КАРТОП БАҒАСЫ НЕГЕ ӨСТІ?

0
82

2025 жылы Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуі қоғамның әртүрлі топтары үшін өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтар, оның ішінде зейнеткерлер азық-түліктің қымбаттауын айқын сезді. Азық-түлік бағасының қымбаттауына айдың басында зейнетақы мен жәрдемақының өсуі себеп болды ма? Әлде мәселеге басқа экономикалық факторлар әсер етуде ме?

Ұлттық статистика бюросының қаңтар айының 5-і күні жариялаған деректері бойынша Жетісу облысының жылдық инфляциясы 8,4 пайызға өскен. Жалпы, отандық инфляция өсімімен алғанда 2024 жылы азық-түлік тауарлары 5,5 пайызға, нан өнімдері мен жармалар 3,5%, ет және ет өнімдері 3,4%, сүт өнімдері 6,1%, жұмыртқа 1,2%, май және тоң май 5,0%, жемістер мен көкөністер 9,3%-ға өскен.
«Елімізде инфляция соңғы айларда қайтадан артты. Желтоқсан айында ол 8,6 пайызды құрады. Бұл жағдайдың негізгі себебі – тамыз айынан бастап азық-түлік бағаларының қымбаттауы мен коммуналдық қызметтердің тарифтерінің өсуі», — деп атап та өтті ҚР Ұлттық банкі төрағасы Тимур Сүлейменов «Қазақстан» телеарнасының журналисіне берген сұхбатында.
Соңғы уақытта Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуі туралы жиі айтылады. Бұл сұрақтар көбіне инфляция, әлемдік нарықтағы бағаның өсуі және басқа экономикалық факторларға байланысты туындайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы – бұл халықтың күнделікті тұтынатын негізгі тағамдарының бағалары. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Мұндай азық-түліктердің қатарына нан, сүт өнімдері, ет, жұмыртқа, картоп, қант, көкөністер, майлар және басқа да қажетті тауарлар көрсетілген. Аталған азық-түліктердің бағасын мемлекет бақылап, инфляция деңгейін реттеуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қолданады. Мысалы, субсидиялар, бағаны бақылау немесе тұрақтандыру қорлары арқылы осы азық-түліктердің бағасы тұрақты ұсталып тұруы мүмкін.
Мемлекет тарапы әлеуметтік маңызы бар тауар құнын қанша бір қалыпта сақтауға тырысқанымен, облыста әлеуметтік маңызды азық-түлік бағалары ай соңына дейін қымбаттап үлгерді. Оның үстіне өңірдегі құн нарығындағы ахуалдың шынайы көрінісі ресми статистикада айтылған сандардан әжептәуір алшақ кеткені де байқалады, нарықтағы баға тұрғындардың қалтасына салмақ салуда.

ҚҰНЫ ТҮСПЕГЕН КАРТОП

Баға қымбаттамау мақсатында мұндай жұмыстар еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асырылады. Жетісу облысында да «Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы қарастырылған болатын. Мұнда әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 2025 жылдың 1 тоқсанына арналған бағалары бекітілген. Алайда тізімдегі азық-түліктің біразы базардағы және дүкендердегі бағамен сәйкес келмейді. Мысалы, өткен аптада бағасы дау болған картоптың құны базарларда әлі де 400-450 теңгенің шамасынан түспеген. Ал дүкен сөрелерінде аталған көкөніс 385 теңгеге сатылуда. Бұдан туындайтын сұрақ, сонда әр саудагер дүкен сөресіне орналасқан азық-түлікке өзі қалаған бағаны қоя бере ме? Мәселеге бақылау жұмыстары неге жүргізілмейді? Қаулыда көрсетілген кесте бойынша картоптың бағасы 283 теңге деп бекітілген. Бұл баға қазір сатылып жатқан өнімнің жарты құнын құрайды. Облыс тарапынан бағаларды көтерген сатушыларға шара қолданыла ма?


Ел халқына жылына 2 млн. тонна картоп толық жетеді деген деректер бар. Ал, 2024 жылы Қазақстан бойынша 2,9 млн. тонна картоп жиналған екен. Сонда бүгінгі қымбатшылық қайдан туындады? Тапшылық жоқ болса, алыпсатарлар бағаны өз еркімен қалағанынша пайдаланып жүр ме?
Жыл басынан мемлекет тарапынан сауда үстемесін 15%-дан асырмау бойынша аймақтық комиссиялар өткізіліп, олардың барысында әлеуметтік маңызы бар өнім саналатын картопқа қатысты 49 заңбұзушылық анықталған.
Сауда және интеграция министрлігінің мониторингі бойынша, қазір Қазақстан аймақтарында картоптың орташа бағасы – 322 теңгені құрайды. Елдің барлық аймағында картоптың көлемі жеткілікті дейді министрлік мамандары.
– Аймақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты сату жалғасып келеді. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін жалпы көлемі 85,4 мың тоннаны құрайтын картоптың 23,6 мың тоннасы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды, оның ішінде Алматы қаласында – 300 тонна, Шымкентте – 600 тонна, Түркістан облысында – 300 тонна және т.б. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорларында 62 мың тонна картоп бар, — деп Malim.kz сайтында министрлік тарапы хабарлаған.
Азық-түлік қоймасы картопқа толы болса, неліктен көкөніс бағасы аспандап кетті деген сауал көкейде тұр. Көктем уақытында қымбаттап, баға көтерілсе түсінуге болады, себебі жиналған азық азайды дейміз. Ал бүгінгі жайтқа қандай сылтау қарастырамыз…

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЛА МА?

Зейнетақы мен азаматтардың айлық табысы артқан сайын азық пен коммуналдық қызметтер 2 есеге қымбаттайтыны барша жұртқа мәлім құбылыс. Қосылған 4-5 тиынның салдары халық қалтасына салмақ түсіреді. Ресми статистикаларда, құжаттарда барлығы жақсы деп көрсетілгенімен, мәселенің түйіні шешілместен алшақтап жатыр. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген мақалға сүйене отырып, азық-түлік қымбаттаған деген қауесеттің рас-өтірігін білу мақсатында Талдықорған қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қанша теңгеге сатылып жатқанын бақылауды жөн көрдік. Бақылау барысында байқағанымыз бір тауардың әр сауда орнында түрлі бағамен сатылуы. Мысалы, жоғары сұрыпты «Цесна» ұнының 10 киллограмы бір дүкенде 4 539 теңгеден сатылса, екіншісінде 4 170 теңгеге өткізілуде. Дәл солай «Пионер» ұны 3 800 теңге мен 4050 теңге аралығында сатылымда тұр. Сәбіз дүкендерде 154 теңгеге бағаланса, ашық базарда құны 250 теңгені құрайды. 5 литрлік «Маслозавод» және «Шедевр» майлары 3945 және 4485 теңгеден екен.


Қала тұрғыны Аида Аманкелдіқызы жыл бастала салысымен көкөніс пен күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қыбаттап кеткенін айтады. Ол ай сайынғы алатын еңбекақының 60%-ы азық-түлік пен коммуналдық қызметтерге кететенін айтып, қымбатшылықтың артуына наразылығын білдірді. Ал қалған қаржы балаларының қажеттіліктеріне жетпейтінімен де бөлісті ол. «Ай сайын алатын 95 мың теңге айлық ештеңеге жетпейді. 60 пайызы азық-түлік пен коммуналдық услугаларды төлеумен кетеді. Өзім жалғыз басты анамын. Мектеп жасындағы 4 балам бар. Зарплата түскен уақытта бір мәрте алған азық-түлік 1 айға мүлдем жетпейді. Онымен қоса, артылған ақшам балалардың қажеттілігіне кетеді. Көріп тұрсыз, тіпті картоптың да бағасы 450 теңге деп көтеріп жіберген. Дүкеннің нанын алғанша, үйден пісірейін десең ұн да қымбат. Бағаны тұрақтандыратын адамдар неліктен жұмыс жасамайды?», — деген назын айтты қала тұрғыны.
– Жыл бастала салып барлық тағам түрлері қымбаттап кетті. Кейбіріне 50-100 теңгеден қосылса, басқалары бірге-бір бағамен қымбаттап кеткен. Егер шетелдерден тасымалданатын азық-түлік қымбаттаған десе түсінер едік. Алайда ашу-ызамызға тиетіні өзімізден өсірілетін, шығарылып басқа елдерге де экспортталатын өнімдердің қымбаттағаны ақылға сыймайды. Азық-түлік ел халқына жетпейтін болса, неліктен басқа жаққа шығарылады? Ет, сүт, май, картоп, жұмыртқа, жалпы айтқанда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің барлығы елімізден өндірілуге қолайлы ғой. Бірақ қарапайым халыққа қымбатқа сатылады, — дейді қала тұрғыны Алтынай Қалиахметова.
«Меніңше қымбатшылықтың себебі, айдың басында зейнетақыға қосылған қаражаттың салдары шығар деймін. Елімізде әр жылы болатын мәселе осы ғой. Айлық, зейнетақы, тағы да басқа төлемдерге пайыздық өсім қосылса барлығы қымбаттап шыға келеді. Мысалы, менің зейнетақыма 6 000 теңге мөлшерінде қосылды. Тіпті қосылған ақшадан да көп қаражат қалтадан кетіп жатыр. Бұған не істеуге болатынын білмеймін. Ары қарай бәрі қымбаттай түссе, халықтың барлығы кедей болатын шығар», — деген алаңдаушылығын да айтты қала зейнеткері. Өзге де қала тұрғындарының пікірінше, қымбатшылықтың бір себебі – зейнетақыға қосылған қаржыға байланысты шығар деген тоқтамға келеді.

Баға қымбаттады, ал сапа ше?

Ал қымбат тауарды алмаймын деп арзанырақ азық-түлік алған қала тұрғындары сапаның нашарлығына налиды. Халық назына құлақ түрсек, тағы да басқа азаматтардың айтқаны жоғарыдағымен сәйкес келеді. Шынымен де, келешекте кедейдің күйін кешпесек болды. Мұндай мәселелердің алдын алып, бақылау жұмыстарына білек сыбана кірісетін уақыт келді. Қаншама ақпарат құралдары жазып жатқан аталған мәселе шешімін тауып, баға тұрақталса, азаматтар бөріктерін аспанға лақтыра қуанатын шығар.

Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ