БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҚҰРСАҚТАН БАСТАУ АЛАДЫ

0
429

Бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесі басты тақырыпқа шықты. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, отбасындағы құндылықтардың дәрежесі төмендеді. «Баланы жастан, қатынды бастан»  дейтін халық тәмсілі тасада қалды. Ата-ана балаға «тәйт» деудің орнына бар тәрбиені мектепке ысырып қоятын болды. Білім жүйесі мен ата-ана арасындағы байланыс аттас зарядтар сияқты бір-бірімен тебісіп тұр.

Балаларын батыстық үлгіде тәрбиелеуді қалайтындар көбейді. Оның сыртында отбасындағы зорлық-зомбылық бала психологиясына кері әсерін тигізуде. Әкенің, ананың мейіріміне шөлдеген тірі жетімдер саны күн сайын артып келеді. Неге? «Әкелі бала сом жүрек, әкесіз бала су жүрек» деген аталы сөз әдірем қалды. Ажырасқан отбасындағы аналардың көбі бүгінде психологқа жүгініп жүр. Тек қана ата-ана ғана емес, мектептегі мұғалім атаулының бәрі психологқа тәуелді болып қалған. Балаға ұлттық құндылықтар бойынша тәлім-тәрбие бере алмайды. Себебі ата-аналардың өздері тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрден мақұрым. Олардың пайымы бойынша бала заман ағымына қарай  тәлім алуы тиіс. Бұл да жөн, бірақ заманның тәлім-тәрбиесі қай бағытта қарқын алып барады? Неден қорқу керек, қай жағынан  тәлім алуы керек, оған мән беріп жатқан ата-ана  некен саяқ. Бақылаусыз қалған бала білгенін жасап жүр. Оны жасөспірімдер арасындағы күн сайын қаулап өсіп бара жатқан қылмыстардан көруге болады. Қолдарынан ұялы телефондары түспейтін балалар интернеттегі жабайы, анайы көріністерді бойына сіңіріп, дағдыланып кетті. Кішінің үлкенге деген құрметі көмескіленді. Үлкенді беттен алу, ата-ананы сыйламау, бағып-қағып өсірген әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жіберу, үйден қуып шығу, дүние-мүлкіне таласу осының бәрі баласына ұлттық тәлім-тәрбие бере алмаған ата-аналардың басты қателігі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейтін аталы сөз бүгінгі қоғамға айна қатесіз қайталанып жүр. Мұның түп төркіні кешегі кеңестік жүйеде жатыр. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші,  әке-шешесін «мама», «папа» деп өскен ұрпақ бүгінде алпыс-жетпіс жасты алқымдап қалды. Олардың балалары да ата-ана атанды, бала сүйді, олардың әке-шешелері немере сүйді. Сол ұрпақ әлі күнге дейін әке-шешесін «мама», «папа» десе, олардың немерелері «мамуля», «папуля» деп шүлдірлеп жүр. Тым құрыса соларға қазақи тәрбие бере алмадық. Тәуелсіздік алған отыз үш жылдың ішінде қазақ  қоғамы жаһанданудың жұтқыншағында жұтылып кетті. Батыстың батпағына баттық, әлеуметтік желінің арбауына түстік, ұлттық идеологиямызды  қалыптастыра алмадық. Не болса соған еліктедік. Білім жүйесі де бірізге түспеді. Не мектептен, не отбасынан тәлім-тәрбие көрмеген бала тасбүйрек болмағанда қайтеді. Бар айыпты балаға таға алмайсың. Бала үшін әкесі жауапты, қызы үшін анасы жауапты. Ал әкесі, анасы үшін баласы мен қызы жауапты емес. Шыбықты солқылдаған көк кезінде түзей алмасаң, ол тамыр жайып, буыны қатайып қисық өссе, түзетем деп ақ-тер, көк-тер болмай-ақ қойыңыз. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң бала кетеді» деген мәтел мәйегінде осы тәлім-тәрбие жатыр.

Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне қатысты үлкен мемлекеттік бағдарлама керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлт болып қалыптасуға, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керектігін осы бір аталы өсиетінен аңғаруға болады. Жеті атаңнан үзілмей келетін  байырғы салт-дәстүрді, ырым-жоралғыны бүгінгі заманның ағымына қарай ұштастыра отырып, білім саласында, отбасында, балабақшада неге кәдеге жаратпасқа?

«Баланы бесіктен емес, құрсақта жатқанда тәрбиелеген жөн»,  – дейді көп балалы ана Бағиза Сабай. – Тұқым құрсаққа  бітіп,  баланың  жолдасы қалыптасқанша    ананың бойында    аллергиялық өзгеріс пайда болады. Қазіргі тілмен айтқанда, осы сәтте құрсақ көтерген әйелдің жүрек айнуы, құсуы пайда болады. Ол түрлі тамақтарға жерік болады. Сол кезде екі ай ішінде сәбидің кіндік жолдасы қалыптаспай тұрып, жерік болған әйелге қоянның, құстың, түйенің етін жегізбеген. Егер қоянның етін жесе, «бала ерні қоян жырық» болып туады, түйенің етін жесе, құрсақ көтеру мерзімі «он екі айға созылады», құстың етін жесе, «құс таңдай» болып қалады деп ырымдаған. Ал, мұның астарында үлкен мән жатыр. Өйткені оның менталитеті, гендік құрылымы балаға сіңіп кетеді деп тыйым салған. Тек қазақы тағамдармен қазы-қарта, қой еті, оның құйрық майы, сүт өнімдерімен қоректенген. Жүкті әйелге бет алды тағамдарды жегізе бермеген. Оны үйдің үлкені немесе  енесі, не әжесі қадағалап отырған. Қазіргі аналар мұның біріне мән беріп жатқан жоқ, оның пайдасынан зияны басым екенін, құрсақтағы балаға кері әсері барын пайымдап жатқан жоқ. Бұл – баланың ұлттық болмысының қалыптасуына, мінез-құлқына, гендік тамыр-тегіне кері әсері барын елеп-екшеп жатқан адам бар ма? Іште жатқан баланың кіндігі қалыптасқан кезде жеген тағамдағы улы заттардан кіндік қорғайды. Кіндік қорғайды  деп бет алды тағамдарды жей бермеу керек» – деген ол  бұл  медицинадан хабары жоқ, көшпенді елдің тағылым-тәрбиесі екенін де тілге тиек етті. Айтуынша, бала құрсақта жатқанда әйелдің дұрыс тамақтануы, жиі-жиі таза ауа жұтуы, қимыл әрекет жасауын қадағалап отырған.

Қазіргі әйелдер құрсақ көтергеннен бастап іштегі баланы емес, қара бастарын ойлап, кіндіктерін ашып, төсек тартып жатып алуы, ұйқыбас болуы өмірге келіп жатқан сәбилердің түрлі кеселмен тууына дәнекер болуда. Көп қимылдамаған  соң іштегі нәресте сарғайып туады. Әрі әлсіз болады, аяғы ауыр кезінде күн энергиясын көп жұтпаған аналардың бұл басты қателігі. Бала өмірге келгеннен кейін қазіргі кейбір жас аналар емізерде омырауын жуып,  сауып тастайды. Ол дұрыс емес. Ананың омырауынан алғаш сары уыз емес, қара сұйық зат шығады. Бұл аяғы ауыр  кезінде қалыптасады. Мұны  қазақ «қара уыз» деп атаған. Қара уыз   баланың жүрегінде пайда болып туылған тесікті жамайды. Әлгі уызға жарып ембеген баланың жүрегіндегі тесік бітелмейді және әл-қуаты азаяды. Мұны медицина тілінде «порог сердце» дейді. Баланың айырылмас бөлігі осы қара уыз және сары уыз деген көнекөз әжеміздің өмір мектебі. Баланы құрсақта жатқаннан еңбекке баулуы көшпенді елдің қазақи тәрбиесінің бір ұшы бүгінгі медицинамен ұштасып жатыр. Шақалақ  туылған соң кіндігі түскеннен кейін бесікке бөлеу керек. Бұл бала гигиенасына пайдалы. Нәресте  бесікте жатқанда шошынбайды  әрі оның шүйдесі сопаймай, жалпаймай домалақ бас болып өсуі үшін басына жаулық салып, алқымнан төмен қарай тартып байлайды. Қазіргі балалардың көбінің шүйдесі неге сопақ, маңдайы тайқы десеңіз, бұл  бесікке жатпағандықтан. Ал бесікке жатқан балалардың басы домалақ, шекесі торсықтай болып өседі. Мұны қазақ «шекесі торсықтай ұл туыпты, болайын деп тұрған бала екен» дескен. Бала төрт-бес айға дейін бесікте шалқасынан жатады. Туа салғанда құндақтап емізсе, бесікке бөлеген соң да қолын босатпай емізген. Қазақтың бұл жөнінде де өзіндік пайымы бар. Мәселен, қолы бос бала анасының омырауын ұстап емсе, өзімшіл қызғаншақ болып өседі деп пайымдаған. Ал, анасының омырауын ұстамай емген бала көпшіл, қолы ашық, адамгершілікті болып өседі деп болжаған. Әрі емізгенде анасы  бесіктің екі жағына кезек-кезек шығып емізген. Бұл баланың еңбегі қатқанша, басы сопиып бітпес үшін жасалған әрекет. Қазіргілер бесікке бөлемейді, сәбидің қолын бос тастайды, бала өз қолынан өзі шошынады.  Бала «жалпақ құлақ және қалқан құлақ» туылады. Қалқан құлақ болып туылған баланы қазақ «құйма құлақ» болады десе, «жалпақ құлақты» ақпақұлақ болып өседі деп топшылаған. Қазіргі аналар осы құлақпен де алысып жүр. «Ойбай құлағы қалқайып кетті, жалпайып кетті» деп түрлі тәсілдер қолданады. Әсілі қазақ баланы қой майымен етбетінен алдына алып жатқызып, саусақтарымен таралап, жиі-жиі уқалап, құлақтың үстіңгі жағындағы шеміршектерін тартып, қалқайып өсуіне дәнекер болған. Медицина тілімен айтқанда оны «массаж» дейді. Сәби шағында бала көп жылайды. Жылаудың бес түрі бар. Қарны ашып жылайды. Іші кеуіп ас қорытпай жылайды, бесікке дұрыс бөлемегендіктен бала ыстықтап жылайды. Бала ана құрсағында бүктеліп жатқандықтан, бесікке бөлегеннен кейін қол аяғы жазылғанда «шынтақ», «қылта» сіңірлері тартылып сыздайды, бала  осыған жылайды. Буындары сыздамас үшін құйрық май және сары майдың тортасын айырып майлап, сылап отырған. «Қарды қылау өсіреді, баланы сылау өсіреді» деген тәмсілі баланы көп сылап-сыйпау, қимыл әрекет жасау, жауырыны жабысса ажыратып, баланың тез жетілуіне және ақаусыз өсуіне аса мән берген. Әрі «долы жылау» деген бар. Бала бұғалыққа көнбей бұлқынып жылай береді. Міне,  қазақ осы долы бала, алғыр, зерек болып өседі деп пайымдаған.

«Ат болатын құлынды желісінен танисың» деп ақын, әнші, сазгер Кенен Әзірбаев айтқандай,  қазақ  болатын баланы бесікте жатқаннан танып, белін буған. Бұрынғылар бесіктегі балаға малдың жүнінен, таза мақтадан сырып, ауа өтетін киім кигізген, бұл баланы ыстықтатпай салқын ұстап, әрі аяқ қолының түзу қалыптасуына мүмкіндік жасаған. Қазіргілер бесіктен қашып, балағ синтетикалық киімдермен, бұтына «памперс» кигізіп, бос тастай салады. Ол мың жерден алсаң да таза болмайды, сындырған дәреті сол «памперсіне»  сіңеді. Одан бала жиіркенеді, денесі шошынады. Бұл бесікке жатпаған баланың болашағына зиян екенін қарпайым халықтың көбі пайымдай бермейді.  «Памперсте» химиялық заттар бар.  Бұл бала  қуығына ауа жібермейді, қалыпты температурасынан жоғары ыстық сақтайды. Болашақта баланың белсіз болуына, қыз баланың туа бітті бедеу болуына тікелей әсер етеді. Алла Тағаланың адамзат баласының жаратылысына қайран қаласың. Ер баланың қуық астындағы екі ені сыртына біткен. Мұның негізгі себебі ер бала болашақ әке болатындықтан бойындағы аталық без, адамның қалыпты температурасынан төмен болуы тиіс. Бұл  медицина ілімінде дәлелденген. Мәселен, жаратылыста адам денесінде ыстығы көтерілгенде қуықтың ен терісі босап салбырайды. Ал, адам суықтап тоңғанда  қуықтың екі қалта терісі жыйырып алады. Мұндай кезде суық өткізбейді, салбыраған сәтте ыстық өткізбейді. Міне, баланы бағып-қағудағы қазақи тәрбие мен батыстың «памперсінің»  арасындағы қарама-қайшылықты пайымдай беріңіз. Қазақтың  жөн-жоралғысына, салт-дәстүріне қарап құрсақтағы баладан ат жалын тартып мінгенше бала тәрбиесіне зор мән бергенін көруге болады. Бесікке шалқасынан жатып қалыптасып өскен бала болашақта жаужүрек батыр және «опалы» адам болып өссе, бүктеліп, құрысып  жатқан балаға қарап бабаларымыз көрегендік танытқанын біз тарихтан білеміз. Мәселен, шалқасынан жатқан балаға «мынау батыр, басшы болады десе, бүктеліп жатқан балаға «мынау қорқақ, әлсіз, әлжуаз» деп жорамал жасаған. Бұл баланың бесіктегі тәрбиесі.

Ал енді еңбектегеннен бастап қаз-қаз басқан қадамындағы тәрбиесіне мән беріп көрелік. Бала бесікте жатқанда бесік жырын айтып, дауыс шығарып, баланың құлағын елеңдетіп, тілі шыққанша құлағына ұлттық ән-жырды құйып отырған. Бұл әлі бала деп қарамаған, керісінше, онымен  үнемі тілдесіп отырған. Еңбектеп, тілі шыққаннан бастап балаға «ата», «апа» деп айтуды үйреткен. Бұл арқылы әрбір әулеттің ең жоғары тұлғасы атасы мен әжесі екенін ұғындырған. Мысалы,  Мемлекеттің басшысы Президент болса, әулеттегі ең қадірлі адам атасы мен әжесі екенін бала құлағына құяды. Тұңғышы дүниеге келгенде ата-әжесінің бауырына салып берген. Мұның түп-төркінінде әкесінің әкесіне қомқор болуды дәріптеген.  Осы ғұрыптың арқасында қазақ даласында қарттар үйі, қараусыз қария болмаған. Осы тәлім-тәрбиенің  арқасында қараусыз қария тұрмақ «жетімін қаңғытпаған», «жесірін жылатпаған». Қазіргі жастар балаға үйдің құты – қария мен әже екенін ұғындырмайды. Бауырына бала салып бермек түгілі ата-әжесіне қарсы тәрбиелейді. Баяғы салт-дәстүрді ескінің сарқыншағы санайды. Ата-әжесін сыйлап, еркелеп өспеген ұрпақ мейірімсіз, қатыгез болып өсуде. Ол кейін өскенде өз әке-шешесіне де  тасбауырлық танытады. Себеп, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірмеген ұрпақ қалыптасауда. Қазіргі ата-аналар  баланы балабақшаға сүйрейді, тәрбиесін мектепке итереді. Өздері жұмысбасты  болғандықтан  баламен қарым-қатынас азайған. Анда-санда ойын-сауық орындарына апарады әрі  баланың қалағанын  алып береді. Оның болашағына келтіретін пайдасы мен зиянын елеп-екшемейді. Тіпті, балабақшадан ала салып дүкендерге апарып, баланың көзінше қарызға жаздырып тәтті алып береді. Осыны көріп өскен бала ертең ер жеткенде қарызға белшеден батып жүрмесіне кім кепіл? Балаға кез келген қалаған затын алып беру мақтаншақтыққа, құмарпаздыққа, дүниенің қадірін білмейтін ысырапшылдыққа әрі ата-анаға айтқанын орындататын өзімшілдік, менмендік, өркеуде мінез қалыптастырады. Баланың айтқанын орындай бермеу баланың ұқыпты, бардың қадірін біліп, жоққа төзетін шыдамдылыққа тәрбиелейді. Жастардың өз-өзіне қол салуының негізгі себебі осында жатыр. Байырғы  бабаларымыз  баланы көп өбектеп сүймеген, орынсыз еркелетпеген. Баланың айтқан өтініштерін орындай бермеген. Іштей жақсы көрген, сырттай жақсы  көретінін сездіртпеген. Тіпті бала бауырын көтеріпеңбектегеннен бастап алдында ойыншық тастап, жұмсап, тілалғыштыққа тәрбиелеген. Еңбекке баулудың түпнұсқасы осында жатыр. Әкесі баланы жазаласа, анасы арашаға түспеген. Қандай бала жазаланған, тілазар бала жазаланған. Тіпті баланың қылығы дұрыс болса да ешкім араға түспеген. Қызды да, ұлды да ырым-тыйымдармен тәрбиелеп отырған. Мәселен, жастанып жататын «жастықты», «бас киімді» баспай жоғары ілу, кеуде киімді іліп қою, «босағаны кермеу», табалдырықты, күлді баспа,  «суға, қара жолға дәрет сындырма, айға қарап қол шошайтпа, малды теппе, құстың ұясын бұзба, құрт-құмырсқа жәндікті өлтірме, көк шөпті жұлма, көк шыбықты сындырма, тізені тартпа» тағы басқа тыйым салған ырымдар тұнып тұрған тәлім-тәрбие еді. Бұл ырым-тыйымдарды ақындар да  жырларына арқау етіп отырған.  Задахан Мыңбай:

Ұясына жолама торғайға обал,

Сенде шеше жоқ па деп зарлайды олар.

Көк шыбықты сындырма, көк шөп жұлма,

Қыршыныңан қиыл деп қарғайды олар.

 

Гүл шешегін жұлғанның қолы іседі,

Малды тепкен бағымен тебіседі.

Қара жолды бүлдірме, ел жүреді,

Қара суға түкірме ел ішеді.

 

Қаршадайдан күрсінбе, жақ таян ба,

Еліктеме мұң дейтін бәтшағарға.

Жақ таяну, күрсіну жаман ырым,

Күрсінеді қайғы дерт батса адамға.

 

Аттандама қарадай аласартпа,

Тұмағыңды қолыңа ала шаппа.

Бейбіт күнде аттандау жаман ырым,

Жаугершілік шақырар болашаққа.

 

Есік керме балақай не білесің,

Дейді үлкендер тілесең керілесің.

Кіргенменен шыққанның жолын бөгеп,

Көрінгенге сүйкімсіз көрінесің.

 

Болсын десең денім сау шын егерде,

Кем-кетікке, мүскінге күле көрме.

Деген сөз бар, күлгендер күле жетер,

Тәңірде оны санайды тілегенге.

 

Ғаріп, кәсір, кәріні сүркей көрме,

Сөйлегенде қолыңды сілтей көрме.

Бала күнде үлкенді сыйламасаң,

Басың сыйсыз болады үлкейгенде.

 

Құс, көбелек қуғанды кәсіп етпе,

Жәндікті де жазықсыз басып өтпе.

Құрт-құмырсқа бәрі де жан иесі,

Сұрағы бар бәрінің ақыретте.

 

Қарғыс деген атқан оқ нақ табады,

Батасын ал кәрінің бақ қонады.

Қолда барды жасырып жоқ деме әсте,

Жоқ дей берсең шынымен жоқ болады.

Қазіргі жастар мұның бірінде білмейді. Мүмкін ауылды жерде, үлкен кісісі бар үйлерде бұл ырымдар қолданыста бар  шығар.  Сонау бесіктен басталған бала тәрбиесі балаға ес кіріп, буыны қата бастағанда еңбекке икемдеу, істеген ісін қадағалап бағыт-бағдар беріп отырған. Бүгінгі заман ағымына қарай қазақтың салт-дәстүріндегі жөн-жоралғыны не мемлекет, не ата-ана жүзеге асырып жатқан жоқ. Бұл қазақтың ұлттық идеологиясының ақсауынан опық жеп, батыстың үрдісіне жем болдық. Бір ғана мысал білім ошақтарының жанынан жылыжай немесе бау-бақша өсіріп, балаларды  қысы-жазы еңбекке баулып, еңбекақысын төлесе, бала маңдай терімен тапқан ашқаның қадірін білер еді әрі өз күшімен өмір сүруге бейімделеді. Бұл қалалы жерге таптырмайтын тәрбие көзі. Мәселен, көпқабатты үйлерде өскен ұрпақ ақсаусақ болып өсуде. Балалар тұрмақ ата-анасы күрек ұстамайды. Күрек, айыр, тырма, кетпен деген құралды қала баласы білмейді. Мен өзім  мектепте сабақ бергендіктен бұған куәмін.

Ұлы Абай  сегізінші қара сөзінде: «Қазақ, Құдайдан ұрпақ тілейді. Ұрпақты не үшін тіледің? Ұрпақты үш мақсатпен тіледің бе? Бірінші өлгенде орныма ие болсын деп ұрпақ тіледің бе? Сен өлгенде орныма ие болсын дейтіндей бір елдің патшасы, атақты әулие биі емессің. Сенің орыңды ұрпағыңа бермей-ақ қойсын. Екінші балам мал-мүлкіме ие болсын деп тіледің бе? Өліп бара жатқанда саған мал-мүліктің не керегі бар? Балаң мал табарлық бола ма, мал шашарлық бола ма, оны бір құдай біледі. Үшінші орныма құран оқысын деп тіледің бе? Сен тірі күніңде біреуге құран оқымасаң. Сен өлгенде біреу келіп құран оқиды ма? Жалғыз балаңның оқыған құраны сені тозақ отынан құтқара ала ма? Қазаққа ұрпақ берсе, сен оны ұрлыққа, қулыққа, сұмдыққа, жатып ішер жалқаулыққа тәрбиелейсің» деді.

Абай дана айтқандай, баланы ілімге-білімге, адамгершілікке жетілдіргеннің орнына,  кімнен кемсің деп  атаққұмар надандыққа тәрбиелеп жүрген жоқпыз ба?  Өз көрген қорлығың аз болғандай, артыңа тағы бір қорлық көріп жатқан итті қалдырып бара жатқан жоқпыз ба? Абайдың тілімен айтқанда,  ілім-білім қуып, еңбекпен өскен бауыр етің балаңның халыққа, көпке пайдасы тиеді. Ал өзімшіл надан әкесінің дұшпаны. Себебі тегіне, әкесіне сөз келтіреді.

Ал қадірлі қазақ,  сіз қандай баланы тәрбиелеп отырсыз? Бір әулеттің ғана баласы емес, мемлекеттің тұтқасын ұстайтын, отбасының үлгісі бола алатын бала тәрбиелеп отырсыз ба?

 

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ