ДРАМАТУРГИЯ БАЛАЛАР ТАҚЫРЫБЫН НЕГЕ КӨТЕРМЕЙДІ?

0
37

Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған қазақ драматургиясының «балалар әдебиеті» іспетті құлдырап бара жатқанында. Театр сахналарында балалар қойылымының қызықсыз болуы және отандық пьесалардың саны азайғаны режиссерлерді, мәдениет және өнер саласындағы басқа да мамандарды алаңдатады.

Газеттің өткен санында «Қазақ мультфильмдерінің» тұралауы мен сапасының сын көтермейтінін айтқан болатынбыз. Ал бұл номерде театрдағы балалар қойылымы мәселесін талқылауды жөн көрдік.
Қазақ балалар драматургиясының дамымай жүргені – балаларға арналған драмалардың аздығы. Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында мүлде аз зерттелген, тіпті кенже қалған сала екені анық. Ең алдымен, балалар әдебиетіне көңіл бөліп, мәселеге мақала арнаған I. Жансүгіров болды. Осы орайда, балаларға арналған алғашқы пьесаның («Мектеп» пьесасы) авторы да I. Жансүгіров екенін еске алған орынды.
Балалар драматургиясы – өте маңызды, бірақ әлі толық дамымаған сала. Жас аудиторияға арнап жазылған пьесалар мен қойылымдар балалар дүниетанымын кеңейтуді, эмоциялық әлемін дамытуға арналған. Мұнда жасөспірімдерге ғана тән көркемдік тәсілдерді, эстетикалық ұғымдар мен тәрбие құралдарын пайдалана отырып, түрлі тақырыптарды ашады. Алайда, бүгінгі таңда балалар драматургиясының дамуына бірқатар кедергілер мен қиындықтар кездесуде. Театр – балалар үшін ерекше бір әлем, себебі театрлық қойылымдар арқылы олар өмірдің түрлі аспектілерін, мәдениеттерді, тарихи кезеңдерді, қоғамдағы қарым-қатынастарды түсінуге мүмкіндік алады.
Жақында ғана аталған тақырып аясында Талдықорған шаһарының Салтанат сарайында Қазақстан Республикасының театр директорлары бас қосқан кеңес өтті. Мұнда республиканың түрлі қалаларынан жиылған жетекші мамандар, сыншылар, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласының өкілдері театр сахнасындағы өзекті проблемаларға тоқталып, оның шешілу жолдарын түрлі бағытта қарастырды.
М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының директоры Сағынтай Сатыбалдыұлы, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Салауатұлы, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемеров, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Саимжанқызы, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жазира Ахметова, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Ерлік Жуасбек және т.б. өнер майталмандары жүздескен жиында театр шаңырағындағы түрлі сауалдар айтылып, олардың шешімін қарастырды.
Балалар театрындағы өзекті мәселенің бірін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай сөз етті. Ол бүлдіршіндерге арналған спектакльдердің дамуы үшін кәсіби драматургтер мен режиссерлердің тигізер ықпалы басым, алайда, бұл салада жоғары деңгейдегі мамандардың саны әлі де аз дегенді айтты.
– Қазақстанда балаларға арналған пьесаларды жазатын жазушылар мен драматургтердің тапшылығы айтарлықтай байқалады. Сонымен қатар, балалар театры мен драматургиясымен айналысатын мамандардың кәсіби біліктілігі көбінесе жетіспейді, бұл да саланың дамуына кері әсерін тигізеді.
Балалар театрының жанрлары мен шығармашылық әдіс-тәсілдері көп жағдайда дәстүрлі болып қалыптасқан. Театрда қойылатын пьесалар балаларға арналған халықаралық классикалық шығармалардан алынатын болса, жергілікті жазушылар мен драматургтердің жаңа идеялары мен шығармалары сирек ұсынылады. Осылайша, балалар қойылымдарында жаңашылдық пен шығармашылық еркіндік аз, — дейді А.Еркебай өз сөзінде.
Елімізде балалар мен жасөспірімдер тақырыбын қаузайтын жазушы мен драматург жоқ емес, бар. Бірақ саусақпен санарлық дейді театр сыншылары. Олардың еңбегі де арзан бағаланып отыр. Нәтижесінде бәсекелестік жоқ. Ал балалар жанына азық болып, бағыт бағдар беретін тақырып өте көп.
«Ғасыр өзгергенімен, техника өзгергенімен, балалар гаджеті өзгергенімен балалардың жан дүниесіндегі дүниеге деген көзқарас: өкініш, қуаныш, шаттану, ата-анадан мейірім күту. Осы бір тағылымға, танымға құралған дүниелер ешқашан өзгермейді», — деген Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемеров драматургтердің жоғарыда аталған сезімдеріне байланысты қалам тербесе, мектеп жасындағы көрермен жүрегіне жол табылады дегенді алға тартты.
Фольклорлық дәстүрлер мен ауыз әдебиеті үлгілерін заманауи пьесаларда қолданудың тапшылығы да бар екені баршаға мәлім. Қазақ жасөспірімдеріне көрсетілетін қойылым репертуарында көбінесе әлемдік классика мен қазіргі заманғы туындылар басым болып тұр. Ал ұлттық дәстүр мен фольклорға негізделген шығармалар жоқтың қасы. Мұны да үлкен кемшілік деуге болады.
Балалар драматургиясы қаншама жылдан бері шешімін таппай, оң өзгеріске бетбұра алмай жүрген проблемаға айналды. Қазір жаңа жылдық шыршаға жиылған балалардың өзге елдің мультфильмдеріндегі кейіпкерлер сияқты киінуіне көз жұма қарай алмаймыз. Айтылған бұл мәселенің де түйіні қазақ мультфильмдері мен қойылымдарының әлсіз тұсын айшықтап тұр. Бүлдіршін көрермендер әр жылы ұйымдастырылатын бірегей сюжетті көріністерден жалығады. Әр мезгілге көрерменді баурайтын жаңа пьесалар қажет. Ал бұл үшін драматургтердің қаламы мұқалмауы тиіс.
Шынтуайтына келгенде, балалар театры бүлдіршіндерге пайдалы болуы керек. Мәдениет ошағы болған театр балалардың қызығушылығын арттырып, қойылымдарға құлшыныспен баратын деңгейге жеткізу басты міндет. Көрініс тек арзан күлкі мен жалған әсерге бағытталмаса екен. Балалар театры сахнасындағы әр көрініс бүлдіршіндердің бой түзеуі мен жаман-жақсыны ажарата білуіне, келешекте жас буынның ойлана қадам жасауына бірден-бір әсер ететін факторға айналса ғой…
«Жастарды мазалайтын мәселелер де өте көп. Жаңа тақырыптар шығып жатыр. Буллинг тақырыбы, суицид тақырыбы, жаңағы сол нашақорлықтың түрі өзгеріп жатыр. Осының барлығы, әрине, театр арқылы балаға жету керек. Театр арқылы осындай нәрседен қашуды үйрету керекпіз», — деген Анар Саимжанқызы да театрдағы қойылымдар арқылы жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуге болатынын айтты.
Жасөспірім көрерменге қызықты қой­ы­лым қажет. Балаларға арналған сапалы шығармаларды жазатын жаңа кезең орнату мәдениет майталмандарының қолында. Бүгінгінің драматургтері жақсы шығармалардың туындауына себепкер болса, 21 ғасырдағы балалар әдебиетіне жаңа жинақ қосуға мол мүмкіндік туары анық. Балалар драматургиясын да­мыту­ды дәл осы сәттен қолға алу керек. Әйтпесе келешекте бұл мәселенің салдары ауыр болмақ. Театр басшыларының айтуынша көтерілетін тақырып та, оны көрерменге жеткізетін өнер ұжымдары да жетерлік. Тек ортада сапалы сценарий мен шынайы шығарма қажет.
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының қаңтар айына арналған репертуарында «Смурфиктердің бастан кешкен оқиғасы» атты шоу ертегісі мен «Қырсық» атты 2 қойылым балалар назарына ұсынылған. Басқа да театр сахналарында мысалы, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарында Үш торай, Түймеқыз, Қар ханшайымы, Қаңбақ шал, Бауырсақ, Көңілді қонжықтар, Қызыл телпек және т.б. санаға жаттанды спектакльдер көрсетіледі. Мұның барлығын көрген, оқыған балалар қатарына жаңа қойылымдар қажет. Ал жоғарыда аталған ертегі желісімен сахналанған қойылымдар бүлдіршіндерге ерекше әсер мен көңіл күй сыйлайды дегенге сену қиын. Оның себебі, аталған ертегілермен қазіргі балалар ғана емес сіз бен біздің де балалық шағымыз өткенінде оқырман. Бүлдіршіндерге заман ағымына сай, қазіргі қоғамдағы қызықты жаңа туындылар ауадай қажет.
Өткізілген жиын барысында қазақстандық және шетелдік тәжірибені ескере отырып, театрлар үшін заманауи драматургияны бейімдеу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, жас драматургтердің шығармашылығын қолдау бағдарламалары ұсынылып, олардың жұмыстары театр сахнасына шығару мәселесі қарастырылды. Өзге де тақырыптар талқыланып, шешімдер жасалды.
Театр басшаларының балалар драматургиясына көңіл бөлуі – құптарлық іс. Театр – өмір айнасы десек, жасөспірімдер төңіректе болып жатқан позитив пен негативті театр арқылы танып көрсе құба-құп. Драматургтерден жақсы тақырыптарға арналған сценарийлер күтеміз.

Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ