ШЕГІРТКЕДЕН ҚОРЫҚҚАН ЕГІН ЕКПЕС

0
100

«Шегірткелер егін жер, екпей, сеппей тегін жер» деп дана халқымыз тура айтқан екен. Жыл сайын жаздың аптап ыстық айлары басталғанда егін еккен шаруалардан маза кетеді. Судың мәселесі бөлек әңгіме, мұндағы жағадан алып тұрғаны бармақтай ғана шегірткенің қалың әскер сияқты қаптап кеткені. Әлеуметтік желілерден Түркістан, Қарағанды, Абай, Қостанай сияқты бірнеше облыста шегірткелер жайпап кеткен алқаптардың жағдайын көріп отырмыз. Өкініштісі, осы шегірткелердің қаптап кеткенін тиісті мамандардан емес, алдымен әлеуметтік желілерден көріп, хабардар боламыз. Халық шулап, байбаламға салған кезде барып жауаптылар жапатармағай жұмысқа кіріседі.

Шегіртке азық таңдамайды, алдынан егін алқабы шықса да, мал жайылып жүрген жайылым болса да жайпап кете береді. Жебір жәндіктерден осындай зардап шеккен ауыл тұрғындары: «Жайылымда шөп қалмады. Малымыз аш қалатын болды-ау! Енді қайтеміз?», – деп дабыл қағуда.
Шегірткенің жайылымдағы шөпті жайпап кеткенінің салдары мұнымен біте қоймайды екен. Ақпараттық сайттардың бірі жазғанындай, шегіртке жеп кеткен шөп 3-4 жылға дейін өспей қалады екен. Міне, сол кезде малдың жайы не болмақ? Сондықтан зиянды шегірткелердің санын азайту – мемлекет назарындағы басты мәселе болып отыр.
«Үкімет қажетті ұйымдар құрып, материалдық-техникалық қолдау көрсетуде, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да демеу беруде», – дейді мамандар. Деректерге сүйенсек, шегірткемен күресуге Үкімет резервінен 2022 жылы 2,5 млрд. теңге, 2023 жылы 3,8 млрд. теңге, ал биыл 8,1 млрд. теңге бөлінген. Байқап отырғанымыздай, бұл мақсатқа бөлінген қаражат көлемі жылдан жылға артуда. Себебі зиянкестер де жылдан жылға көбейіп барады. Оған өзіміз де куә болып отырмыз.
Еліміздің әр аумағындағы жұрт шегіртке деп шулап жатқанда біздің облыстағы жағдай қалай? Зиянкестермен күрес қалай жүріп жатыр? Бұл сұрақтарға ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Саят Сарқытбайұлы Сақмолдин жауап берді.
Маманның айтуынша, зиянкестердің жаппай көбейіп, таралуына себеп аз емес. Бірінші себеп бәрімізге белгілі – шегіртке «көшпенді» зиянкес. «Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес аудан, облыс, тіпті шегаралас ел болып бірлесе жүргізу керек», – дейді Саят Сарқытбайұлы. Екінші себеп тағы да экологияға келіп тіреледі. Ғаламдық жылыну, күн белсенділігінің артуы, су қорының азайып, жайылымдардың құрғауы, осының бәрі шегірткенің көбеюіне әсер етеді екен.

Рас, табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Тепе-теңдік бұзылмау керек. Алайда, адамзат экология мәселесінде мұндай тепе-теңдікті баяғыда бұзып алды емес пе? Ендігі біздің қолымыздан келетіні – тек салдарымен күресу.
Шегірткенің таралуына үшінші себеп – әр 10-12 жыл сайын шегіртке тұқымдастары көбейіп, шарықтау шегіне жеткен соң өзі қайта азаятын көрінеді. Бұл құбылысты ғалымдар зерттеп, оны да күн белсенділігімен байланыстырып отыр.
Азиялық шегіртке мен итальяндық прус зиянкестердің ішіндегі ауыл шаруашылығына ең қауіптісі. Осындай қауіпті үйірлі шегірткелермен күрес шаралары республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал саяқ шегірткелерге қарсы күрес шараларын жергілікті бюджет қаржыландырады. Биыл Жетісу облысында шегіртке тектес аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен 109,416 мың гектар жерде жүргізіледі. Оның ішінде республикалық бюджеттен итальяндық прусқа 58,978 гектар, азиялық шегірткеге 13,930 мың гектар жерде жүргізу жоспарланған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 36,508 мың гектар жерде үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары атқарылады. Осы жұмыстарға 14 жерүсті, 4 әуеден бүріккіш техника жұмылдырылған. Инспекциямыздың ұсынуымен, облыс әкімінің өкімімен шегіртке тектес зиянкестерге және басқа да аса қауіпті зиянды ағзалар мен карантиндік нысандарға қарсы күрес іс-шараларын ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб, облыстық жұмысшы комиссиясы және жергілікті жерлерде аудандық, қалалық арнайы жұмысшы топтары құрылды. Зиянкестермен күресті ұйымдастыру шаралары жоспарланып, әр елді мекендегі мекеменің тиісті жұмыстарын үйлестіру қарастырылған. Зиянкестер байқалған жағдайда қайда, кімге хабарлау керектігі айқындалған, – дей келе Саят Сақмолдин облыс әкімінің өкімімен осы жылдың 22 мамырында зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарының жүргізілу барысын бақылайтын штабтың да құрылғанын тілге тиек етті.
Облыстағы өсімдіктерді қорғау, өсімдік ауруларын тауып, олардың экономикалық зиян тигізу шегін (ЭЗТШ) анықтау, химиялық өңдеуді болжамдау «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» РММ-нің Жетісу облысы бойынша филиалына жүктеліпті. Аталған мекеменің аудандық бөлімшелеріндегі мамандардың күшімен жыл сайын 2 миллион гектардан астам ауыл шаруашылық жерлерінде анықтау-зерттеу шаралары жүргізіледі екен. Инспекция басшысы облыстық филиал мен аудандардағы мекемелердің автокөліктермен және барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенін және ондағы мамандардың жеткілікті екенін баса айтты.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясы берген деректерге сенсек, бүгінде облыс көлемінде жоспарланған 109,416 мың гектар жердің 78,438 мың гектары өңделген (яғни 72%). Оның ішінде итальяндық прус шегірткесіне қарсы 41,426 мың гектар жерге, азиялық шегірткеге қарсы 5,040 мың гектар жерге, ал саяқ шегірткеге қарсы – 31,972 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекцияның аудандардағы инспекторлары қожалық етуші барлық субьектілердің заң талаптарын мүлтіксіз сақтауын қадағалайды. Инспекторларымыз шаруа қожалығы иелеріне химиялық препараттарды дұрыс қолдану тәртібін түсіндіру, кеңес беру сияқты жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп тұрады. Қысқы агрооқулар кезінде өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі Заң талаптарының орындалуы туралы мәліметтер беріліп, осы аталмыш тақырыптарды қамтыған мақалалар облыстық, аудандық мерзімді басылымдарда тұрақты түрде жарияланып келеді, – деген Саят Сарқытбайұлы республика, облыс тарапынан қомақты қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүргізілгеннің арқасында былтыр облыс көлемінде ауыл шаруашылық жерлері өсімдік зиянкестерінен аман қалғанын ерекше атап өтіп, биыл да жүйелі жұмыстардың нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Қазақта «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген сөз бар. Бір жағынан шегіртке жайпап жатса, адам да әйтеуір амалдап азығын табады. Қазір шегіртке жейді екен деп егін екпей отыратын күн емес. Үкімет барынша қолдау көрсетіп жатқанда зиянкестермен күрес тоқтамайды.
Бұл орайда тұрғындардың да белсенділік танытқаны жөн. Шегіртке тектес зиянкестердің ошақтарын көріп қалса кез келген азамат жұмысшы топтарына немесе ауылдық әкімдіктерге дереу хабар беру керек. Осылайша, әр азамат зиянкестермен күреске өз үлестерін қоса алады. «Тұрғындар пестицидтерді (улы химикаттарды) қолданып жатқан жерлерге бармаулары керек. Өңделген жерлерге 21 күнге дейін мал жаюға болмайды, омарташылар бал араларының омарталарын өңдеу алаңдарынан 3-4 шақырым аулақ ұстағандары жөн. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар сақтық ережелерін қатаң сақтаулары қажет», – деген Саят Сарқытбайұлы сөз соңында тұрғындарды қырағылыққа шақырды.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ