ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ЕР АДАМНЫҢ ӨЛІМІНЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ КІНӘЛІ МЕ?

27 жастағы Азат Құдайбергеновтың қайғылы оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Қаза тапқан төрт баланың әкесі полиция қызметкерлерінің қудалауынан соң өзіне қол жұмсады.
Оқиға ауылдағы дүкеннің сейфінен 300 мың теңге ұрланғаннан кейін басталған. Бұл ұрлық оқиғасы бойынша полиция екі адамды күдікке алған, олардың бірі марқұм Азат, екіншісі оның бауыры Сағат. Оқыс оқиғаға дейін 10 күн бұрын Азат пен Сағат сол дүкенде жұмыс істеп, кейін жұмыстан шыққан екен.
Марқұмның бауыры Сағаттың айтуынша, полиция қызметкерлері нақты кінәліні іздеу орнына, ешқандай дәлелсіз екі ағайындыға жала жапқан. Осылайша, екі бауырдың тағдыры теріс айналып, оқиғаның салдары трагедиямен аяқталды. Оның бас киімінің ішінен табылған хат оқиғаның тереңдігі мен оның қайғылы себептерін ашты. Хатта марқұм өз және інісінің кінәсіз екенін жазып, жалған жалаға шыдай алмайтындығын айтқан.
Марқұмның анасының айтуынша, баласының денесінде ұрып-соғу белгілері болған. Оның ерні жарылып, шынтақтарында көгерген іздер мен сызаттарды байқаған. Қазір Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады, ал сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Қайғылы жағдай қоғамда полиция қызметінің жұмысына қатысты сұрақтар туындатты. Халық арасында құқық қорғау органдарының әрекеттеріне деген күмән мен сенімсіздік күшейді. Әзірге оқиға толық зерттеліп, кінәлілердің анықталуы қажет.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»