Шахматтан турнир өтті

0
206

Талдықорған халқы орталық алаңда «Шахмат керуенін» қарсы алды. Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба шахмат спортын өңірлерде кеңінен дәріптеуді көздейді.

Керуен идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын әлемге таратқан Ұлы Жібек жолына негізделген.

«Турнирдің мақсаты –  шахматты әуесқой ойыншылар арасында көбірек насихаттау. Оған мектеп оқушылары да, зейнеткерлер де қатыса алады. Мұндағы ең басты ерекшелік, қатысушылар жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, барлығы бір шахмат тақтасында бақ сынаса алады», –  дейді Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченко.

Керуеннің келуі аясында Қазақстан шахмат федерациясының Жетісу облыстық филиалы ашылды. Оның төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли тағайындалды.

Орталық алаңда орнатылған жылжымалы киіз үй ішінде шахматтан турнир өтті. Сондай-ақ мұнда Қазақстан құрамасының намысын қорғап, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ксения Балабаевамен бір мезеттік ойын сеансы өтті.

Облыстық кезеңнің іріктеу турниріне 75 адам қатысып, оның ішінен 20-сы   жартылай финалға өтті. Турнирдің І орын иегері атанған Ғани Түгелбаев шахматпен бала кезінен айналысқан екен. Оған 100 мың теңге сыйақы табыс етілді. ІІ орын жүлдегері Ерназар Исумбаев 50 мың, ІІІ орын алған Виталий Овчинников 30 мың теңге сертификаттарымен марапатталды. Осы үш жеңімпаз да қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.

10 қыркүйектен бастап, бүгінде сегіз қаланы аралап үлгерген керуен 10 қарашаға дейін еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ