Көптің алғысына бөленген әкім

0
293

Жетісу облысында сегіз аудан, екі қала бар. Осы сегіз ауданның ішінде Көксу ауданын бір жылға жуық басқарған Марлен Қапашұлы Көлбаев көптің алғысына бөленіп үлгерді.

Бұған дейін де талай шенді ауданға әкім болған-ды. Сол әкімдер түк істемеді деуден аулақпыз, әкім болғандар қал-қадірінше қызмет атқарды. Жас әкім қызметке кірісе сала ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жүйелі жұмыстарын интернет желісінде жариялап тұрды. Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы да аудан жұртшылығымен жүздескенде, аудан әкімінің атқарған жұмыстарына көңілі толатынын сан мәрте айтып жүрді. Іскер әкімді ілгерілетіп, облыс әкімінің идеология саласына орынбасар қызметіне тағайынды. Марлен Қапашұлы Көксудың көсегесін көгертті. Соңғы бір жылда аудан экономикасынан бастап, әлеуметтік салада тоты құстай түрленіп сала берді. Мәселен, ауданда 10 ауылдық округ, 34 елді мекен бар. Соңғы жылдары аудан көлеміндегі 25 мектептің шалғай ауылдарында (робототехникамен) қамтылып, «Ади» сыныптар ашылған. Сондай-ақ, аудан орталығындағы ауруханаға құны 450 миллион теңге тұратын компьютерлік томография құрылғы алынған. Бұл соңғы үлгідегі медициналық құрал жабдықтар. Былтыр бес ауылға медициналық құрал жабдықтар алынса, биыл 10 ауылдың медпунктеріне заманауи үлгідегі көмек көрсетілген.
Адам денсаулығынан артық байлық бар ма? Қазақ «бірінші байлық денсаулық» дегенді тектен-текке айтпаған болар. Аудан әкімдігі де осы принципті берік ұстанғаны, атқарған істерінен көрініп тұр. Бірінші халықтың денсаулығын басты мәселе көріп, түйткілі көп осы салаға баса назар аударғаны көптің көңілінен шығып тұр. Мәселен Ақтекше, Мұқаншы, Мәулімбай және Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында жаңа блок-модульді медициналық нысандардың есігі айқара ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Ескі-құсқыны жамай-жамай естері шыққан жергілікті емханалар, санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін ғимаратта орналасқан болатын. Енді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған ауыл емханаларының 2 мыңнан астам тұрғыны стационарлық жағдайда, медициналық пункттерде алғашқы жәрдемнен бастап барлық қажетті тиісті медициналық көмек алатын болады. Тозығы жеткен ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жөндеп, жаңартуға айрықша көп көңіл бөлінуде. Айталық, аурухананың есебінде тұрған науқастар бұрын тексерістен өту үшін аудан орталығына сабылатын болса, енді бұл қызметті блок-модульді медициналық пунттері атқара алады. Бұл бір жағынан науқастарға да жеңіл болмақ. Жаңа құрал жабдықтардың әр қайсысының құны 50 миллион теңге тұрады. Оларға бір ауысымда 15-20 пациент келе алады. Әрқайсысының жалпы ауданы – 108 шаршы метр. Штат санына сәйкес оларда тұрақты негізде 7 медицина қызметкері жұмыс істеуде. Бекітілген жоспарға сәйкес және қажеттілікке қарай арнайы мамандар да медициналық қызмет көрсетеді. Бұл ретте Мұқаншыда – 346 адам, Қазақстанның 10 жылдығында – 377, Ақтекшеде – 994, Мәулімбай ауылында 223 тұрғын бар. Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жаннұр Сырымовтың айтуынша, 2025 жылға қарай аудандағы медициналық нысандардың бәрі осындай қарқынмен жаңартылады дейді. Көксудағы тағы бір ауыз толтырып айтатын жаңалық, Балпық би ауылында 200 келушіге арналған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ашылды. Бұл айтулы мекеме бұған дейін жалға алынған, бейімделген ғимаратта халыққа қызмет көрсетіп келген-ді. «Бір терезе» қағидасын үнемі сақтауға мүмкіндік бермей келсе, енді ХҚО ашу арқылы бұл мәселе толығымен шешілді. «Екіқабатты жаңа орталықтың ауданы – шамамен 1 200 шаршы метр, бұл алдыңғысынан үш есе үлкен. Бірінші қабатта ХҚКО орналасқан, ал екінші қабатта АХАТ, әлеуметтік қамсыздандыру және жер кадастры саласында қызмет көрсетіледі, 50 орындық мәжіліс залы бар. Сонымен қатар жаңа ХҚКО-ғы бірнеше секторға бөлінген. Бұдан бөлек, Мәулімбай және Жарлыөзек ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдалануға берілген. Ауыл спортын дамыту мақсатында қолға алынған бұл жоба, не бәрі төрт айдың ішінде жүзеге асқан. Мәселен, Жарлыөзек ауылында бұған дейін ойын алаңы болмаған. Жобаның құны 18,5 млн. теңгеге жуық. Нысан соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, Мәулімбай ауылындағы Жеңіс орта мектебінің жаңарған стадионы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Енді спортпен шұғылданған ауыл балалары арасынан футбол жұлдыздары шықпасына кім кепілдік бере алады. Ауыл тұрғындарының дені сау болуы үшін осындай нысандардың бой көтергені тиімді әрине. Үйіне газ келіп тұрса, халық бұрынғыдай от жағып, күл шығарып әуреге түспесе, балалары спортпен шұғылданып, шымыр болып өссе, бұл мемлекет үшін зор жетістік емес пе! Ауданды көгілдір отынмен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл сегіз елді мекенге көгілдір отын берілсе, келер жылы 12 ауыл газ жүйесіне көшірілмек. Ал, аудан орталығының тұрғындары газбен 50% қамтылған.Аудан бойынша 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатса, 8 ауылға газ қосылған. Ауданда газға қосылуға жататын қалған 18 ауылда тиісті жұмыстар атқарылуда. 2025 жылға дейін ауданның 26 елді мекені толық газдандырылады. Ауданда шағын кәсіпті қолдау да кең етек алып келеді. Істің көзін тапқандар нарық заңына бейімделіп, жеке кәсіптерін ашуда. Жиһаз жасайтын кәсіпкер Айболат Махай Балпық би ауылында жиһаз өндіретін жеке цех ашып, Көксу ауданын айтулы өнімдерімен қамтамасыз етуде. Ағаш шеберінің бұл өнері әкесінен дарыған. Ағаш оюды, жонуды бала күнінен жанына серік еткен Айболат жиһаз өндіретін шағын цех ашуды жүзеге асырған. «Даму» қоры арқылы несие алып, әкесінің бастаған бизнесін кеңейтуге ниеттенген кәсіпкер өз қаражатына құны 18 млн теңгеге жуықтайтын заманауи станоктар сатып алып, жұмысын жандандырған. Кәсіпорын жұмыс істеген 10 жылдан астам уақыт ішінде жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасында тұрақты тұтынушыларды қалыптастырған. Бүгінде ауданда 3 950 кәсіпкер бар. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтану, жеңіл өнеркәсіп, туризм салаларында еңбек етеді. Көксу ауданында шағын субъектілерді қолдау жағынан көрсеткішті 2,4 есеге ұлғайтқан. Жыл басынан бері ауданда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 370 миллион теңгеге 21 жоба қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарынан 393 миллион теңгеге 57 өтінім түсіп, оның 305,5 миллион теңгелік 49 жобасы мақұлданып, тек 16 өтінімі қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы бойынша Көксу қант зауыты биыл барлығы 53 мың тонна қант өндіруді жоспарлауда. Бұл ретте Көксу қант зауыты шаруашылықтармен тиімді жұмыс атқаруда. Көктемгі егіс жұмыстары мен қант қызылшасы тұқымын алуға шаруашылықтарды 1,5 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Шаруалардың басты мәселесі су жүйесі бойынша «Қазсушар» мекемесі тарапынан 2023-2024 жылдары Көксу ауданының суару жүйелерін реконструкциялау жобасы іске асырылуда. Ауданда ет, жүн өндірісі ұлғайып, 340 басқа арналған екі тауарлы-сүт фермасы, 100 басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылған. Бұл қолдағы малды түрлі вирустық кеселдерден сақтандыру бағытында ветеринарлық қызметті жақсартуға 351 миллион теңге бөлінген. Алайда, биыл аудан көлемінде ірі, ұсақ малдан жұқпалы аурулар табылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұған дейін жалпы республика көлемінде жер тапшылығына қатысты мәселе туындаған. Мұндай жағдай Көксу ауданын да айналып өткен жоқ. Осы мәселеге қатысты былтыр ауданда пайдаланылмай жатқан 71,6 мың гектар жер анықталып, 34,6 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, 2,3 мың гектар қайта айналымға енгізілсе, қалған 34,7 мың гектар жер иелеріне заң бұзушылықты жою үшін 1 жылдық мерзімге ескерту берілген-ді. Биыл барлығы 27 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері қайтарылған. Жетісу өңірі аграрлық сала болғандықтан, өнім өндірудің басты көзі ауыл шаруашылығы. Сондықтан, аудан қорында 126,7 мың гектар бос жатқан жерлерді, әрі жеке ауладағы малды жаюға 20 мың гектар жайылымдық жер қажеттігін ескерген аудан әкімдігі Мұсабек, Мұқаншы және Мұқыры ауылдарында туындаған жайылымдық жерлермен халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекіткен. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездескенде осы жұмысты түбегейлі шешуді тапсырған-ды. Халықты сапалы ауыз сумен қамтуда Көксу ауданында 34 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылды. Көксуға әкім болып тағайындалған бір жылдың ішінде көлемді істерді жүзеге асырған экс әкім Марлен Көлбаев енді облыс идеологиясына сүбелі үлес қосады деп үміттенеміз!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ