Кәсіпорын көбейсе, кәсіпкер де тарықпайды

0
343

Кешегі кеңестік кезеңде Талдықорған облысы болып тұрғанда тәтті түбірді өңдейтін төрт бірдей қант зауыты болған-ды. Облыстың жер еміп, шаруамен айналысқан шаруашылықтар шикі өнімді қайда өткіземіз деп тарықпайтын. «Тәуелсіздік алғалы 33 жыл болды, несіне ескі күннің сарынын айта береді» дейтіндер де табылар. Алайда «ескіні елемей, жаңаны жаңғырту екі талай» дейтін тәмсілді де ұмытпаған жөн.

Шұбар және Мұқыры ауылдарын көркейткен дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің ауылынан шыққан 21 еңбек ері осы қызылша өндіруден рекорд жасаған болатын. Жекешелендіру дәуірі жүріп, мемлекеттік кәсіпорындардың тоқтылы қой, тонауы қалмаған уақытта кәсіпорындар банкротқа ұшырады. Ел-жұрт жерді жекешелеп алғаннан кейін өнімді өткізетін жер таппай сабылды. Бұрынғы Алакөл, Ақсу, Талдықорған, Көксу ауданындағы қант өңдейтін төрт бірдей кәсіпорын жүрек соғысын тоқтатты.
Қызылшаның орнына май бұршақ егіп, жердің құнарын жоғалтып алған шаруалар ес жиып, етек жеңін жапқанша «танауын тасқа соққан балықтай» сансырады. 2014 жылға дейін қызылша өнімі Жетісуда толықтай өңделмей келді. Себеп, өнімді өңдейтін кәсіпорын жұмысы жанданбады. Іс-сапармен облысқа келген экс президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әкім Амандық Ғаббасұлы Баталовты тағайындап, Алматы облысында қант қызылшасының егістік көлемін ұлғайтуды, кант шығаратын кәсіпорынның жұмысын және сүт өнімдерін өңдеуді өңір басшысына нығарлап тұрып тапсырған-ды. «Тоқпағы мықты болса, темір қазық жерге кіреді» демекші, мемлекеттен бөлінген қыруар қаржы Көксу қант зауытын заманауи техникалармен жабдықтап, өңірдің шаруаларына қызылша еккені үшін субсидия беріліп, ынталандыру жұмысы қолға алынды. Шығыстағы Алакөлден бастап, Кербұлақ ауданының қызылша еккен шаруалары жолдың шалғайлығына қарамай, Көксу ауданындағы қызылша өңдейтін кәсіпорында ұзын-сонар кезекте тұрды. Қызылшаның егістік көлемі жылдан-жылға ұлғайды. Әсіресе Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарының диқандары үшін өндірген өнімдерін Көксуға тасымалдау қиынға соқты, әрі жолдың шалғайлығы шаруаларды шаршатты. Тығырықтан шығудың жолы Ақсу ауданындағы талан-таражға түскен, инвесторлар бірінен кейін бірі алып, банкке кепілдікке қойылған қант зауытын іске қосу керек болды. Үкімет қол ұшын созып, инвесторлар тартылып бұл кәсіпорын да бірде істеп, бірде істемей, жұмысы толық жанданбай қалған кездер де болды. Енді міне биылдан бастап Ақсу қант зауыты, Алакөл, Сарқан, Ақсу шаруаларының тәтті түбірін өңдеп, толықтай іске қосылғаны шаруалардың көңілін жайландыруда. Жасыратын несі бар, Қазақстанда шикізат қоры мол, соны өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Кезіндегі ірі кәсіпорындарды талан-таражға салғандар елдің экономикалық болашағын болжамады. Есесіне байып қалуды көздегендер алып өндіріс орындарын бөлшектеп саудалап жіберді. Мұны жоғары билікте бақылауға алмады. Әйтсе, трактор, ауыр машина, қыл аяғы Талдықорғандағы балалардың ойыншығын шығаратын «Арман», аяқ киім шығаратын ірі кәсіпорындар болғанды. «Өткен өтті, кеткен кетті» деп қайта шабылып-шашылып жүріп, бұрынғы төрт қант өңдейтін зауыттың екеуін өліп-талып іске қостық-ау. Жалпы, қылша өңдеудің машақаты көп.Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн. тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн. тонна, қант қызылшасынан – 33 млн. тонна (25,2 %) шығарылады екен. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн. тонна, Үндістан – 19,9 млн. тонна, Қытай – 9,7 млн. тонна, АҚШ – 2,2 млн. тонна. Ал, қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн. тонна, Германия – 4,3 млн. тонна, Франция – 4,2 млн. тонна, Ресей – 2,3 млн. тонна, Польша – 2,0 млн. тонна, Түркия мен Украина – 1,9 млн. тонна өңдесе, Қазақстандағы тәтті түбір өндіруде республиканың ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде елеулі өзгерістер кейінгі жылдары бекем қолға алына бастады. Бұған мемлекеттің қолдауы, әрі шаруалардың кооператив құрып топтасуы, олардың заманауи техникаларды жеңілдетілген бағада несиеге алуы, инновация енгізілуі, бал тамыр өсіретін диқандарды жігерлендіруде. Бұл ел экономикасының ілгерлеуіне, әрі азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық бағыттың бірі де, бірегейі болмақ. Мақала басында кеңестік жүйені бекер еске салмағанымды айта кетелік. Мәселен, Республикада қант қызылшасын өсірген жылдары егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құрапты. Ауыспалы егістікті игерудің арқасында 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылып, өнімділікті артырудың нәтижесінде ең жоғары көрсеткіш 1972 жылы болған екен. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден өнім алынып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілген. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров қазіргі (Көксу) 5,2 мың гектардан) және Талдықорған (Ескелді) (9,2 мың гектардан) тиісінше, 366 және 375 центнер өнім алған. Нұрмолда Алдабергенов колхоз басшысы болып тұрғанда технологияның қант дәуірінде егістік алқапқа қаппен арқалап көң төгіп қызылшадан мол өнім алғанын тарихи фактілер айғақтайды. Бүгінгі қоғамда заманауи технология енгізілсе де, көзі қарақты көне көздер, Нұрмолда Алдабергеновтің қол еңбегімен жасаған рекордттық көрсеткішке жете алғанымыз жоқ деп айтып жүр. Бұл қаншалықты шынайы сөз екенін уақыт еншісіне қалдырайық. Алайда, Алакөл ауданында алып қызылша өндірген шаруашылық жайлы ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Алакөл ауданындағы қожалықтар биыл гектарына 650 центнерден өнім алғанын, тіпті жекелеген шаруалардың бірінде тәтті түбірдің салмағы 9 килоға дейін тартқанын айтуда. Ауданның Көлбай ауылында «Алижан» шаруа қожалығы көктемнің басында 4,5 гектарға қант қызылшасын сепкен. 4,5 гектар жерден 300 тонна өнім алған шаруа қожалығы, өңірде тіркелген ең үлкен көрсеткішке қол жеткізген. Бір түбірдің 9 килоға жуық салмақ тартқанын, еселі еңбектерінің жанғанын айтқан шаруа қожалағының иесі Б. Кемелхановтың көңілі көкке өрлеп тұр. Диқан қауымы үшін ала жаздай, аптап ыстыққа күйіп, баптаған дақылдарының жемісін жегеннен артық бақыт бар ма? Жалпы, Жетісу өңірінде биыл қызылша еккен диқандардың бағы жанып тұр деуге болады. Мәселен, Панфилов ауданында дала аруы жүгерінің құны түсіп кеткенін айтып, шаруалар қобалжып отырса, қызылша өсірушілер керісінше бөріктерін аспанға лақтырып қуануда. Себеп, өндірген өнімдерін кәсіпорынға жеткізуге дейін шығындары өтеледі, әрі қызылшаның бағасы да шаруалардың көңілінен шығуда. Жетісудағы тәтті түбір өңдейтін екі кәсіпорынның бірі Көксу қант зауыты биыл 240 000 тонна, Ақсу ауданындағы кәсіпорын 90 000 мың қызылша қабылдамақ.
Қызылшаны субсидиялау тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылуына бюджеттен 8,4 миллиард теңге бөлінген. Оған қоса, тоннасына 15 мың теңге қант зауыттары төлейтін шаруаларды тәтті түбір өндіруге құлшындыруда.
Бұл қант қызылшасының алқабын екі есеге, 8,5 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді — дейді облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна бал тамыр өткізсе, соның 240 мың тоннасы Көксу ауданының қант зауытына, 90 мың тоннасы Ақсу ауданының қант зауытына тиесілі болмақ. Жыл соңында, Көксу 27 мың тонна, Ақсу 15 мың тонна, бұған қоса қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді деген өңір басшысы, бұл өңделетін қанттың 26 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 3 мың тоннасы Ақсу кәсіпорнына тиесілі екенін, барлығы 71 мың тонна қант өңделетінін айтты. Дала жұмыстарын жандандыру үшін заманауи техникалармен жабдықталуы қажет. Алайда, Алакөл ауданындағы бал түбірдің 9 килограммға дейін жетуіне себепкер болған диқаншы қолында қызылшаға арналған техника жоқ екенін айтуда. Бұл бір ғана диқанның басындағы мәселе емес, Көлбай ауылындағы шаруалардың басты мәселесі. Көрші Сарқан ауданындағы шаруашылықтардың техникаларына тәуелді болып отырмыз дейді. Әрине, «кісідегінің кілті аспанда болары» сөзсіз, алдымен өз шарушылықтарының алқаптарын жинап алмай, көрші ауылға бара қоймайды.
Жалпы, Алакөл ауданында шаруа қожалығы 500 гектарға тәтті түбір еккен. Жоңғар қақпасының аузында отырған бұл аудан шалғай болса да, қант қызылшасын егіп, облыстың экономикасын көтеруге елеулі үлес қосуда. Алакөлден Ақсу ауданына дейін қызылша тасудың өзі машақат, 200 шақырым болады. Алакөлдік шаруалардың басты арманы бұрынғы «Бескөл» темір жолдың бойында арнайы қойма ашса, шикізатты Ақсуға тасымалдамай-ақ қоймаға жинаса әрі қарай зауыт өзі тасымалдап алса деген халықтың сұраныс өтініші бар. Бұл көңілге де қонымды, қазір қант зауыттарына субсидиялар жеткілікті мөлшерде бөлінуде. Егер шаруалардың бұл талап-тілегі орындалса, Алакөлдік диқандар қызылша алқабын ұлғайтуға белсене кіріскен болар еді. Екінші мәселе, жергілікті билік шаруалармен тығыз қарым-қатынас орнатудан қорқақтайды. Себеп, былтыр жүгері бағасы 125 теңге болып еді, облыстың басым шаруашылықтары жүгері егуге құлшынды. Биыл жүгері бағасы түсіп кетіп еді, шаруалар алаң күйде қалды. Бұл жерде жергілікті биліктіңде шаруа қожалықтарымен қарым-қатынасы алшақтағанын көруге болады. Мәселен, келер жылға 100 мың тонна жүгері, 100 мың тонна бидай, арпа керек соған қарай бейімделіңдер деп неге айтпайсыңдар десек, «біз шаруалардың ішкі ісіне араласа алмаймыз, ертең олар шағымданады, біздің шағын кәсібімізге араласты, дау тудырады» — дейді. Онда әр ауылда шаруашылықтың қауымдастық төрағалары бар, солар арқылы шығыңдар деп айтып жатырмыз – дейді Балқаш, Сарқан аудандарын басқарған экс әкім, Жетісу облыстық қоғамдық қызметінің төрағасы Ерғазы Қошанбеков. Қызылша алқабын жылдан жылға ұлғайтып отырмыз десек те, ертеңгі күні жүгері сияқты бағасы күрт түсіп кетпеу үшін үкімет бұл салаға әлі де толық қолдау көрсетуі керек.Себеп, қызылша өнімінен пайда көріп отырған кейбір шаруалардың техникасы жоқ екенін өздері айтып отыр. Биыл Сарқан ауданы бойынша 1300 гекторға қант қызылшасы себілген. Бүгінгі күнге түсім 55 105 тонна жиналып, Ақсу қант зауытына өткізілуде. Орташа өнімділігі 427 ц-ға айналуда Шаруалардың да мән-жайын түсінуге болады. Қай өнімге сұраныс бар соны егіп, мол өнім алғысы келеді. Әрі шаруашылыққа қажетті техникамен құрал-жабдықтарды жаңартуға мүдделі. Шаруалар өндірген өнімді өңдеп отырған Көксу қант зауыты биыл америкалық элиталық сұрыпталған тұқымымен келісім-шартқа отырған шаруашылықтарды қамтамасыз еткен. Одан мол өнім алып отырғандарын алакөлдік диқандар айтып отыр. Тәтті түбірді егуге Қазақстанда мол мүмкіндіктер бар. Оған Жамбыл, Алматы, Жетісу облысының табиғи-климаттық жағдайлары үйлесіп тұр. Мәселен, Алматы облысының Шеңгелді, Қапшағай, Жамбыл облысының Жуалы, Қордай, Мерке, Байзақ, Жетісу облысының Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласының шаруалары осы дақылды егумен айналысады. Суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімді жерлерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болады. Қант шығарудың негізгі көзіне айналған шикізат сұранысқа ие. Алайда, бұған дейін қазақстандық тұқым алып соны егіп, қызылша өсіріп келген шаруалар қазір кәсіпорынның өзімен тікелей келісім шартқа отырып, Америкалық тұқымды пайдалануда. Панфилов ауданы «Үшкеншыған ауылындағы кәсіпкер «Қамқорлық» ЖШС-нің төрағасы Әлен Жолдасов: – Қазір отандық өнім жолда қалды, мен бұрындары қызылшаның «Айшопан», Украина мен бірлесіп «Ялтуковская» тұқымын 7-8 гектарға егетінмін. Америкалық тұқым келгелі отандық өнімнің тұқымын үш гектарға ғана егіп отырмын. Биыл Жамбыл облысы 500 гектарға алды. Біздің тұқымның бағасының бір килосы бес мың теңге, ал америкалық тұқымның бағасы 50 мыңнан кем емес дейді. Сондай-ақ, жүгерінің отандық тұқымы мен айналысып отырған кәсіпкер мұнда да, Америкалық, Чехлословакия, Румыния тұқымы алмастырып жатқанын айтуда. Егер отандық тұқымға сұраныс болса, оны егістік алқабын ұлғайтуға бізде зор мүмкіндік бар дейді. 2020 жылы Алматы облысы 380 центнерден өнім алса, 2021жылы қант қызылшасының егістігі 21 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. Бір ғажабы, Қазақстанда егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бола тұра, неге жүгері және қызылша тұқымын шетелден қыруар қаржы шығарып сатып алуға құмармыз. Неге отандық өнімнің тұқымын одан әрі жандандырмай басып тастадық деген сауал туындайды. Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме болғандықтан өнім сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізіп жатқанын бұдан бұрын ғылыми-зерттеу институты мәлімдеген-ді.
Біздің міндетіміз қант қызылшасының элиталық тұқымымен будандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту. Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады – дегенді.
Дүние алма кезектеніп, жүгерінің де, қызылшаның да тұқымы шетелден тасымалданып жатқаны әрине, ғылыми зерттеу институтына да оңай соқпасы белгілі. Қант бар, жүгері бар егістік алқап жылдан-жылға ұлғаюда. Ал өнімді өңдейтін кәсіпорындар саны қашан артады. Ескелдідегі, Бескөлдегі қант зауыттары қайта ашылады ма? Жаркенттегі бір ғана жүгері зауыты шаруаларды толық қамти алмауда. Көктал ауылындағы байырғы зауыт қалыпқа келе ме? Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе?! «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» өнімді өңдейтін кәсіпорын көбейсе, кәсіпкерлер де тарықпайды. Бұл — облыстың және республиканың бюджетін арттырып, экономиканың қарқын алуына, әрі отандық өнімді экспорттауға зор мүмкіндік тудырады. Қазір базардағы, әрі сауда үйлеріндегі қант бағасы – бір қап 9000 теңге болса, килосы 395 теңге. Шикізат та, өңдеуші кәіпорын да өзімізде болғанымен қант бағасы түспей тұр.

                                                                                                                                                                          Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ