СІЗДЕН ҮЙРЕНЕРІМ КӨП…

0
280

Қыз бала әкесіне жақын деп бекер айтпаған ғой. Мен де әкемнің қызымын. Бала кезімде анам сырқаттанып, жиі ауруханаға жатып қалатын. Ол кезде біз Күрті деген ауданның орталығы болған Ақши ауылында тұрдық. Үйде әкем екеуміз ғана. Бірге егін егеміз, бірге тамақ пісіреміз, бірге анама ауруханаға тамақ алып барамыз. Өрік піскен кезде әкем екеуміз бұрқыратып тосап пісіргеніміз де есімде. Маған ең ұнайтыны – әкеммен бірге оның жұмысына бару болатын. Әкемнің мамандығы журналист.

Ол кезде аудандық «Шұғыла» газетінде жұмыс істеді. Редакцияға кіріп барғандағы иіс әлі есімнен кетпейді, жаңа басылған газет пен темекінің араласқан иісі. Сол жақтағы бөлмеде әкемнің әріптестері темекіні бұрқыратып тартып, шақылдатып дойбы ойнап отыратын. Барлығы мені қызындай көрді. Олар жұмыс істеп отырған кезде алдыма қойған қағаздарын шимайлап, кабинеттен кабинетке кіріп-шығып жүретінмін. Әкемнің туған жездесі, марқұм менің «Бабай» атам фототілші болатын. Атамның шын есімі Бақтығали, елдің бәрі Бақыт деп атап кеткен еді. Ал мен кішкентай кезімнен Бабай ата деп кеткенмін. Бақыт ата десем кәдімгідей ренжіп қалатын. Міне, сол Бабай атамның кофры ақша мен тәтті тамаққа толы болатын. Атам маған еркіндікті беріп қойған, сөмкедегі ана ақшаға қарамаймын, алатыным шұжық. Нан мен шұжыққа тойып алып, атам екеуміз қараңғы бөлмеде сурет шығаратынбыз. Құдды бір сиқыр сияқты әппақ қағаздан суреттің пайда болғанын көрген сайын таңғалатынмын.
Сол редакцияда жүріп, осы күнде елімізде танымал талай ақын-жазушыларды көрдім, оқыған өлеңдерін, әңгімелерін тыңдадым. Балалық шағымды еске алсам, бірден редакцияда өткен сол кездер есіме түседі.
Кейін әкем Алматы облыстық «Жетісу» газетінің аудандағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. Жан-жақтағы ауылдарға барып ақпарат алып, үйге келіп күндіз-түні мақала жазатын. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, темір әріптері бір-біріне жабысып қалатын тергіш көк машинкасы болатын. Өзінше сол кездің компьютері ғой. Сол көк машинкамен қолмен жазған мақаласын теретін. Оның дауысы дауыс-ақ еді, шіркін. Құлағымыз үйреніп қалған ғой, жанында жатып алып, былқ етпей ұйықтай беретінмін. Үйде ешкім жоқ кезде жаңағы көк машинканың алдына отырып алып, әкем сияқты тарсылдататынмын. Басылып дайын болған мақаласын әкем әдемілеп конвертке салып, таңертең таксимен Алматыдағы редакцияға салып жіберетін. Қазір рахат қой, алыс ауылда отырып-ақ қалағаныңды діттеген жеріңе жібере аласың.
Сәті түсіп бір күні әкем мені Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы редакцияға алып барды. Есейіп қалған кезім. Редакцияда бұрын талай газетті басып шығарған баспа құралдары тұр екен. Әкем маған сол құралдарды көрсетіп: «Міне, қызым. Бұрын газет осыдан басылып шығатын. Мұнымен жұмыс істеу өте қиын болатын», – деп айтқаны әлі есімде. Орайы келгенде айта кетейін, менің анамның мамандығы полиграфист. Дәл осындай құрылғымен қорғасыннан жаңа құйылған әріптерді теріп, газеттің дизайнын жасайтын. Әкем – журналист болса, анам – полиграфист. Екеуі Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаштағы аудандық газетте танысқан ғой.
Әкем меншікті тілші болып жүргенде анам оның қолмен жазған мақаласын үйдегі көк машинкамен теріп қоятын. Кейде асыққанда әкем диктовкада (дауыстап оқитын), ал анам наборда (оқығанды теруші) отыратын. Міне, осылайша журналистика мамандығы менің санама сіңе берді. Сондықтан мектеп бітірерде менде қай мамандықты таңдаймын деген сұрақ болған жоқ. Құжаттарымды журналистика факультетіне тапсыруға әл-Фараби атындағы университетке әкем екеуміз бірге бардық. Барлық қағазды толтырып, құжаттарды өткізіп болған соң: «Жүрші, мен саған факультетіңді көрсетейін. Ертең оқуға келгенде іздеп жүрме», – деп корпустың екінші қабатына алып барды. Өзі де осы оқу орнында, осы факультетте оқыған ғой. Мүмкін сондықтан болар, бара жатқанда әкемнің толқып тұрғанын сезіндім. «Сен бақыттысың. Оқитын жеріңе сені әкең алып келді. Ал менің әкем малшы болды. Ол кісі бұл оқудың қайда екенін де білген жоқ», – деді маған қарап.
Додабай атам малшы болса да өте сауатты болатын. Ол кісі тоқсан жасқа келіп өмірден өтті. Жанына бара қалсақ география, тарихқа қатысты сұрақтарды жаудыратын. Тоқсанға келгенше терезенің жарығымен газет оқып отыратын. Бізді, немерелерді еркелететін әрине. Бірақ өзі көп сөйлемейтін. Әкемді құшақтап, еркелеткені есімде жоқ. Әйтсе де әкем жұмыс істейтін облыстық «Жетісу» мен республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне үзбей жазылатын. Газетке жазылу маусымы басталғанда зейнетақысын алып өзі поштаға баратын еді. «Жетісудың» жаңа санын қолына алып бірінші беттен соңғы бетіне дейін ақтарып шығатын. Қазір түсіндім, сондағы іздегені баласының мақаласы екен ғой… Мақаланы оқып болған соң Нүсіпбай Додабайұлы деген бетті ашып қойып, біраз көзін жұмып жататын. Онысы сонда үнсіз мақтанып жатады екен ғой…
Кейін мен де газетке жұмысқа орналасқанда анам газеттен бірден менің мақаламды іздейтін. «Жетісу» газетінде әкеммен бірге он жылдай жұмыс істедім. Алғашқы үш жыл беттеуші дизайнер, сосын тілші болдым. Жұмыс барысында әріптес ретінде нағыз журналистің қандай болу керек екенін де әкемнен үйрендім десем артық айтпаспын.
Бірде мен дизайнерліктен тілшілікке ауысар алдында әкем жазғы кезекті демалысқа шықпақшы болды. Алматыға жұмыстарымен кетуге дайындалып жүрген. Тура демалысқа шығардан бір күн бұрын әкем облыстық әкімдікке алып барып: «Ертең мен Алматыға кетіп қалғанда сені әкім қатысатын жиналысқа жіберіп қалса қайда өтетінін білмей іздеп қалма. Бірден осы жерге келесің», – деп мұндағы үлкен жиналыстар өтетін жерлерді көрсеткен болатын. Білгендей көрсетіпті. Әкем Алматыға кете сала мені «жаза ала ма екен» деп сынайын деді ме, бірден облыс әкімі қатысатын жиналысқа жіберді. Жиналыс тура кеше әкем алып барып көрсеткен екінші қабаттағы үлкен мәжіліс залында өтті. «Жазып болдың ба? Жазғаныңды оқыттың ба?», – деп мақаланы тапсырғанша әкем Алматыдан хабарласып отырды…
Иә, мен бақыттымын. Өйткені Алла тағала маңдайыма осындай жақсы адамның қызы болуды бұйырыпты. Бала кезімде қорғайтын, қолдайтын бір туған бауырларым жоқ деп налушы едім. Қазір түсіндім, маған жаратқан бір туған он бауырдың орнын басатын асқар таудай әке беріпті. Бұл өмірде менің ең бірінші сенерім, арқасүйерім, үлгі тұтарым, ұстазым, жол көрсетушім – менің әкем. Жасым қырыққа жетіп қалса да: «Қайдасың? Бәрі дұрыс па?», – деп әкем анамнан бұрын іздеп тұрады. Ата ретінде балаларыма деген мейірімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Немерелері де атасы мен апасын қатты жақсы көреді.
Әке, сізді төл мерекеңіз – журналистер күнімен құттықтаймын! Мақалаларыңыз, өлеңдеріңіз жазылып, абыройыңыз арта берсін. Ал біз сіздің мейіріміңізге бөленіп жүре берейік. Сізден үйренгенімізден үйренеріміз көп. Алла тағала анам екеуіңізге ұзақ әрі бақытты ғұмыр берсін деп тілеймін.

Айнұр НҮСІПБАЙҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ