ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҚОС МЕРЕКЕСІ
15 желтоқсан – Қазақстан тарихында ерекше орын алатын күннің бірі. Бір жағынан, Қазақстанның Тәуелсіздік күні іргелес болса, екінші жағынан, қазақ бейнелеу өнері мен мәдениетінің жарық жұлдызы Гүлфайрус Мансұрқызы Исмайылованың туған күні аталып өтеді. қос мереке ұлттық рух пен өнердің өзара үйлесімін танытқандай.
Гүлфайрус Ысмайылова 15 желтоқсан 1923 жылы Алматы қаласында туылып, 12 мамыр 2013 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.Қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі. Шын есімі — Күлпәш Тансықбайқызы Қоңарбаева. Гүлфайрусты кішкентай кезінен Мәнсүр Ысмайылов асырап алған, ол оның бес қыздарының үлкені болды.
Гүлфайрус Ысмайылова өнер жолын Ә.Қастеевтің бағыттауымен таңдаған. Ең алдымен 1949 жылы Алматы көркемсурет училищесін оқып бітірген.Ары қарай өз білімін шыңдау үшін 1956 жылы Ленинградтың Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын (М.П. Бобышевтің кескіндеме класы бойынша) бітірді.
Гүлфайрус Мансурқызы тек суретші ғана емес бұлбұл дауысты әнші де болған,сол себепті 1947-1949 жылдары Қазақ консерваториясының вокальдық факультетінде оқыған.Бірақ әншілік қабілетінен гөрі суретшілік талантына басымдық берген.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырының 60 жылын қазақ театры және өнеріне арнаған.Еңбек жолын 1956-1957 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде сабақ беруден бастаған.Ал 1971-1974 жылдары Қазақтың опера және балет театрында бас суретші қызметін атқарған.
Тәуелсіздік пен өнер ортақ құндылықтар
Тәуелсіздік – елдің еркіндігі, өз болашағын өзі айқындау құқығы. Ал өнер – ұлттың рухани тәуелсіздігін бейнелейтін айна. Гүлфайрус Исмайылова өз шығармашылығымен қазақ халқының мәдени болмысын, ұлттық құндылықтарын және рухани байлығын бейнелеп, тәуелсіз елдің өнері қандай болуы керектігін ерте кезден-ақ көрсетті.
Оның суреттері мен портреттерінде қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті өріліп, әр туындысы ұлттық рухты асқақтатты. Бұл туындылар елдің болашағына деген сенім мен мақтаныштың айқын көрінісі болды.
Тәуелсіздікке дейін де, кейін де маңызды рөл атқарған тұлға Гүлфайрус Исмайылова өмір сүрген уақыт қазақ елінің әртүрлі тарихи кезеңдерін қамтиды. Ол кеңес дәуірінде ұлттық өнердің дамуына үлес қосып, ұлттың өзіндік болмысын өнер арқылы көрсетуге күш салды. Ал тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін, оның шығармашылығы мен өмір жолы елдің жаңа рухани өрлеуіне үлгі болды.
Гүлфайрус ханымның ең танымал туындылары мен кинодағы жұмыстары, халқымыздың болмысын сақтауға бағытталды.“Қыз Жібек” фильмінде Айгөз бейнесін сомдап, қазақ әйелдерінің даналығын, ұлттық киімдердің көркемдігін паш етті. Фильмнің бас суретшісі ретінде киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған.
Ысмайылова бірнеше опера (Брусиловскийдің «Ер Тарғыны», 1967;спектакль (Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», 1958) және кинофильмдерге («Қыз Жібек», 1969-71) декорация мен костюмдер эскиздерін жасады. Ол — «Күләш Байсейітова Қыз Жібек рөлінде» (1962) , 1971 жыл — Қыз Жібек фильмінде — Айгөз, Жібек анасы рөлінде ойнады ,»ұйғыр қыздары» (1966) картиналарының, «Халық шеберлері» триптихының (1967), Ш.Б. Жиенқұлова (1958), Ш.И. Жандарбекова (1960-1961), Б.А. Төлегенова (1963-1964), Ә. Қастеев (1966) портреті мен көптеген натюрморттардың авторы. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Қазақстанның халық суретшісі. «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері. 1958 жылы КСРОның «Құрмет белгісі» Ордені;1965 жылы «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.
Қос мерекенің сабақтастығы
15 желтоқсан – Гүлфайрус Исмайылованың туған күні ғана емес, ол қазақ халқы үшін өнердің тәуелсіздігі мен рухани биіктігінің белгісі. Тәуелсіздік күні қарсаңында аталып өтетін бұл күн елдің өнері мен мәдениетінің мәңгілік құндылықтарын еске салатын ерекше мезет.
Гүлфайрус Исмайылованың шығар-машылығы – қазақ мәдениетінің биік шыңы, ал Тәуелсіздік күні – елдің тарихи жеңісі. Арасына күн салмай тоғысып жатқан сол екі күн халқымыздың рухани тәуелсіздігі мен ұлттық мақтанышын айшықтайды. Гүлфайрус Исмайылова салған жол – мәңгілік ел болуды армандаған қазақ халқының рухани да, мәдени де тәуелсіздігін айшықтайтын жарқын үлгі.Сол себепті де өнері мен өмірін қазақ үшін арнаған Гүлфайруз Ысмайылованың мерейтойы азаттықтың алтын діңгегі болған Тәуелсіздік күнімен қатар аталуы керек деп ойлаймын.
Талшын Иембердиева