ТҰТЫНУШЫЛАРҒА 67 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРАЖАТ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Өңірлік коммуникация орталығы ұйымдастырған «Тұтынушылар құқықтарының қорғалуы – 2024 жыл қорытындысы мен әлеуметтік зерттеу нәтижелері» бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте спикер ретінде Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дәуешев сөз сөйледі.
Брифинг барысында 2023 және 2024 жылдардағы департамент жұмысының қорытындысы мен аймақтағы әлеуметтік зерттеу нәтижелері баяндалып, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
— Департаментке 2023 жылы тұтынушылардан 544 өтініш келіп түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1242-ге жеткен. Оның ішінде 559 тұтынушыға құқықтық көмек көрсетіліп, 143 өтініш мемлекеттік бақылауға алынды. Екі өтініш бойынша сотқа талап-арыз жолданды. 2023 жылы тұтынушыларға жалпы сомасы 11 787 000 теңге қайтарылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 67 001 915 теңгені құраған, – дейді ҚР СИМ Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дәуешев.
Сонымен қатар, департамент басшысы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы ең өзектімәселелерді атап өтті. Олардың қатарында:
1. «Омар сервис» ЖШС ісі: Ескелді ауданы Бақтыбай ауылының 44 тұрғыны газ орнату және құрылыс жұмыстары бойынша 12 699 000 теңге көлемінде зардап шеккен.
2. «ECONIKA MARKET» ЖШС ісі: Ғалия Қалиасқарованың сот талап-арызы нәтижесінде компания 478 000 теңгені қайтарды. Қорытынды шешім әлі қабылданбаған.
3. «Ясина» ЖК курстары: 16 тұтынушы сапасыз қызметтен зардап шегіп, жалпы 6 876 730 теңге шығынға ұшыраған.
4. «Базарханов» ЖК ісі: 2024 жылдың тамызынан бастап 16 тұтынушы жалпы сомасы 8 756 561 теңгеге алдын ала тапсырыс бойынша телефондарға төлем жасап, тауарларын ала алмаған.
Департамент басшысы тұтынушылар құқықтарының қорғалуы бойынша жүргізілген әлеуметтік және талдамалық зерттеу нәтижелерімен де бөлісті. Қазақстан Республикасындағы тұтынушылар құқықтарын қорғау жүйесінің қазіргі жағдайын және даму перспективаларын анықтау мақсатында ауқымды әлеуметтік және талдамалық зерттеу жүргізілген. Алғашқы кезең 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өткізілді. Бұл кезеңде 10 944 респонденттен сұхбат алынды. Әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 500 адам зерттеуге қатысты, оның ішінде ауылдық жерлердің тұрғындары да қамтылды. Екінші кезеңде 12 115 респонденттен сұхбат алынып, әр өңірден 500-ден астам адамның пікірі жинақталды. Атап өтсек, зерттеудің басты әдісі ретінде жүргізілген сауалнама жүзеге асты. Бұл зерттеу Қазақстандағы тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы мәселелерді тереңірек түсінуге және оны жетілдіру жолдарын анықтауға мүмкіндік берді. Сауалнама нәтижелері мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға саланы дамыту үшін қажетті деректерді ұсынды. Зерттелген ақпарат алдағы уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын жақсарту бойынша тиімді шараларды жүзеге асыру үшін пайдаланылмақ.
Брифинг соңындадепартамент өкілі алдағы уақытта халықты ақпараттандыру шараларын күшейтіп, мәселе бойынша 8 (7282) 41-56-10 осы байланыс нөмеріне хабарласуды атап өтті. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша тиімді шараларды жүзеге асырып қана қоймай, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше мән бермек. Азаматтардың өз құқықтарын білуі мен белсенділігі бұл саладағы жұмыстардың нәтижелілігін одан әрі арттырады деген үмітте.
Айгерім ШЫҢҒЫСОВА