ЕРБОЛ СЫПАТАЕВ АТЫНДАҒЫ КӨШЕДЕ

0
155

Азаттық жолында құрбан болған жастардың атын мәңгілік есте қалдыру шаралары елімізде кеңінен жүргізілуде және жүргізіле беретіні де анық. «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің жас журналистері Желтоқсан құрбандары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың есімімен аталатын көшелерді аралап, кімнің атындағы көшеде тұрып жатқандарын біле ме екен? — деген сұрақтарға сауалнама жүргізген еді. Бірі білсе, бірі білмейтін тұрғындарға өкпе жоқ әрине.

Алайда, бір әттеген-айы, бүгінгі аға буын мен жастардың тәуелсіздік үшін жанын қиған, ұлт тағдыры мен қанды желтоқсанда азапталған қазақ қыздарына араша түскен қаһарман Ербол Сыпатаевтың кім екенін білмегеніне қарнымыз ашты десек те болады. Сауалнама жасап тұрып, «Ербол Сыпатаевтың кім екенін білесіз бе?» деген сұраққа жауап бере алмаған, «Білмедім» деп қысқа қайырған еліміздің жас-кәрісі үшін жүрегім қан жылады. Қаншама уақыт тұрып жатқан көшесі

Е. Сыпатаевтың атымен аталса да, оның кім екенін білмеу сол көшеде тұрып жатқан қазаққа ұят емес пе?
Білмеген болсаң, қазағым, Ербол Мұқажанұлы Сыпатаевтың кім екенін естеріңізде жүрсін деп айта кетейік.
Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда алған соққыдан көз жұмған жас – ол Ербол Сыпатаев болатын. Ол туралы деректер өте аз. Білетініміз, сол кездегі Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген Ербол Желтоқсан көтерілісі тұсында Алматының энергетика институтының 2-ші курсында оқып жүреді.
Аз деректердің өзінде оның әке-шешесі жоқ, туысқандары ғана бар екені жазылған. Бірақ олар Ербол қаза болғанда Алматыға шақырылмаған. Қаза туралы анықтаманы ауруханадан МҚК қызметкері алады. Сосын ол милиция қызметкерлерімен бірге мүрде салынған табытты туысқандары тұратын жерге алып жүреді. Түн ішінде келеді, алдын ала хабарланған туысқандары оларды алдынан шығып күтіп алады. Оларға жігітті алаңда жаралы күйінде тауып алғандарын, ауруханада өлгенін, өлтірген адамның белгісіз екенін, қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатқанын түсіндіреді. Прокуратура шынында да іс қозғады, бірақ ол оның өлімі туралы емес, оқиғаларға қатысы жөнінде еді, «айыпталушының» қазасына байланысты іс жабылады».
Шаяхмет Оразымбекұлы есімді азамат өз мақаласында («Заң» газеті, 14 желтоқсан, 1997 жыл, «Ол Алаңға өлім іздеп барған жоқ еді») Ербол Сыпатаев туралы бұрын соңды кездеспеген тың деректер ұсынады.
«Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шаштары қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, онды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып кұлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгірді. Бір кезде арт жақтан естілген зілді дауысқа жалт қараса, қолдарында сапер күрегі бар екі формалы қуып келеді екен. Ербол қыздарға: «Ештеңеге қайырылмай тез жүгіріп, үлкен көшеге шығып кетіңдер» дегенше, өкшелеп келіп, көздеріне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кетті. Сол айқаста аяғы тайғанап, сүрініп құлады. Осы сәтте ұзынтұра жүгіріп келіп, Ерболдың басына ауыр затпен салып қалды. Аяушылық пен мейірімділік атаулыны ұмытқан әлгі екеуі былапыт сөздерді қарша боратып, құлап түскен Ерболды аяусыз тепкінің астына алды. Ауыр соққылардан Ербол есін жоғалтты. Одан әрі не болғанын білмейді. Есін жиып, кірпігін көтеруге ғана шамасы келгенде, байқағаны – маңында тұрған ақ халатты дәрігерлер еді.


Алдында тұрған ақ халаттыларға жалыны сөніп бара жатқан көздерін қадап жатып, «Мен алаңға өлім іздеп барған жоқ едім ғой», «Елім-ай, ертеңің не болар екен?» деп қиналды… 1986 жылы желтоқсанның жиырма үші күні Ербол Сыпатаев небәрі 22 жасында ауруханада жарық дүниемен қоштасты. Ербол – бір үйдің жалғыз баласы еді. Иә, ол Алаңға өлім іздеп барған жоқ еді…». Ербол Сыпатаев туралы осындай жүрек жарды естеліктер әлі айтыла жатар деген ойдамыз — дейді осыны жазған автор Болатбек Төлепберген.
Міне, бүгінгі күнге дейін қанды Желтоқсан оқиғасының шын тарихи маңызы дұрыс айтылмай, бұрмаланып келеді. Ербол Сыпатаевтың кім екенінен бейхабар жанның бәрі оны КСРО билігіне қарсы шыққан жан деп түсінді. Осындай түсінікпен қаншама қазақ жастары құрбан болды! Ал негізінде олар қазақтың тәуелсіздігі үшін құрбан болған жастар еді.
Менің көкейімде бүгінгі ұрпаққа оқу барысында желтоқсаншылардың есімі неліктен дәріптелмейді деген ой туды. Оның басты себебі өзі-мізбен қатарлас немесе мектеп жасындағы балалардан сауалнама барысында еш дұрыс жауап ала алмағанымыз. Бұлай жалғаса берсе азаппен келген тәуелсіздік қолымыздан сырғып кетпесіне кім кепіл? Қазақпын деген әр жас елінің, ұлтының тарихынан хабардар болғаны жөн емес пе?
Бүгінгі уайымсыз шат күндерді, тәуелсіздік тұғырын орнатқан барша батырларды халық есінде сақтап, есімі ел жадында сақталу үшін неге әрекет етпейміз?
Жақсы, жастарға білім беру барысында желтоқсан құрбандарының кім екені айшық-талмады делік. Алайда 50-60 жас шамасындағы қала тұрғындары-ның Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды білмегенін сорақылық деп санаймын. Білмегенімізді үйретіп, тура жолға салады деген үлкен буынның өзі осындай болып тұрса, жастарға қандай ілік артпақпыз?
Сананы сансаққа әкеткен тағы бір сауал сол үлкендер қатарының аталған көшеде балалық шағынан бері өмір сүріп келе жатқанын естігенде олар бір сәтке «Менің тұрып жатқан көшеме неге Е.Сыпатаев деген атау беріген? Ол кім екен?» деген ой мүлдем туындамағаны ма ?..


Мүмкін біздер қазiргi уақытқа дейiн Желтоқсан көтерілісінің қайғысын шынайы түсіне алмаған болармыз. Олай болса, көтерілістің шынайы мәнiн – патриотизм мен қаһармандықтың қайталанбас үлгісі деп есептеген жөн. Қазақтың өр мінезді рухын көрсеткен жастарымыз әрқашан құрмет биігінде тұруы тиіс. Олардың тәуелсіздік үшін істеген үлкен әрекеттері еш уақытта ұмыт бол-мауы үшін біріге жұмыс атқаруымыз керек. Аталған мәселені сіз бен біз болып бүгіннен қолға алсақ, желтоқсаншылардың есімін жастардың жадында сақтауға әлі де кеш емес.
Сөзімді қорытындылай келе, ойымда жүрген ұсынысымды айтқым келеді. Қазіргі қоғамда 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні, мереке болып, ойын сауық көңілді іс шаралар өткізіледі. Бірақ бостандық алу жолында осы күні қаһарман жастарымыз жан тапсырып, түрмеге қамалып көрмегенді көрген еді… Қыздарымыздың ары тапталып, қақаған аязда жауыздықпен азаптанды. Өз жанын тәуелсіздік байрағына айырбас еткен нағыз қазақ жігіттері мен ер мінезді аруларымыздың есімін барша жұртқа паш етіп, ғасырдан ғасырға ерлігі мен есімін асқақтату керек-ақ.Сондықтан да қасіретті күнді мереке ретінде емес, азаттық күні деп, сондай күнді бізге сыйлаған жандарды үнсіздікпен еске алып, аруақтарына сый құрмет көрсетіліп жатса құба-құп болар еді!!!

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ