БІЗ АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВТЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

0
84

Талантты ақын Жұматай Жақыпбаев туралы мақала жазбас бұрын санама сан сауалдар келді. Ақын өмірі жайлы тың деректер көп кездеспейтіндіктен және жастар аудиториясы ол ақын жайлы көп біле бермейтіндіктен кезінде ақынмен қатар жүрген, сырлас інісі болған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ ағамызбен сұхбаттасып, шынайы өмірі туралы қалам тартқанды жөн көрдім.

– Нүсіпбай Додабайұлы, әңгімені қазақтың Жұматай Жақыпбаевтай талантты ақынымен қалай танысқаныңыздан бастасақ. Ондай сирек тұлғалармен танысып, бірге жүрудің өзі бір бақыт емес пе?
– Айтқаныңа толықтай қосыламын. Шынында өмір жолымды Жұмағаң сияқты дара тұлғалармен тоғыстырғаны үшін тағдырыма шын мәнінде ризамын деуіме болады.
Сөз орайы келгенде мақтаныш ретінде мұндай мықты ақындармен өмір жолымның көптеп түйіскенін де айта кетейін. Мәселен, жиырма жастан жаңа асқан кезімде Семей жерінде Әбішпен – Әбубәкір Қайрановпен жолығып, жан жолдас болып кеттім. Жамбыл аудандық газетінде Есенқұл Жақыпбековпен бір бөлімде жұмыс істедік. Мені газет жұмысына әкелген де сол Есағам болатын. Күрті, Балқаш өңірінде Айтуған Шәйімов пен Нұрсапа Аманжолов ағаларыммен жақын араластым.
Жұматай Жақыпбаевпен Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде қызмет істеп жүргенде 1980 жылдары таныстым. Ауданымыздың Ақсеңгір ауылында әлдебір жақын туысы тұрды-ау деймін, сол ауылға өтіп бара жатып әйтпесе қайтып келе жатып редакциямызға бір соғып кететін.
Дәл сол кезде жақын араласып кеттік деп те айта алмаймын. Арамыздағы жас айырмашылығы да бар, ол кезде ақын шығармашылығымен оншалықты таныс еместігім де себеп болған болуы керек, бірден жақындасып кете қойған жоқпыз.
Жақын таныстығымыз Алматы қаласында, мен сол кездегі ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүргенімде басталды. Сол жылдары Әбіш досым Алматы қаласына көшіп келді. Соған барып жүріп Мейірхан Ақдәулетов сияқты ақын ағаларыммен де араласып кеттім. Бауыржан Үсенов пен Гүлнәр Салықбаймен бір курста оқысам, Светқали Нұржан мен Бауыржан Жақып, Мұратбек Оспанов, Қайрат Әлімбектермен қатар оқыдық деуге болады.
– Әйгілі Жұматай қағанатының құрылатыны да осы кезең емес пе?
– Дұрыс айтасың, қағанат осы кезде құрылды. «Моңғол қағанатын құрып мына қазақтарға өлеңнің қалай жазылатынын көрсетейік» деген әзіл-шыны аралас әңгімеден бастау алған қағанат шынында да өте мықты болды. Жұмағаңның өзі қаған атанса, Мейірхан ағам мен Әбіш досым илхан, яғни орынбасар лауазымына тағайындалды. Жоғарыда аттары аталған ақындар, олардың арасында Айсұлу Рүстемова мен Темірғали Көпбаев, Кәдірбек Құныпияұлы, Қазыбек Иса, марқұм Есенқұл Жақыпбеков пен Есжан Айнабековтер бар, қағанаттың нояндары атанды. Есенқұл ағам Ұзынағаштан келіп тұрды, сырттай оқып, Алматыда жұмыс істеп жүрген кездерінде жақын араласты.
1989 жылы, демек қайтыс боларынан бір жыл бұрын Жұмағаңды күнара көріп тұрдық десек те болады. Олай дейтінім, ақтөбелік досым Серік Омаров екеуміз сол кезде Морис Торез көшесіндегі тележурналистерге арналған қонақүйде 4-5 ай тұрдық. Жатақхана есебінде салынған бұл қонақүйдің төлемақысы да қалта көтерерлік, барлық жағдайы да жасалған болатын. Бұл кезде сырттай оқу бөліміне ауысып кеткеніміз себепті алты айлық сессияға келген болатынбыз.
Мейірхан ағам осы қонақүйге жақын тұратын. Соған орай, онымен жақын араласатын Жұмағам екеуі бізге жиі соғатын.Әбіш досымның солардың қасынан табылатыны, былайғы күндері де бізге жиі келіп тұратыны өз-өзінен түсінікті. Мұның өзі бір бөлмелі пәтер түріндегі біздің нөмірімізде қағанат басшылығының мәжілісі жиі өтіп тұрды дегенді білдіреді.
Жастарды қағанатқа қабылдау тәртібінің өзі қызық болатын. Жаңағыдай мықты ақындар автоматты түрде нояндар қатарынан орын алса, кейін келгендердің алдымен өлеңдері тыңдалатын. Өлеңдері мықты болса көп ұзамай қабылданады, нашарлау шығып жатса «Тағы бір келерсің, басқа өлеңдеріңді де тыңдап көрелік» деген сыңаймен шығарып салынады. Өздерінің шатпақтарын Светқали мен Бауыржан сияқты дүр ақындардың өлеңдерімен салыстырып көре ме, келесі жолы нашар ақынсымақтардың өздері де төбе көрсете қоймайтын. Белгілі бір ақын ағамыздың Жұмағаңа: «Нояның болмасам да қояның болайын, қағанатыңа қабылдашы» деген әзіл-шыны аралас өтініш айтатыны да осы кез.
– Ақын ағамыздың шығармашылығы жайында не айтар едіңіз?
– Жұмағамның шығармашылығы жайында көп айтуға болады. Біріншіден, ол өлең өлкесінде өзіндік орнын тапқан ақын. Басқа сөзбен айтқанда, өзге ешкімге ұқсамайтын талантты шәйір.
Бір-біріне ұқсамасын ақындар!
Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.
Өйте берсе бәрін қуып, халайық,
Біреуін-ақ қалдыруға қақың бар, – деп Қадыр ақын айтпақшы, ақындар бір-біріне ұқсамауы керек қой. Содан кейін де талантты ақындардың қолтаңбасын бірден айырасың.
Әрине, Жақыпбаев поэзиясы жайында айтқанда Ләйлә тақырыбын айналып өте алмайсың. Айналып өтудің де қажеті жоқ.Өйткені «Керік қасты, қара алмас көзді, ай қабақ» Ләйлә бүгінде жалғыз Жұмағаңның музасына ғана емес, бүкіл жырсүйер қауымның тәу етер махаббат символына айналды. Содан кейін де Жұматай Жақыпбаев десе көз алдыңа көпшілік алдынан, сал-сері ақынның алдынан шалқи күлімдеп өтетін Ләйлә ару келе қалады. Бұл жағынан алғанда Ләйлә образы әлемге әйгілі Петрарканың Лаурасы образынан асып түспесе кем соғып тұрған жоқ.
Айыбым болса кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жымитып неше қаланы?
Траптан түссең алға аттап
Тәкаппар асқақ түрменен,
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.

Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап,
Ләйләнің туған күні деп,
Ләйлісем деп ем мейрамдап.

Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба
Ақымақ әлем бір рет?!
Иә, ақынның арманы орындалмас арман. Қанша армандасаң да ақын айтқандай ақымақ әлем Ләйләнің туған күнін тойлай қоймасы анық. Тіпті елеп-ескеріп жатпайтыны да айдан анық. Өлең сонысымен де өлең.
Әйтсе де ақынның өзінің туған елінің тойлауына келетін болсақ, бұл орайдағы арманының орындалып та қалуы мүмкін-ау деген ой көңіліңе оралмай қоймайды. Өлеңсүйер қауым жыл сайын Ләйләнің, өз кезегінде Жұмағаңның туған күндерін атап өтіп жатса ақын арманының орындалғаны да сол емес пе?
Ақын өлеңдерін оқып отырғанда мың сан бояуымен құлпырған туған жердің табиғаты сол қалпында көз алдыңа келетіндей.
Сеңсеңі жасыл, көрпеші гүлді, беткей,
шың,
Көп болды көлбеп көзімнен бір сәт
кетпейсің.
Көкекке мініп, италақазды жетекке ап,
Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.

Қарайған шақта қар жабу жапқан
құба бел,
Тоң болып жатқан топырақтардан
тұра гөр.
Көктемім менің, жеті қат жердің астынан
Ит жуа болып,бәйшешек болып
шыға кел!
Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,
Отарын көкке жаятын болсын ертең ел.
Темірден қашып тентіреп кеткен
цыгандай
Қаңғып та кеткен құстардың бәрін ерте
кел, –
деген жолдар бұл тұжырымымызға дәлел бола алады.


– Ақын Жақыпбаевтың шығар-машылығы жайлы азды-көпті айтып өттіңіз. Ол кісіге адам ретінде қандай баға берер едіңіз?
– Екеуін бір-бірінен айырып қарауға болмайды. Олай дейтінім, іштар, қызғаншақ, тілеуі жаман адам ешқашан жақсы ақын бола алмайды. Мен білетін Жұмағам да керемет жақсы адам болатын. Оның біреуді сыртынан жамандап, күйе жағып отырғанын көрмеген екенмін. Біреуге деген ренішін, өкпесін айтып отырғанын, аузынан әлдебір анайы, боқтық сөз шыққанын да естімеппін.
Сол жылдары Жұмағам жұмыссыз жүрді. Өлең, өмір жайындағы асқақ әңгімелер айтылып жатқан тұста ондай ұсақ әңгімелерді де қозғаған емес. Қай кезде болсын жүзі нұрланып жымиған қалпынан айнымайтын.
Жалпы көркем адам еді ғой. Көркем адамның жан дүниесінің де көркем болатыны белгілі. Үстіне қылпық жұқтырмай сәнді киініп жүретін. Баяғының Біржан салы мен Ақан серілері де осындай-ақ болған шығар деп ойлаймын. Өмірден ерте өтіп кеткен марқұм Бауыржан Үсенов бауырымыз да сол сал-серілердің қатарынан болатын.
Ақынның «Менің атым» деген өлеңін автопортрет қатарына қоюға болатындай. Осы өлеңнен Жұмағамның бет-бейнесі, тұла бойы табиғаты айқын байқалады. Соған орай өлеңді тұтастай бере кеткен артық болмайтын секілді.
Жұмағұл-Шора – азан сап қойылғаны,
Мейірімін шешем қосып ойындағы,
«Жұматай» деп атады. Кейін қыздар
Осы атты керемет деп мойындады.

Көшеде жүйрік шыбық алып қашып,
Мектепте күс-күс қолмен әліппе ашып,
Қара жол, бау-бақшада шықтым содан
Көрнекті сотанақ боп қалыптасып.

Добың не, кернейді де мықты үрлеймін,
Қай бетпен шатақтан да бұқтым дейін.
Осы атпен басбұзардан боксшы боп,
Ақ шаршы рингке де шықтым кейін.

Спорттың құшағынан босап мәңгі,
Көргенде бар қызығым осы-ақ мәнді.
Аңдамай ғашық болып, сол атыма
Бір сұлу қыздың да аты қосақталды.

Жасыл тау жадыраған күн өтінде,
Осы атым – жұрт аузында жүретін де.
Ат бапкер, алаяқ ат иесі боп
Жас пері, жаңа күйші ретінде.

Жиреннің қай күліктен атағы кем,
Көкпарда көзсіз болу қата білем.
Үш қабат үйлей тастан ат секіртіп,
«Жұматай – ажалсыз» да атанып ем.

Алғанда тәңірінен азар сұрап,
Өшпейтін дәріптеусіз, назарсыз-ақ.
Кемедей еш теңізге батпайтұғын,
Апамның қойған аты – ажалсыз ат.
– Жұматай Жақыпбаевтың зайыбы Зайда Елғондинованың да белгілі ақын екенін бәріміз білеміз. Ол жайында не айтар едіңіз?
– Зайда Елғондинованы ақын ретінде бұрыннан білетінмін. Сол жылдары «Жалын» журналына жарияланған бірнеше өлеңін осы күнге дейін жатқа білемін.
Алматыда жүргенде Жұмағамның үйіне жиі барып тұрдым деп өтірік айта алмаймын. Қарбалас тірлікте оның реті келе қоймапты. Жаңа айтып өткенімдей, көп ретте көпшілік жерлерде бас қосып жүрдік.
«Сен ақынға тұрмысқа шықтым деме, сен ақынды бала ғып алдым деп біл» деген Қадыр ағамыздың өлеңі өмір шындығынан туған-ау. Сол айтқандай, екі ақын өлеңде де, өмірде де бір-біріне мықты рухани сүйеу, тірек бола білді.
Бүгінде Зайда ақынмен көп ретте Талдықорғанда мәдени шаралар барысында жолығып қаламыз. Сондай шаралар кезінде бірнеше рет дастарқандас та болдық. Оның бір естелігінде айтқан «Мен Жұматайды «Ләйләсімен» бірге жақсы көрдім» деген сөзі есімнен кетпейді.
– Жұматай Жақыпбаев секілді тұлғаларымызды ұмытпас үшін, өскелең ұрпаққа дәріптеу үшін қандай іс-шаралар жүргізген дұрыс деп санайсыз?
– Әрбір дара талант ең алдымен өзінің туып-өскен жерінде ардақталынуы тиіс. Туған ауылындағы мектеп ақын атымен аталғанымен облыс орталығы Талдықорған қаласында ескерткіш орнатып, көшеге есімін беру, әдеби байқаулар, мүшәйралар ұйымдастыру, ақын шығармашылығын насихаттайтын кештер өткізу маңызды болып табылмақ. Қаладағы кітапхананы ақын атымен атасақ деген ұсыныс та айтылып жүр. Жалпы ақын рухына қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды.
– Сізден осы уақытқа дейін естімеген бірқатар ақпаратқа қанық болдық.Оқырман қауым біле бермейтін қызықты сұрақтарға жауап алдық. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген:
Талшын ИЕМБЕРДИЕВА


ПІКІР ЖАЗУ