КӘСІБИ БІЛІКТІЛІК АРТҚАН КҮН немесе БАҚ өкілдеріне басымдық берілді

0
278

Ару Алматы төрінде өткен «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» тақырыбындағы ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы сіз бен біз ойлағаннан да өзгеше өтті.

Үш күндік семинар еліміздің әр аймағынан келген журналистердің білім-білігін арттырып қана қоймай, олардың араласып қана емес бір-бірін етене жақын тануына, журналистикадағы әріптестік байланысты нығайтуға да зор мүмкіндік туғызған айтулы шараның бірі болды.
«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Accociation –WFPA), серіктесі Шеврон компаниясы ұйымдастырған форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сонымен бірге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысты.

Шараның алғашқы күні әр аймақтан келген журналистер әсем Алматының көрікті жерлеріне табан тіреді. Атап айтқанда, Алматының тәжі іспетті Медеу мұз айдынынан да шырқау биікте тұрған Шымбұлаққа аспалы жол арқылы сапарлап, таудың саф ауасымен тыныстап, Медеу мұз айдынында коньки тепті. Алматы шаһарының туристік орындарын көзбен көрген журналистер арасында мұнда алғаш рет табан тіргендері де бар болып шықты. Балаша қуанған олар осындай тегін, әрі естен кетпес жерлерді көрсеткен Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының қазақ журналистері үшін жасап жатқан еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтып, жылы ілтипаттарын төкті. Табиғат аясында бас қосқан журналистерге шараның алғашқы күні ерекше сезім сыйлап қана қоймай, шабыттандыра түсті. Сананы ғана емес, денсаулықты да шынықтырған шараның алғашқы күні әркімнің бір жүрегіне ерекше жылу сыйлады. «Жақсыны көрмекке, айтпаққа» деген де осы болар бәлкім…Күнделікті бірізді өмірден жалыққанда сананы жаңа, тың идеялармен толықтырудың да орны бөлек қой, білгенге. Соның ішінде билік пен халықтың ортасында алтын көпір болған журналистер қауымы үшін осындай айтулы шараларға қатысу білім көкжиегін одан әрі кеңейте түсері хақ.САНАНЫ сілкінткен III Түркітілдес журналистер медиа форумының екінші күні де ерекше әсермен есте қалды. Айтулы шарада аймақтан келген журналистерге пайдалы барлық тақырып сөз етілді. Медиа форум аясындағы екінші күн «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбын арқау еткен семинар-тренингпен жалғасты. Ең әуелі осы шараның өтуіне ұйытқы болған қор президенті Нәзия Жоямергенқызы сөз алып, тұщымды ойымен бөлісті. «ЖУРНАЛИСТ – робот емес, журналист – адам, әке, ана. Сондықтан біз жұмыс істей жүріп өзіміздің денсаулығымызға психологиялық тұрғыда зиян келмейтін, әрі біздің жұмыс істейтін оқырман, көрермен, тыңдарманмен қалай қарым-қатынас жасау керегін де ескеруіміз керек. Кеше ғана хостелде қаза тапқан адамның туысынан сұхбат алып тұрған бір әріптес «Енді осыны орысша айтыңызшы» деп қарап тұр. Кейіпкерден сұхбат алу үшін де кейіпкердің психологиясын жан-жақты түсініп алмай микрофонды алып жүгіре беру де кәсіби тұрғыда жетілмеудің себебі», – дейді Нәзия Жоямергенқызы. – Неше түрлі жағдай болады, ондайда біздің басты нәрсеміз, өзіміздің адам екенімізді ұмытпауымыз керек. Осы орайда біз семинар-тренингке белгілі психолог Жания БЕЙСЕНОВАНЫ арнайы шақырттық. Бұл шарада білікті маман «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбында келелі ой қаузайтын болады.
Сонымен бірге әлем бойынша трендке айналған «Жасанды интелектті журналистикада пайдалану» жайында елімізге танымал журналист, IT саласының маманы Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ арнайы тренинг сабағын өткізетін болады. Бұйырса алдағы жылдарда әрбір қалаға шығып, осы тақырыпта семинар өткізіп, жасанды интеллектіні журналистикада қолдануды үйрететін боламыз. Басты мәселе – жаңа трендтерден, заманауи үдерістерден қалыс қалмауымыз керек.

Мұнан кейін сөз тізгінін психолог Жания Бейсенова алды. «Бүгінгі таңда сіздердің кәсіби жұмыстарыңызды жүргізуде адам, маман ретінде де түрлі психологиялық қысымға ұшырай отырып, құлдырауды бастан өткеріп жатқандарыңызды кейде өздеріңіз де білмей, сезбей де қаласыздар. Жалпы күнделікті өмірде біздің әрқайсымыздың, бірінші кезекте, психикалық денсаулығымыз дұрыс болуы тиіс. Психикалық денсаулық дегеніміз – кез келген адамның бірінші кезектегі өзінің ойы, сезімі және жасайтын әрекеттері. Осы үшеуі қалыпты болғанда ғана біздің психологиялық жағдайымыз да, психикалық денсаулығымыз да қалыпты болары айдан анық. Көп жағдайда біз, күнделікті өмірде, бірінші кезекте, физиологиялық денсаулыққа мән беріп жатамыз. Бірақ, осы физиологиялық денсаулықтың психикамен байланысты екенін естен шығарып алып жатамыз. Бұл енді, күнделікті күйбең тірліктің нәтижесінде мән берілмей қалады.Семинар-теренингте «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбы турасында сөз ететін боламын. Бұл тақырыпты қаузай отырып, мен сіздердің алдарыңызда Америка ашқалы тұрғаным жоқ. Мұның бәрі өздеріңізге мәлім. Әрқайсымыз өзіміздің эмоциямызды басқаруға дағдыланамыз және соны өзіміздің ойымызға сіңіруге тырысамыз. Бұл сіздердің мамандықтарыңызда, сіздердің журналист ретіндегі әрекет етудегі жұмыстарыңыздың барысында өздеріңіздің эмоцияларыңызды өздеріңіз басқара алмай жатсаңыздар, бұл бірінші кезекте денсаулықтарыңызға нұқсан келеді… «Өмірдің өзі ойын» демекші, осының бәрін тренинг барысында сіздермен ойындар ойнау арқылы көрсететін боламыз», – деді медиатренер.

Арнайы тақырыптарды негізге алған психолог маман топпен тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Ал бір-бірімен қызу пікір алмасқан семинар қатысушылары үшін психолог айтқан әр сөз ұйықтап жатқан сананы жаңартуға тың серпін берді. Ары қарай маман эмоцияны басқару жайында кеңінен сөз қозғады.Ғалымдар не дейді: Әр адам өз эмоциясын тани білуі тиіс. Бұдан кейін бұл эмоцияның қандай мәселе шешетінін анықтау керек. Оның себебін айқындау және сол эмоцияны басқаруда қандай техника, қандай тәсіл өзіне көмектесетінін білу қажет.Өз ойын ғалымдардың айтқанымен ұштастыра отырып эмоцияны басқара алудың жолдарымен бөліскен Жания ханым оның түрлі себебін де тәптіштеп түсіндіріп өтті. Білікті маманның тренингі қазіргідей күйзелісі көп қоғамда кез келген мамандықтың, әсіресе қалам тербеген журналистер үшін өзекті тақырып болды.

Екінші күнгі семинар-тренингтің келесі тақырыбы аясында «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» мәселесі сөз етілді. Бұл тақырып қоғамда өзекті болғандықтан қатысушылардың қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Осы саланың майын ішкен медиатренер Мейіржан Әуелханұлының сөзінше, жасанды интелектінің медиа нарыққа, сөздік қорымызға енгеніне бір жылдың ғана жүзі болыпты.«Жасанды интеллект дегеніміз – адамдар секілді ойлай алатын, әрекет етуге солай бағдарламаланған, яғни, адамзаттың осы күнге дейінгі қандай білімі бар, медицина, философия, әдебиет пен шығармашылықтың кез келген саласында адамзат осы күнге дейін қандай бір интеллектуалды білімді жинады соны мына компьютерге (машинаға) үйреткеннен кейін адамдардың сұрағына үйретілген білім бойынша жауап бере бастайды. Қарапайым тілмен айтқанда, жасанды интеллект деген осы» —  деді медиатренер.

Өз сөзінде жасанды интеллекттің шығу тарихына қатысты да мәлімет бере отырып, қатысушылармен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, көпті толғандырған сауалдарға жауап берді. Мұнан өзге әлеуметтік желілерге жариялайтын сурет пен бейне өңдеу жайлы түсіндіріп, оны қалай қолдану туралы да кеңінен түсіндірді. Журналистер бейне материалдар арқылы берілген психологиялық тапсырмаларды талдап, топтық және жеке жұмыстар жасады. Қысқа қайырғанда, бұл тренингтен де молынан мағлұмат алып, алдағы уақытта кәдемізге жарататындай сабақ алдық деуге әбден болады.

Осындай тағылымы мол, кәсіби біліктілікті арттырған семинар-тренингтің екінші күнгі бағдарлама барысы жылдағы дәстүр бойынша, осымен алтыншы мәрте өткелі отырған «Еркін сөз – 2023» және екінші жыл қатарынан «Шеврон» компаниясымен серіктестікте ұйымдастырылып келетін «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздарын марапаттаумен ұласты. Айта кетейік, «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауға биыл 70-тен астам материал келіп түскен. Бұл деген, жыл өткен сайын байқауға қатысуға ниет білдірушілер қатары артып келетінін көрсетеді.Биыл да еліміздің әр өңірінен атсалысқан журналистер әділдікті ту еткен байқаудың әділдігіне тағы да көз жетікізе отырып, әділ сыйақыларға қол жеткізді. Жеңімпаздар 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай және заттай сыйлақтармен марапатталды. Мерекелік шара елге танымал әншілердің қатысуымен өткен думанды кешпен жалғасты.
Шыны сол, осындай кең ауқымды шараны әдемі етіп ұйымдастыру әркімнің бір қолынан келе бермейтін іс-ақ. Бұл тұрғыда, әріптестер айтқандай-ақ, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия ханымның еңбегі өлшеусіз…

 

Үш күнге  созылған ауқымды шараның үшінші күні тіптен қыза түсті. Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямеркенқызы айтқандай, форум тақырыбы «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» деп аталды. Өз сөзінде Нәзия ханым оның себебін де айтып өтті. «2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақпараттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», – деді ол.

Ал медиа форумның ресми ашылуы әлемге танымал суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» көрмесімен бастау алды.

Келелі  жиында Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері», Бельгияның Брюссель қаласынан келген www.brukselturk.be сайтының иесі Юсуф Джинал «Түркі журналистерінің еуропалық БАҚ-тағы ортақ жобалары», Қырғызстанның Бішкек қаласынан келген Лтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова «Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясы» атты тақырыптарда ойларын ортаға салса, Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи» – «Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы, «Түркістан» телеарнасының директоры Жанахмет Ағыбаев, елімізге танымал журналистер Ербол Сейілхан, Айбар Олжаев, Думан Бықай кәсіби этика, жасанды интеллект, монетезация жайында айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум спикерлері мен қатысушылары Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестермен бірге медиа саласындағы түйткілдер, оларды шешудің жолдарын қарастырып, ортақ жобалар жасауды да ұмыт қалдырған жоқ.

Белгиялық журналист Юсуф Джинал айтпақшы, журналистика шекараға бағынбайды. Түркі елдерінің медиасын дамыту үшін онлайн журналистиканың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Осындай ой атқан ол өз ұсыныстарымен бөлісті. «Біз журналистер ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Ал бұл қызметті атқаруда журналистерге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар» дей келе: «Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етемін. Біз өзіміздің мүмкіндігімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі Түркі мемлекеттері үшін түрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте ол үшін өзіміздің қарым қабілетіміз бен білім біліктілігімізді біріктіруіміз керек. Мәселен, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни, маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай алады. Алдағы уақытта Түркі тілдес журналистері қорымен бірлесіп Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға алу оймызда бар. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», – деді Юсуф Джинал.
Еліміздің  әр өңірінен жиналған журналистерге басымдық берген медиа форум жоғары деңгейде өтті. Аймақтан келген әр журналист үшін берері мол, кәсіби біліктілікті арттырған шара болды. Ал мұндай Түркі елдері мен Қазақстан өңірлерінің қазақ журналистерін жаппай біріктірген форумға қолдау болған Түркітілдес журналистер қоры мен «Шеврон» компаниясы. Айта кетейік, алдағы 2024 жылы Түркітілдес журналистер қорының 10 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту көзделуде.

Журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға атсалысып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды атқарып жүрген Нәзия Жоямерген ханымға мың алғыс! Мұндай кездесулер журналистерге қанат бітіреді!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ