ҰЛТ РУХЫН ОЯТҚАН ЖЕЛТОҚСАН
1986 жылдың 16-18 желтоқсан күндері Алматы қаласында орын алған Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының ұлттық рухының жарқын көрінісі. Бұл оқиға Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы алғашқы ірі қадамы болды. Кеңестік жүйенің әділетсіз шешімдеріне қарсы шыққан жастардың батылдығы сол кезеңнің саяси-әлеуметтік ахуалын өзгертті.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының 3-курс студенті Жұмаділ Сағындық Айтмұханұлы алаңдағы қырғынды көзімен көріп қана қоймай, кеудесін кернеген намыстан жарыла жаздап, қазақ мемлекетін басқарып отырған Қонаевты орнынан алып, орыс жерінен Колбинді әкелгені жаңа жетіліп ер азамат болып келе жатқан жігіттің ұлттық намысының оянуына әсер етпей қалмады. Жалпы алғанда қазақтың жігіттерінің намысшыл екені рас қой. Оны тұрмыста да, өмірде де, оқуда жүргенде де байқаймын.
Желтоқсандағы жастардың алаңға шығуға басты себеп не екенін білсем де бүгінде есейіп, еліне өзінің сахнадағы бейнесімен танымал болған актер ағамызға әңгімемізді «Сіздің ұлттық намысыңыздың оянуына себеп болған жайға кеңірек тоқталсаңыз?» деген сұрақтан бастағанды жөн көрдім.
Сағындық аға: – 16 желтоқсан күні сабақтан шығып жатақханаға келгенде, балалардың “Қонаевты алып тастап, орнына орыс ұлтының өкілі Геннадий Колбинді тағайындапты” деп шуылдап жатқанын көрдім. Алғашында сенбедім, бірақ теледидардан бұл жаңалықты өз көзіммен көрген соң, шын екеніне көз жеткіздім. Мыңдаған қазақ жастары бұл шешімге наразы болды. Сол түні Алматының жастары алаңға шығуға дайындалып, өз наразылықтарын білдіру үшін ұрандар жазып, ертеңіне таңғы бесте оянып, алтыда алаңға шықты.17-18 желтоқсан күндері орталық алаңда жастардың наразылығы үдей түсті. Олар әділетсіз шешімге қарсылық білдіріп, бейбіт түрде пікірлерін жеткізбек болды. Алайда билік күш қолданып, алаңға шыққандарды қатыгездікпен басып-жаншыды. Жастарды ұрып-соғып, түрмеге қамап, қуғынға ұшыратты. Мен тергеуде алты ай бойы сұралып жүрдім. Тергеу кезінде жасалған қысымдарды айтып жеткізу қиын. Оқудан да шығып қалуым мүмкін еді. Жасамаған айла-тәсілдері жоқ. Мен қанша қиналсам да өз қара басымның қамын емес, ауылдағы ата-анамды ойладым. Оқуға кеткен баламыз сенімімізді ақтамады дей ме екен. Әлде, алаңға шыққаным үшін олар да қиындыққа тап бола ма? – деп қатты уайымдадым.Өйткені қаталдыққа толы кезең орнады елде. Бірақ ол күндердің бәрі артта қалды. Егер сол күнгі оқиғаға қайта оралса, осы батыл қадамды еш өкінбей қайта жасайтын едім. Мен өзіме сенімді болдым ол кезде жас болсам да.
Сол кездегі жастар неге батыл болды деп ойлайсыз?
– Желтоқсан көтерілісі тек батылдықтың көрінісі емес, ол ұлттық бірліктің, рухани азаттыққа деген ұмтылыстың белгісі. Көтеріліс барысында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова сынды жастар құрбан болды. Олар тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ар-намысының қорғаушысына айналды. Желтоқсан көтерілісі – елдің намысы мен рухын оятқан күн. Бүгінгі тәуелсіздіктің негізі сол күндері қаланды. Осы оқиғалар болмағанда, азаттықтың дәмін татуымыз кешігер ме еді?
Желтоқсан көтерілісінің маңызы өте үлкен. Біз оны жастарға жеткізуіміз керек. Бір өкініштісі, бұл шаралар тек Желтоқсан айында ғана өтеді. Бұл еліміздің тарихы үшін аздық етеді. Өкініштісі сол, Желтоқсан оқиғасы кейде ұмытылып бара жатыр ма? деп те ойлаймын. Желтоқсан – елдік пен ерліктің сабағы. Ол тек өткеннің емес, болашақтың да шамшырағы. Ал тарихтан сабақ алу – ұрпақтың міндеті. Кейінгі ұрпақ ол қырғынды білуі керек.
Желтоқсан көтерілісі бүгінгі ұрпаққа тек ерлік ретінде ғана емес, маңызды тарихи сабақ ретінде де қызмет етуі керек. Бұл оқиға ұлт намысын қорғаудың, азаттық жолында жан аямай күресудің үлгісі дей келе Сағындық Жұмәділ болашақ ұрпаққа мынадай тілегін жеткізеді:
– Келер ұрпақ Желтоқсанның мәнін терең түсініп, ерлікті құрметтей білсе екен. Мұндай зобалаң қайталанбасын. Бейбітшілік пен бірлік мәңгілік болсын!
Ия, Желтоқсан – тарихымыздың қасіретті де қасиетті беттері. Ұлттың рухын көтерген бұл күн әрқашан ұрпақ жадында жаңғырып, еркіндіктің, әділеттіліктің символы болып қала береді. Желтоқсан күндері алаңға шыққан жастардың ерлігі – мәңгілік мақтаныш. Ал сол ызғарлы күндерде алаңда тоңып жүрсе де ұлт намысын қорғаған ағамызды оқырмандарға таныстыра кетуді жөн көріп отырмын.
Өнер жолындағы танымал тұлға
Сағындық Айтмұханұлы Жұмаділов өнер жолында жүрген танымал тұлға. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаннан кейін, Сағындық Жұмаділов Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына арнайы жолдамамен келді. Сол уақыттан бастап ол театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, өзінің актерлік шеберлігімен және сахнаға деген адалдығымен танылды. Оның өнердегі жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
Мәдениет саласындағы еңбегі көптеген «Құрмет грамоталарымен», «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен,театр әлеміндегі беделді марапаттардың бірі – «Еңлік-гүл» кәсіби театр сыйлығының лауреаты атағымен марапатталды. Өнерлі актер ретінде Ресейдің белгілі фильмдерінде ойнаған айшықты рольдері бар.
Осылайша, Сағындық Айтмұханұлы аға тек Желтоқсан оқиғасының куәгері ғана емес, мәдениет пен өнер саласындағы танымал тұлға ретінде де ел тарихында өз орнын қалдырды.
Автордан: Біздер, журналистер, осындай есте қалған айтулы күндерде ғана интервью алатын адам іздейміз. Неге? Себебі ол күндерді көзімен көрген жандар ғана қазіргі жастарға айтып жеткізе алады. Олардың да бір күндері саны санаулы болып қалуы әбден мүмкін… Ал күнтізбеде желтоқсанның 16-ы ол күнде басқа мереке. Содан пайда болатын сұрақ: Желтоқсан көтерілісі неге күнтізбеде тарихи күн ретінде белгіленбеген? Жас-тар үшін, тарих үшін ол күн күнтізбеде болуы керек деп ойлаймын. Бұл өткенге құрмет көрсету, тарихи жадымызды жаңғырту және жастарға маңызды кезеңдерді түсіндіру үшін қажет қадам болар еді. Тәуелсіздік күні – біздің ұлы жеңісіміз, бірақ Желтоқсан оқиғасы да өз орнын иеленуі тиіс.
Зарина БЫЖЫБЕК