ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҚОС МЕРЕКЕСІ

0
115

Қазақтың бұлбұлы 16 желтоқсанда 95 жасқа келеді. Бибігүл Төлегенова – ән өнерінің алтын дәуірін жасаған бірегей тұлға. Оның әуезді дауысы мен орындау шеберлігі талай тыңдарманның жүрегін тербегенімен, бүгінгі жас буын бұл есімді сирек естіп, оның әндерін тыңдамайтыны өкінішті.

Өнер адамдары – халықтың жүрегінен орын алып, өз дәуірінің үніне айналатын тұлғалар. Бибігүл Төлегенова – сондай тұлғалардың бірі. Қазақтың классикалық ән өнерін әлемдік деңгейге көтерген, ерекше дауыс иесі және халықтың сүйіктісіне айналған әнші. Дегенмен, бүгінгі жас буын бұл есімді естісе де, оның әндерін тыңдаушылар сирек екені жасырын емес.
Заман ағымына қарасақ, бүгінгі жастардың талғамы мен тыңдау мәдениеті өзгерген. Қазіргі музыканың басым бөлігін поп, рэп, хип-хоп және рок тағы басқа бағыттағы жанрлар құрайды. Бұл тыңдарманның ұлттық классика өнерін біртіндеп ұмытырып барады.
Бибігүл Төлегенованы тыңдамау – ұлттың тарихы мен мәдениетіне бей-жай қарау деген сөз емес пе? Әншінің өнері тек музыкалық мұра ғана емес, ол – қазақ рухының бейнесі, ұлттық болмыстың бір бөлігі. Оның орындауындағы әндерде ата-бабаның үні, қазақ даласының рухы, ұлттық саздың тереңдігі бар. Бұл мұраны елемеу – өзіміздің өткенімізді, түп тамырымызды елемеу дегенмен тең секілді.
Сонда не істеуіміз керек? Біріншіден, ұлттық өнерді заманауи форматта ұсыну дұрыс болар еді. Мысалы, Бибігүл Төлегенованың әндерін жаңа бағытта өңдеп жазып, қазіргі тыңдарманға жақын нұсқада насихаттауға болады. Екіншіден, медиа платформаларда арнайы жобалар ұйымдастырылып, классикалық өнерді дәріптейтін контент көбейсе, жастардың қызығушылығы артар еді. Мәні төмен шоулар көп те, классикалық туындылар жоқ.
Бибігүл Төлегенова – ұрпаққа үлгі болар тұлға. Оны ұмытпай, өнерін дәріптеу – тек құрмет емес, ұлт ретінде рухани жетілуіміздің бір белгісі. Жастар оны тыңдамаса, бұл бізге сабақ болуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізу – бүгінгі қоғамның басты парызы.
Ұлттың болашағы – оның рухани байлығын қаншалықты сақтай алатынына байланысты. Бибігүл Төлегенова – қазақ мәдениетінің асыл қазынасы, оның қазақ мәдениетіне қосқан шығармашылығы еш уақытта ұмытылмай, тиісті түрде бағалануы керек-ақ. Жастардың оның өнеріне қызығушылығы төмендеуінің себебі – насихаттың аздығы мен ұлттық мәдениеттің заманауи форматта жеткізілмеуі. Бұл олқылықтың орнын толтыру – бүгінгі қоғамның міндеті. Қай дәуірде болсын, өнер арқылы ұлт өзін танытады. Ендеше, Бибігүл Төлегенова секілді тұлғалардың мұрасын ұлықтау – ұлттың болмысын сақтаудың бас-ты жолы.

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ