ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДҮЛДҮЛДЕРІМІЗ ҚАТЫСАДЫ

0
578

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдағы айдың 8-13 күндері аралығында Астана қаласында өтеді.

Орталық Азия халықтарының ұлттық ойындарына негізделген жарыс осымен бесінші рет өтеді. Қырғызстаннан бастау алған ойынның алғашқы үшеуі сол елдің Чолпон-ата қаласында 2014, 2016, 2018 жылдары ұйымдастырылған. Төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласын дүбірлеткен. Қырғызстанда өткен ең алғашқы ойынға 10 спорт түрінен 583 спортшы қатысса, Түркиядағы ойынға 13 спорт түрінен 3000-ға жуық спортшы бақ сынаған. 5-ші Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығы Қазақстанға берілуімен оған қатысатын елдің тізімі де кеңейген. Нақтырақ айтсақ, бұл жолы шараға 100-ге жуық елден 2500-ге жуық спортшы қатыспақшы. 21 спорт түрінен өтетін дүбірлі ойынды тамашалауға 100 мыңнан астам жергілікті және шетелдік туристер келеді деп күтілуде.
Көшпенділер ойындарына негізінен көшпелілер өркениетінің мұрагері болып табылатын елдер қатысады. Алайда, бұл жолы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда.
97 медаль сарапқа салынатын ойынға біздің облыстан да спортшылар қатыспақшы. Атап айтсақ, қазақ күресінен 55 кг салмақ дәрежесі бойынша Төлепов Бекжан мен түрік күресі ашыртмалы аба гюрешинен 60 кг салмақ дәрежесі бойынша Нигматуллаев Марат жарысқа білек сыбана дайындалып отыр. Сонымен қатар, ат спортынан аламан бәйгеге Жұмыртұяқ есімді жүйрігімен шабандозымыз Амангелді Хамза (Ескелді ауданы) мен Виза тұлпарымын шабандозымыз Бақытқанұлы Алихан (Кербұлақ ауданы) қатысады. Облысымыздың ғана емес, еліміздің атынан қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ