АКТЕРДІҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ БЕЙНЕЛЕНДІ

0
41

Талдықорған шаһарына гастрольдік сапармен «Жаңа ғасыр» театрының әртістері келген болатын. Олар Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында 25-і мен 28 ақпан аралығында репертуарларындағы 4 қойылымды көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінің сұрауына жауап берілді.

«Жаңа ғасыр» театрының БАҚ өкілдерімен өткізген жиында Асанәлі Әшімовтың біраз айтқан сөздері көңіліме қатты жағып қалды. Соның ішінде, бір сұрақ «Асанәлі аға сіздің зұлым рөлдерді сомдайтыныңызды білеміз. Ондай рөлдерде ойнаған уақытта актердің алатын өзіндік кайфы болады ма?» дегендей болды. Барлығымыз білетіндей Асанәлі ата қазақ киномотографиясында Бекежанның рөліндегі зұлым ретінде есте қалған. Бірақ ол кісінің айтуынша, актер ретінде ол тек бір мәрте зұлым кейіпкердің рөлін сомдапты. Оның өзі осы «Қыз Жібектегі» Бекежан. Алайда барлығы жаңсақ пікірмен зұлым рөлдерді ылғи сомдайды деп қателеседі дейді. Актердің тағы бір сөзі менің бұрынғы қалыптасқан ойымды өзгертті. Ол Бекежанды зұлым деп жек көрінішпен қарағаным еді. Асанәлі Әшімов өзі сомдаған Бекежанды зұлым деп айту қате пікір деген тұжырымды айтады. Оның себебін «ол заманда қызға көзін салмаған кім бар, Бекежанның ашу-ызасы негізге сай. Айттырып қойған қалыңдығыңды көлденең көк атты келіп әкетсе, сен де ашуланар едің. Мұндағы Бекежанның қателігі жебені атып қалғаны», — деп қарапайым сөзбен ойды өзгерте салғаны бар.
Сонымен қатар, Асанәлі Әшімовтың өз кезеңіндегі өнер жайлы айтқан сөзі де жаныма жайлы болып, жадымда сақталып қалыпты. Ол кісінің айтуынша, өнер бүгінде екі тарапқа бөлінген. Алайда оның бірі өнер емес өмір дейді өнер майталманы. Ол екеуінің айырмашылығын былай түсіндіреді: «Өнер ол сенің ашығып тамақ ішуге қол созып келе жатқан сәтіңді көрсетсе, өмір отыра қалып тамақты асап жеуің. Бүгінде өнер деп көрсетіліп жүрген кино қатары – өмір. Ал нағыз өнер деп Қыз Жібек киносында асқа отырар сәтті көрсеткенімен алып асап жеп отырған сцена көрсетілмейді. Бұл – өнер», — дейді. Тура солай Жетісудың тұрғындары Асанәлі Әшімовтан өнерді үйренген жастардың қойылымын тамашалады.


Еске сала кетсек, Талдықорғанға Алматы қаласы әкімдігінің «Жаңа ғасыр» театры гастрольдік іссапармен келіп, көрерменге өнерін паш еткен. Жетісуда 25 ақпан күні Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты Асанәлі Әшімовтың өмірімен байланыстырылған қойылым қойылса, өзге күндері Е.Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» атты поэтикалық комедиясы мен «Алматы махаббатым» атты концерт-спектакль көрсетілді. Ал Р.Томанның «Сегіз әйел» атты детектив жанрындағы қойылымының премьерасы көрсе-тілді.
Әрбір қойылым өзінің мазмұнымен және актерлердің шеберлігімен дараланады. Атап айтқанда, Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты қойылымы театрдың абыз тұлғасы, жас актерлердің ұстазы Асанәлі Әшімовтың қиын да қилы тағдырына арналған екен. Мұнда бүгінде жасы егде тартқан актердің өнерге қадам басқаннан осы сәтке дейінгі жеңісі мен жеңілісі, қайғы қасіреті жайлы бір үзік сыр айтылғандай. Қойылым жиылған өнерсүйер қауымға ерекше әсер етіп, күрсінтпей қоймады. Бұл көзімізге жас үйірілетіндей сахналанған актердің өмірінің азынаулақ бөлігі ғана. Шын мәнінде көрсетілмеген сәттер мен ол ғана білетін оқиғалар немесе айтылмай іште қалған ой мен қайғы қанша екені тек өзіне аян. Бірақ бір айта алатыным ол кісінің сағы сынбай бүгін де өнерге үлес қосып бір театрдың пір тұтар басшысы болып жүргені оның мықтылығы мен өр тұлғалығын көрсетеді.
Сахна төрі шахмат тақтасымен безендіріліп, онда әр фигура орнында абыз тұлғаның анасы, жары Майра, қос ұлы мен замандас-дәмдес болып, өнер атты теңізде бірге жүзген Бикен Римова, Шәкен Айманов, Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова сияқты өнер өкілдерінің образ-дары сомдалып, бейнелері сахна артында көрсетілді. Режиссердің мұндай идеясы көрерменге ерекше әсер етіп, сахна саңлақтары бір сәтке қайта оралғандай кейіпке енгізді. Сонымен қатар, жас актерлердің дарыны мен толассыз жұмысының арқасында Әсанәлі Әшімовтың шынайы өмірде басынан кешкен үлкен қайғысы қос жанарындай болған екі ұлынан, сүйген жары Майрадан мезгілсіз айырылғаны, өшпес махаббаты тағы да басқа өмірдегі қиындықтары әсерлі етіп сахналанды.
Қойылым соңында актер сахнаға шығып, «Жан балам» атты әнін орындады. Сол бір сәтте залда отырған әр көрерменнің денесінен ток жүріп, әртістің қайғысын сезінгендей әсерде болғаны анық.
Ердің басына қиындық тумай тұрмайды. Алайда оны көтере алатындар мен сағы сынып бір орыннан көтеріле алмай қалатындары қаншама. Абыз азамат басына қанша қара бұлт үйірілсе де, жығылмай әлі күнге өнерге үлес қосуда. Ол өмір мені жеңді, мен жеңілдім демей, алға қадам басты. Жүрегіндегі мұңын жазу арқылы шығарды. Бүгінде жас актерлар өнер көрсететін «Жаңа ғасыр» театрының басшысы, ұстазы. Болашақта мұндай арда азаматтың өнер мектебінен қанат қаққан шәкірттері ұстазынан оза туады деп ойлаймыз. Өнерлеріңіз өрге домаласын.

Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ