Әбен Дәуренбектің жыр дәурені үзіліп қалмаса екен…
Жақында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтың бастамасымен, Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Жетісуда «Жыр жауһары» тақырыбында еркін форматтағы жаңа әдеби жоба жарыққа шықты.
Жобаның мақсаты өңірімізде туып-өскен, бүгінде ортамызда жүрген, сондай-ақ өмірден өтіп кеткен ақындардың шығармашылығын насихаттау арқылы көзі тірі қаламгерлердің басын қосып, ынтымағын арттыру, сонымен қатар аудандарда тұратын енді ғана өлең өлкесіне қадам басқан жас ақындарды елге таныстыру.
Өткен жолы ғана Салтанат сарайында әдеби жобаның салтанатты ашылу рәсімі болды. Әр аптада бір рет өтетін поэзиялық сағаттың екінші саны қазақтың аяулы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әбен Дәуренбектің 85 жылдығына орай өткізілді.
Поэзия сағатына қонақ ретінде Әбен ақынның қаламдас інілері Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, Қазақстанның Құрметті журналисті, белгілі ақын Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Жұматай Әміреев, журналист Ришад Тұрғанбай және Алматыдан арнайы келген жазушылар Қанат Тілеухан мен Қанат Әбілхайырлар қатысып, өз пікірлері мен естеліктерін ортаға салды. Сонымен қатар Әбен Дәуренбектің қыздары Светлана, Гүлзада, ұлы Айдын Дәуренбековтер және ақынның өзге де туыстары осы шараның төрінен табылды.
Шайырдың шығармашылығын насихаттаған әдеби кеште ақын жайлы әдемі естеліктер айтылып, ақынның жырлары оқылды. Мұнымен қатар, ақын сөзіне жазылған «Тойың тойға ұлассын», «Шопан атаға хат» сияқты елге кеңінен тараған әндер орындалып, ақын рухын асқақтатты.
Кеште Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін: «Әбекең қазақ әдебиетінің үлкен өкілі болып табылады, ең қымбаттысы көзінің тірісінде классик ақын ретінде бағаланды.Өзінің лирикалық мөлдір жырлары мыңдаған жүрекке үміт сыйлады» деген тұшымды ойымен бөліссе, ақынның қызы Светлана Әбенқызы: «Әкем жайлы айтатын болсам, өте қарапайым, бәрімізге қамқоршы болған адам. Кезінде Талдықорғанда қазақ мектептері болмаған шақта алғашқылардың бірі болып, қазақ мектептерін ашуға белсене ат салысқан. Мектеп ашылған соң да әр бір үйден қазақ сыныбына балалар жазылсын деген ниетпен көшелерді аралап, ықпал еткені әлі есімде», – деп тебіренді.
Студент кезімде көзін көріп, батасын алған Әбен Дәуренбектің екінші дәурені басталып келетіні көңілімді қуантты. Алайда өзінің тағдыры да қиындықпен өткен аяулы ақынның дүниеден өткеніне бірнеше жыл өтсе де оның шығармашылығы мен еңбектерін әлі дұрыс насихаттай алмай жатқанымыз өзекті өртейді. Тіпті өмірін зерттеу барысында Әбендей әдебиеттің ірі өкілінің есімін тарихи тұлғалардың тізімінен көре алмағанымыз қынжылтады….
Әбен Дәуренбектің есімі ел жадында сақталуы үшін ақын тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, туған елі Жаркент жерінен бастап, облыстық «Әбен оқулары» жыл сайын ұйымдастырылып тұрса деген ұсыныс ойымды осындай игілікті шаралардың өтуіне қолдау көрсетіп келетін ел ағаларына құлақдар еткім келеді.
Жангелді НЕМЕРЕБАЙ,
ҚР «Мәдениет саласының үздігі»,
Қазақстан Жазушылар одағының
Жетісу облысындағы өкілі, ақын