«ЖАҢҒЫРУ» ДЕГЕН СӨЗ НЕОЛОГИЗМ ЕМЕС ПЕ?

0
216

Қазір қоғам үнемі өзгеріс пен даму үстінде. Аталған мәселе экономика, технология, мәдениет т.б. салаларында күннен күнге түрлі ұғымдар мен жаңа сөздердің туындауына ықпал етуде. Тіл білімінде де ұқсас мағыналы сөздер артуда.

Сондай мағынасы жағынан түсініспеушілік туындатып жүрген сөздердің бірі — жаңару және жаңғыру. Көп жағдайда бұл екі сөздің мағыналары ұқсас сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл мақалада біз осы екі ұғымның мағынасын, айырмашылықтарын және қоғам үшін маңыздылығын талдап көрмекпіз.
«Жаңару» мен «жаңғыру» ұғымдарына ғалымдардың пікірлері олардың терең философиялық, мәдени және рухани мазмұнын айқындайды. Бұл екі ұғымның мағынасы ұқсас болғанымен, «жаңару» көбінесе модернизация мен өзгерістерге, ал «жаңғыру» дәстүр мен рухани бағытта өрбиді. Төменде кейбір ғалымдардың осы сөздерге қатысты пікірлері келтірілген:
Жаңару — әлемдік және ұлттық деңгейде дамуға бейімделу. Адамның өз санасын жаңартып, қоғамдағы өзгерістерді қабылдауы. Әбіш Кекілбаев: «Жаңару – өткеннің қателіктерінен сабақ алып, келешекке бағытталған ізденіс», — деп оны тұлғалық және қоғамдық даму үдерісі ретінде сипаттайды.
Ал философ Гегель бұл ұғымды өмірдің табиғи заңы деп қарастырған. Оның пікірінше, жаңару қоғамның алға жылжуын қамтамасыз ететін диалектикалық процесс.
Жаңғыру сөзі — ұлттық рух пен дәстүрдің жандануы. Рухани құндылықтардың қайта жаңарып, өзектілігін сақтауы. Мұхтар Әуезов «Ескіні ұлықтау – жаңғырудың бастауы», — деп, ұлттық тарих пен дәстүрдің маңызын атап өткен. Шығыс ғалымы Әл-Фараби де жаңғыру адамзатқа тән ізгілік пен білімнің қайта өркендеуі арқылы жүзеге асады деген пікірге тоқталған. Оның философиялық еңбектерінде жаңғыру адамның ішкі дүниесінің жетілуімен тікелей байланысты деп көрсетілген.
Жалпы алғанда ғалымдардың пікірі бір арнаға түйіскен. Өзара тығыз байланысты, бірақ әртүрлі аспектілерді қамтитын бұл екі сөз туралы бүгінгі күнде ғылымға араласқан докторлардың да пікірін білуді жөн санадық. Мысалы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевтың пікірінше, жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің өсуі мен рухани құндылықтардың жаңаруы, ал жаңару – қоғамның материалдық және технологиялық дамуы.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу универ-ситетінің профессор оқытушысы, Филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазиновтың пайымдауынша:
– Қазақ тілінің байлығы ерекше. Жаңару мен жаңғыру сөздерінің мағыналары ұқсас. Бірақ жаңғыру сөзі – қоғамның, бір кезеңнің, мемлекеттің жаңғыруы. Ол мысалы әлеуметтік мәселе бойынша, қоғамдағы қарым-қатынас бойынша қолданылады. Жаңғыру сөзі ренесанс кезеңінде, шамамен XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында пайда болған. Ренесанс кезеңі бүкіл Еуропаның қарыштап дамуына әсер еткен.
Антика кезеңінде әдебиет, философия, әлеуметтік мәселе бойынша революциялық кезең болды. Атақты Рембрандт сияқты, Гое, Леонардо да Винчи секілді атақты суретшілерді, мифологиалық кейіпкерлерді мейлінше елге таныстыру мақсатында жаңғыру, жаңғырту әдісін қолданған. Мысалы бұл туындылар жаңғырып, Ресейге, Шығыс Еуропаға үлкен әсерін тигізді.
Ал жаңару деген сөз бір нәрсенің жаңаруы. Ол яғни адамның өміріндегі жаңару, ұйымның жаңаруы, ортаның жаңаруы деген мағынада қолданылады. Мысалы, көктем келген уақыттағы табиғаттың жаңаруы. Бұл адамның ойына, қиялына жаңалық әкелгені, көріністе, болмыста бір құбылыстың орын алуы, — дейді.
Баян Таңатарова – «Алатау» газетінің бас редакторы:
– Жаңғыру деген сөз, меніңше не диалект немесе орыстың «возрождение» деген сөзінің аудармасы. Қазақ әдебиетін қанша оқып жүрсем де «жаңғыру» деген сөзді кездестірмеппін.
Рухани дүниемізді жаңарту? десек қателесеміз бе? Әлде бұл сөзді неологизм деп қабылдаймыз ба?
Қорытындылағанда, «жаңару» мен «жаңғыру» сөздерінің екеуі де қоғамның өзгеруі мен дамуында маңызды рөл атқарады. Бірі — сыртқы жаңалықтар мен технологиялық жетістіктер арқылы өзгерістерге жету болса, екіншісі — ішкі рухани және мәдени түлеу арқылы өткенді ұмытпай, болашаққа жаңа үмітпен қадам басу. Бұл екі үдеріс бірін-бірі толықтырып, қоғамды тұрақты әрі теңгерімді даму жолына түсіреді. Сондықтан жаңару мен жаңғыру процесі кез келген елдің дамуы үшін аса қажетті компоненттер болып табылады.
Автордан: Мақалада айтылған екі сөздің мағынасын ғалымдар мен тіл мамандағры түрліше бағамдайды. Бірі бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған ұғым десе, енді басқасы бұл сөзді неологизм деп қарайды. Ал сіз оқырман жоғарыдағы сөздердің мағынасын қалай түсінесіз?

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ