңіне дайындықты күшейтуге және  ауа-райы қолайлы кезде қатты отынды сатып алу қажет екендігі туралы жұмыстар ұйымдастырылып, тиісті хабарламалар әлеуметтік жерлілерде және қала округ әкімдері аппараты арқылы әрбір елді мекендерде жарияланды, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2023-2024 жылғы жылыту маусымына дайындық бойынша ауданның әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына 2 110 604 литр сұйық отын сұралып,  қазіргі таңда толыққанды келісім-шарт жасалып,  сұралған сұйық отынның 88,3 пайызы (1 865 604 литр) тиісті мекемелерге жеткізілді. Сондай-ақ  ауданның әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына 3645 тонна қатты отын сұралып,  қазіргі таңда толыққанды келісім-шарт жасалып сұралған қатты отынның 100 пайызы (3645 тонна) тиісті мекемелерге жеткізілді , делінген  мәліметте.

 

Көмір бағасы….

Жылма-жыл  жыр болатын көмір бағасы биыл қымбаттаған. Көмір бекеттерінен сатып алып үйге жеткізу құны тағы бар. Мәселен, темір жол бекеттері жоқ Ақсу, Сарқан аудандарына жеткізу, оны елді мекендерге тарату тұрғындардың қалтасына ауыр салмақ салады. Көмір  саудасына қатысты мамандардың  айтуынша  қазір көмір сатып алу жұмыстары қызу қарқын алған.  Бір ғана Талдықорғанға жақын аудандар көгілдір отынмен қамтамасыз етілгенімен, қатты отынға сұраныс артып тұрған көрінеді.

«Облыс бойынша 34 көмір тұйығы мен 4 қойма жұмыс істеуде.  Ол жерлерде 27,8 мың тонна көмір бар. Орта есеппен тәулігіне 24 вагонмен 1 656 тонна көмір жеткізілуде. Алдымыздағы жылыту маусымына жалпы 453,8 мың тонна көмір қажет. Қыркүйек айында 65,4 мың тонна көмірді алып келу жоспарланған. Аудан  және қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 17 200-18 300 теңге, ал теміржол қатынасы жоқ Ақсу және Сарқан аудандарындағы баға 24 000-26 500 теңге»,  дейді  облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Д.Сқақов.

Оның  айтуынша,  жұмыстың жүйелі орындалу барысы – тікелей бақылауда.  Күнделікті  арнайы   бақылау мониторинг жүргізіледі.  Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жұмыстар жүргізуде.  Теміржол қатынасы жоқ алыс Ақсу мен Сарқан аудандары  Талдықорған мен Алакөл ауданы арқылы көмірді тасымалдайды. Ақсу ауданындағы жалғыз тұйық  І.Жансүгіров ауылында орналасқан. Ол жердегі қоймаға жауапты  Сейдахмет Жаңабатыров: «Менің дәл осы жұмыспен айналысқаныма 30 жылдан асып кетті. Халыққа тиімді баға ұсынып, көмірдің сапасына мән береміз. Біз арнайы «КамАЗ» жалдап  сол арқылы жұмыс жасаймыз. Ал, жолдан алып бағасын негізсіз өсіріп жүргендер де жоқ емес екен.  Алайда ауданда әр тоннасын  30 мыңнан сатып жүргендер бар.  Біздегі баға белгіленген. Ол межеден асып та, бұзып та кетпейміз. Дәл қазір қоймада көмір жеткілікті. Қажеттілік болып жатса, қосымша алып келеміз», – дейді.

Көршілес Сарқан ауданында да көмір бағасы облыстағы басқа елді мекендермен салыстырғанда жоғары. Себеп белгілі. Облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілердің бізге берген ақпараты бойынша Сарқан қаласында екі қойма жұмыс істейді. Соның бір қоймасына жауапты   Ерлан Бейсембеков: «Қоймамыздағы көмір қоры жеткілікті. Тұрғындар жақсы алып жатыр. Бір тонна көмірдің бағасы – 26 500 теңге. Араға үш күн салып Талдықорғаннан алып келіп отырамыз. Арнайы «КамАЗ» жалдаймыз. Жағдайға қарай бізде әрекетті шараға көшеміз. Көмір сұранысқа ие, қоймаларға әлі де тасылуда. Бұл – теміржол қатынасы жоқ өңірлердегі жағдай»,  – дейді.

Сонымен қатар  газбен қамтылған  теміржол қатынасы бар Ескелді, Кербұлақ, Қаратал аудандарымен Талдықорған қаласындағы қоймаларға жауапты Талғат Диханбаевтың да  өз айтары бар: «Былтыр дәл осы уақытта ұзын-сонар кезекке тұрған тұрғындар  жапа-тармағай көмір алуға асыққан. Биыл жағдай басқаша. Қоймада көмір өз мөлшерінен артық. Халық қажеттілігіне қарай көмір сатып алуда. Бұрынғыдай талас жоқ. Қоймадағы жағдайға келсек, Талдықорғандағы қоймада  5 мың тонна, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылындағы қоймада – 1,5 мың тонна, Үштөбеде 600 тонна көмір бар. Ертең қара суық келгенде кезек көбейіп, шу шығып кетпес үшін кез келген адам қазірден қимылдағаны абзал. Ал біз өз кезегімізде жоспарды толық орындап, қыстан жақсы шығуға ниеттіміз», –  дейді Талғат Жұмабайұлы.

Жалпы жылыту маусымына облысымыз «Қаражырадан» 216,8 мың тонна, «Шұбаркөлден» 237 мың тонна көмірді алып келуді жоспарлаған болатын.  Теміржол қызметкерлерінің айтуынша, мамырдан бері 120,8 мың тоннасы келген. Бұл – пайыздық көрсеткішпен есептегенде 26 пайыз межелеген өлшемнің жартысына да жетпейді. Демек алдағы уақытта вагондар көбейіп, көмір мөлшері де артпақ. Қыркүйектің өзінде 948 вагон көмір алып келу күнтізбеге енген. Қазір 5,7 мың тонна көмір тиеліп дайын тұр. Қатты отынды пайдаланушыларға барлық жағдай ойластырылған. Тек уақытымен әрекет етіп, тиімді баға ұсынылып тұрғанда сатып алу қажет.  Ал, облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқарамасы басшысының орынбасары   Д.Сқақовтың айтуынша, қысқы жылыту маусымынан қысылмай шығу үшін энергия кәсіпорындарына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут қажет болса, бюджеттік ұйымдар үшін 11,4 млн литр дизель, 16 мың тонна көмір және 4,2 мың тонна пеллет дайындалуы керек. «Алайда энергия кәсіпорындарында бүгінде 81,6 мың тонна көмір, 1,7 мың тонна мазут қоры ғана бар. Кәсіпорындарға көмір толығымен сатылып алынғанымен, жоспардағы 365 мың тонна көмірдің 167,9 мың тоннасы ғана жеткізілген. Мазут отынын жеткізу қазан айында басталады» , – дейді ол.

Облыстық  энергетика, тұрғын үй коммуналдық  шаруашылығы  басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сқақовтың облыс әкімінің орынбасары Серік Қанағатовқа берген есебіне қарасақ   Жетісуда жылыту маусымына даярлық онша көңіл көншітпейді. Қалай дегенмен, Алатауға  қар түсті, қазан айы басталды, жылту жұмыстары неге жайбасарлыққа салынған деген сауал күн тізбеден түспеуі керек-ақ…

                                                                                    Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ