КӨШІ-ҚОН ЗАҢЫН БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Журналистер үйінде Жетісу облысының аумағындағы заңсыз көші-қонды анықтау және шетелдіктерді депортациялау мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Спикер ретінде Жетісу облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Қабдоллаұлы сөз сөйледі. Брифингте заңсыз көші-қонның статистикасы және мәселелері туралы баяндады.
2024 жыл бойынша облысқа «Qonaq» ақпараттық жүйесі арқылы 27 815 шетелдік келген, оның ішінде 10 257 шетел азаматы уақытша тұруға тіркелген. Көші-қон заңнамасын бұзған азаматтардың саны күрт артқан. 2024 жылдың басынан бері 6 282 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстанда заңды түрде келіп, жұмыс істеуге ниетті шетелдіктер үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы айта кетті.
– Инвесторлық виза арқылы компания ашып, әкімшіліктен жұмысқа рұқсатын алу қажет. Сондай-ақ, шетелдіктердің дипломы арнайы комиссия арқылы қарастырылады. Шақыртуды әкімшіліктен алғаннан кейін 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге виза алу арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше кейбір елдердің азаматтары – Өзбекстан, Армения және Әзербайжан тұрғындары – Қазақстанда 1 жылға дейін тіркеліп, жұмыс істей алады. Ал Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Қазақстан арасында жұмыспен қамту туралы арнайы келісім бар. Бұл келісімге сәйкес, кез келген мекеме осы елдердің азаматтарымен өзара келісімшартқа отырып, оларды 1 жылға дейін жұмысқа қабылдай алады. Бұл тәртіп тек осы төрт мемлекетке қатысты, – дейді Ерлан Қабдоллаұлы.
2024 жылы Жетісу облысында шетелдіктерге қатысты 28 қылмыс тіркелді (2023 ж. – 26, 7,7%-ға көп). Шетел азаматтарының өздері жасаған қылмыстар саны 17-ге жетті (2023 ж. – 12, 41,7%-ға көп). Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жалпы сомасы 36 396 660 теңге айыппұл салынды, оның 100%-ы өндірілді (2023 ж. – 30 142 295 теңге, 20,8%-ға көп). Заң бұзған шетелдіктерді депортациялау жұмысы күшейтілген. Жыл басынан бері 148 шетелдік елден шығарылды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 97,3%-ға көп. Депортацияланған шетелдіктердің саны: Өзбекстан – 128 адам, Тәжікстан – 15 адам, Әзірбайжан – 2 адам, Ресей, Бразилия, Қытай – 1 адамнан.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, ал көші-қон заңнамасын бұзғандарға қарсы қатаң бақылау жүргізіледі,- деді көші-қон қызметі басқармасының бастығы.
Назерке НАБИКЕНОВА