ҚАЗЫНАНЫ АЙЫППҰЛМЕН ТОЛТЫРАМЫЗ БА?

0
76

Қыстың қаһарлы аязында көлікті қыздыру – қазақстандық жүргізушілердің күнделікті әдетіне айналған. Алайда 2025 жылы енгізілген жаңа заң бұл дәстүрге шектеу қойып, көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға 5 АЕК мөлшерінде, яғни 19 660 теңге ал қайталаған жағдайда 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл салуды көздейді. Бұл шешімді Сенат депутаты Марат Қожаев қолдап, норманың экологияны жақсартуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа көліктерді ұзақ қыздырудың қажеттілігі жоқ, ал ескі көлік иелері жаңа көлік сатып алғанша айыппұл төлеуі тиіс дейді.

Экологияны жақсарту – заңның негізгі мақсаты болғанымен, қазіргі кезде Қазақстан атмосфераны ластаушы елдердің бірі саналады. 2022 жылғы деректер бойынша, автокөліктерден шыққан зиянды газдардың үлесі жалпы ластанудың 40%-ын құрайды. Алайда, бұл көрсеткішті төмендету үшін тек көліктерді қыздыру уақытына шектеу қою жеткіліксіз деп ойлаймын. Бұл ереже экологияны қорғау мен энергия үнемдеу мақсатында қабылданғанымен, оның нақты іске асуы еліміздің климаттық ерекшеліктеріне сай келмейді. Қыс мезгілінде Қазақстанның солтүстік аймақтарында температура -40°C-қа дейін төмендеуі мүмкін, ал оңтүстік аймақтарда да -20°C-қа дейін суытады. Мұндай суықта көлікті 5 минут ішінде қыздыру мүмкін емес. Әсіресе ескі көліктердің жағдайы қиын, оларды қыздыру үшін көп уақыт қажет.
Бұл заң экологиялық мәселелерді шешу мақсатында басқа мемлекеттерде де қабылданған. Бірақ әлемнің басқа бөліктерінде, мысалы, АҚШ, Канада, Германия сияқты елдерде көлікті ұзақ уақыт қыздыруға тыйым салатын ережелер көбінесе жылы климатта қолданылатын заңдар. Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штатында экологияны қорғау мақсатында ұзақ уақыт көлік қыздыруға тыйым салынған, бірақ бұл өңірде ауа температурасы қыста төмендемейді. Канада мен Германияда да экология мәселелері ескеріліп, көліктердің ұзақ уақыт қыздырылуы шектеген, бірақ бұл заң жылы аймақтар үшін арналған.
Ал Қазақстанның суық аймақтарында, әсіресе солтүстікте, мұндай ереже іс жүзінде қолдануға келмейді. Қарапайым халық үшін көлікті қыздырудың нақты қажеттілігі бар, өйткені көліктің дұрыс жұмыс істеуі үшін оны қыздыру уақытын ұзарту қажет. Ал 5 минут ішінде көлікті толықтай қыздыру тек жаңа көліктер үшін мүмкін болады, ескі көліктердің жағдайы әрдайым жақсы болмайды. Қыс мезгілінде көліктерді ұзақ қыздыруға тыйым салу, бір жағынан экология үшін пайдалы болғанымен бұл заң Қазақстанның қазіргідей жағдайында қалай жүзеге асырылсын?
Қарапайым халық бұл заңның әділетсіз екенін, қысқы суықта оны сақтау мүмкін еместігін алға тартып отыр. Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескергенде, көлікті тек 5 минут қыздыру жеткіліксіз. Әсіресе, терезе мен айнаның мұзы еріп үлгермесе, жүргізушілер үшін жолға шығу қауіпті болады. Мұндай жағдайда жол-көлік оқиғаларының саны артуы мүмкін, бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенінің бір ғана мысалы.
Бұл заңның алғашқы құрбандарының бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Алтынбек Әлбеков. Ол көлігін 5 минуттан артық қыздырғаны үшін көршісі түсіріп алған бейнежазбаның негізінде айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Сонда бұл заң қабылданса, оның орындалып жатқанын кімдер бақылайды? Ал заң бұзушылықты байқап, видеоға түсіріп, тиісті органдарға жолдау кімнің міндеті болмақ? Үкімет аңдушыларға сыйақы тағайындай ма, әлде әрбір көліктің жанына камералар мен секундомерлер орнатуды көздей ме? Мұндай бақылау жүйесінің жүргізбесе бұл заңның пайдасы қандай?
Қазақстандық жүргізушілер арасында жүргізілген сауалнамалар бұл ережеге қатысты келіспеушіліктің басым екенін көрсетті. Талдықорған қаласының тұрғыны Алмас жаңа ереженің халық үшін қиын екенін айтады. «Қыстың қақаған аязында көлікті 5 минутта қыздырып үлгеру мүмкін емес», – дейді ол. Алматы қаласының тұрғыны Ермек жаңа көліктерге мұндай шектеулер қиындық тудырмайтынын мойындағанымен, халықтың басым бөлігі ескі көлікпен жүретінін және жаңа көлік сатып алуға жағдайы жоқ екенін атап өтті. «Бұл заң қарапайым халықтың жағдайын ескермейді. Ескі көлік иелері үшін бұл талапты орындау өте қиын», – дейді.


Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 473 711-ге жетсе, оның 88%-ы жеңіл көліктерді құрайды. Алайда, бұл көрсеткіштің екінші жағынан қарасақ, 2 500 000 көлік 20 жылдан бері пайдаланылып келе жатыр. Жаңа көліктердің үлесі айтарлықтай аз: соңғы 3 жылда бар болғаны 313 500 көлік тіркелген. Жетісу облысының өзінде 45 300 көлік бар. Бірақ бұл өңірде де, жалпы елде де халықтың басым бөлігі ескі көліктерді пайдалануға мәжбүр. Мұның себебі – жаңа көлік сатып алуға халықтың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Қазақстанда жаңа көлік сатып алуға тек жоғары табысы бар азаматтардың ғана жағдайы жетеді. Орташа табысы бар немесе ауылдық жерде тұратын азаматтар үшін көлікті жаңарту мәселесі үлкен экономикалық қиындық туғызады. Несиеге алынған көліктердің жоғары пайыздық мөлшерлемелері қосымша қаржылық ауыртпалық салады. Қазақстанда автосалоннан шыққан ең арзан көліктердің өзі шамамен 7 миллион теңгеден басталады. Chevrolet Cobalt, JAC, Changan сияқты модельдер қолжетімді деп саналса да, олардың сапасы мен ұзақ мерзімді пайдалану мүмкіндігі төмен. Бұл көліктердің орташа қызмет ету мерзімі шамамен 10 жылды құрайды, ал олардың қосалқы бөлшектері мен техникалық қызмет көрсетуі халық үшін қосымша шығын әкеледі. Осылайша, жаңа көлікке ауысу қарапайым жүргізушілер үшін тиімсіз шешім.
Сонымен қатар, ескі көлік иелері үшін 19 660 теңге көлеміндегі айыппұл үлкен салмақ болып отыр. Қайырхан есімді жүргізуші бұл соманы төлеудің өзі қиын екенін айтты. «Қыс кезінде көлікті ұзақ қыздырмай жүру мүмкін емес. Ал жаңа көлік сатып алуға жағдайым жоқ», – деп шағымданды ол.
Дегенмен, заңды қолдайтындар да жоқ емес. Олардың пікірінше, бұл шектеу экологияны жақсартуға көмектеседі. Көліктерді ұзақ қыздырмау атмосфераға зиянды газдардың бөлінуін азайтады деп есептейді. «Алайда, экологияны жақсарту үшін қабылданған бұл бастама халықтың көпшілігіне тиімсіз болып отыр», — дейді Асхат. Егер шын мәнінде экологияны қорғау мақсат етілсе, бұл заңды жүргізушілердің тұрмыстық жағдайына бейімдеп, оның тиімділігін арттырудың балама жолдарын қарастыру қажет. Мысалға біріншіден, экологияны жақсарту үшін жанармай сапасын арттыру. Егер барлық көліктер экологиялық таза жанармай пайдаланса, зиянды шығарындылар азаяды. Екіншіден, электр және гибрид көліктерді сатып алуға ынталандыру. Мемлекет осындай көліктерге субсидия беріп, жеңілдетілген автонесиелер ұсынса, көлік иелерінің жаңа технологияларға көшуіне жағдай жасайды. Осы балама жолдар халық үшін тиімдірек болар еді және олар тек экологияны жақсартумен шектелмей, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті де азайтар еді. Экологияны қорғау үшін тек қатаң тыйым салу емес, жан-жақты шешімдерді қарастырған жөн.
Қазақстандағы қыстың қақаған суығы мен халықтың әлеуметтік жағдайын ескерместен қабылданған бұл заң көптеген жүргізушілер үшін қиындық тудырды. Ескі көлік иелері үшін 5 минуттық шектеуді сақтау мүмкін емес, ал жаңа көлік сатып алу мәселесі қаржылық ауыртпалық болып табылады. Егер аталған норманың мақсаты экологияны жақсарту болса, оны қайта қарап, халықтың қажеттіліктері мен жағдайына бейімдеу қажет. Халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етпейінше, мұндай заңдар елдің дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ