ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА

0
127

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының тарихындағы ерліктің, өрліктің және халықтың тәуелсіздікке деген құлшынысының ерекше көрінісі. Сол күндерде алаңда болып, елдің еркіндігін талап еткен жастардың арасында бүгінгі таңда ұрпаққа тәлім беріп жүрген ұстаздар да болды. Солардың бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Шет тілдерін оқыту» кафедрасының оқытушысы Байғұданова Гүлжанат Құдайбергенқызы — Желтоқсан оқиғасының куәгері.

Ұстазымыздың тұлғалық болмысын тану үшін қысқаша өмірбаянына тоқталып өтсек.
1967 жылы Талдықорған облысы, Бөрілтөбе ауданы, Үлгі ауылында дүниеге келген. 1974-1984 жылдары аралығында БЛКЖОның 30 жылдығы орта мектебінде  оқыған.
1984 жылы Алматы қаласындағы Алматы Шет тілдері педагогикалық институтында білім алған.
1989 жылы институтты аяқтап,өз ауылындағы мектепте төрт жыл мұғалімдік қызмет атқарған.
1993 жылдан бастап Талдықорған қаласында әртүрлі жұмыстар атқарып келеді: алғашында мектеп мұғалімі болса,кейіннен мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында жұмыс істеген.
Талдықорған педагогикалық университетінде 1996 жылы «Шет тілдері» факультеті ашылған,сол уақыттан бері осы жерде қызметтік жолын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде (атауы 1999 жылы өзгертілген) «Шет тілдерін оқыту» кафедрасының оқытушы — дәріскері болып жұмыс атқарады,практикалық және теориялық пәндерден дәріс береді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұстазбен кездесудің сәті түскен еді.

— Желтоқсан көтерілісінің шындығын көргеніңіз бойынша айтып бере аласыз ба?
— Желтоқсан оқиғасының күндері ел үшін аса ауыр, әрі тағдыр шешті кезең болған. 16 желтоқсан күні біз сабақта едік. Түстен кейін оқитынбыз. Қазіргі Абай атындағы ҚҰУ-нің физика-математика факультетінің студенттері лек-легімен алаңға бара жатыр екен. Аудитория есігін ашып олар бізді де шақырды, бірақ бізді оқытушымыз жібермеді. Біз өзара сабақтан соң шығамыз деп шештік. Арамызда бір қыз бірден сол жаққа барыпты.Сағат 20:00 шамасында қайтып келіп,болған оқиғаны түгелдей айтып берді.Су шашқанын,арттарынан қуалағанын бізге баяндап отырғанында сағат 21:00 шамасында, кешкісін жатақханамызды жастар келіп қоршап алды.Сол жердегі басшылар бізді жастармен бірге алаңға жіберуге мәжбүр болды.
Олай болмаған жағдайда жастар жатақхананы түгелдей талқандай ма — деп қорықты. Біздің жатақхана мен алаңның арасы әжептеуір алыс еді. Жол бойы оқиғаның қалай өрбігенін өз көзімізбен көрдік. Офицерлердің алаңға бейбіт түрде шыққан жастардың соңынан қуғанын, тіпті ЖенПи-дің екі қызына әскерилердің иттерінің шабуыл жасағанын да көрдік. Ол екі қызды ит қолынан арашалап жатақханасына салып жіберейік деп едік, көлік таппадық. Бәріміз бірге алаңға бардың?
Алаңға жеткенде, жастардың өр рухын, елдің еркіндігін талап еткен үндерін естідік. Бәрі бейбіт басталған еді. Бірақ кейін түнде алаңдағы жастарға суық су шашып, қуып тарата бастады. Қашып құтылғандары құтылды, ал кейбірін ұрып-соғып, Қаскелеңнің тауларына апарып тастады. Бұл кадрлар бұрын көрсетілуші еді, қазір көп көрсетілмей жүр– деді ол.


-Алаңға жиналған жастардың талабы қандай болды?
-Алаңдағы жастардың ортақ ұраны – “Менің Қазақстаным” әні болды. Әннің әр сөзі жастардың жүрегінде еркіндікке деген ұмтылысты маздатып, үміт отын жаққандай еді. Жарты сағат сайын осы ұранымызды әндетіп айттық. Белсенді жастар кезек-кезек ортаға шығып, жалынды сөздерімен бойымызға қуат беріп тұрды.Олардың ішінде құндақтағы сәбиін қолына орап жүрген келіншек те болды, ол да сөз сөйледі. Бұл көріністен кейін қайратымыз қайрала түсті,алаңнан ешқайсымыз кеткен жоқпыз.
Бұл бейбіт шеруге шыққандағы басты талабымыз “қазақты қазақ басқарсын,әр елдің өз көшбасшысы болуы керек” деген ой еді. Яғни, әр елдің өз арасынан шыққан көшбасшысы болуын қалаған болатынбыз. Бірақ бұл ойымызды бұрмалап, болмағанды болды — деп көрсетті. Жастарымызды қырғынға ұшыратты, біздің жастарды маскүнем, нашақор деп көрсеткілері келді, көрсетті де, солай деп те айтылды. Осы себептен жазықсыздарға жаза қолданылды.Әлі күнге дейін сол жалалардың азабын шегіп жүргендер де бар. 1986 жылы тағылған жалған айыбын осы 2024 жылы ғана ақтап шыққан тағы бір желтоқсан оқиғасының куәгері бар ол Кенесариева Гүлшат апайларыңыз болады.
— Үкімет басшыларына жастар өз үндерін қалай жеткізді?
-Сағат 00:00 шамасында келіссөз жүргізуге адам сұратты. Арамыздан екі қыз барып,түнгі 02:00 шамасына дейін шықпады. Оларды іштен ешкім жібермеді. Сол кезде жастар «Егер ішке кірген адамдарды қайта жібермесеңдер,Үкімет үйіне басып кіреміз»- деді.Сонымен олар сағат түнгі 03:00 шамасында қайта шықты.Үкімет үйіндегі адамдар жарты сағат сайын “Жастар тараңдар,естеріңді жиыңдар” деп айғайлап тұрды. Бірақ оны ешкім елеген жоқ. Сонымен таңғы сағат 6-00 ге дейін сол жерде болдық,от жағып жылынып тұрдық. Жастар өлең айтып, күй тартты, ешкім алаңнан кеткен жоқ,таңға дейін бір адамдай барлығымыз сол жерде жүрдік.Таң ата жатақханаларымызға қайттық.
Ертеңінде университетке барғанда көптеген жиналыстар болды,оларға қатыстық. Негізінен, оқудан барлығымызды бірдей шығара алған жоқ. Бізге сол жерде ескертулер берілді. Біз үшін біздің кураторларымыз қатаң сөгіс алып жатты. Біз алаңға бірге оқитындармен бір топ болып бірге бардық, мүмкін сол себепті де жаппай барлығымызды оқудан шығармаған шығар деп ойлаймын.
-Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде сіз және сіздің отбасыңыз ешқандай зардап көрген жоқ па, қыспаққа алмады ма сіздерді?
-Бұл оқиғадан соң мен және менің отбасым ешқандай қыспаққа алынған жоқ. Барлығы бірқалыпты жалғасты, оқуымды оқыдым,қызметімді атқардым. Қазіргі таңда осы білім ордамызда оқытушы болып қызметімді жалғастырудамын. Алаңдағы жастардың бейбіт шеруін биліктің өзі арандатып , қырғынға жалғастырғанын көзбен көріп, жанымыз шырқыраған сәттер ешуақытта ұмытылмайды.

Тәуелсіздік ұлық мереке

Ұстаз Желтоқсан оқиғасының бүгінгі күнге дейін өзінің толық бағасын ала алмай келе жатқанына қынжылады. “Біздің тәуелсіздігіміз – ең ұлық мереке, бірақ өкінішке қарай, Желтоқсан оқиғасының күндері жақындағанда жаңа жылдық шыршалар қойылып, Тәуелсіздік мерекесінің рухы көтерілгенімен, дәл сол күні басталған Желтоқсан оқиғасының рухы төмендеп қалатыны айқын.Соған қарамастан біздер,сол көтерілісті көрген аға ұрпақ өкілдері, кейінгі ұрпаққа Желтоқсанның тарихи маңызын жеткізіп, оны әрдайым есте ұстауымыз керек, – дейді 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде небәрі 19 жастағы 3-курс студенті болған жас қыз Гүлжанат апайымыз.
Желтоқсан оқиғасының куәгері болған ұстаздың естеліктері –тек өткеннің ғана емес, болашақтың да сабақтастығын көрсетеді. Бүгінгі ұрпақ Желтоқсан қаһармандарының ерлігін ұмытпай, тәуелсіздіктің қадірін бағалауы тиіс. Ұстаздың өмірі мен еңбегі – сол ерліктің ұрпаққа жеткізілген үлгісі деп білемін.

Талшын ЕРЛАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ