ҚОЙЫЛЫМ АСТАРЫНДАҒЫ БҮГІНГІНІҢ ШЫНДЫҒЫ

0
39

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа құрамы сахналаған спектакль театрсүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, жаңа шығармашылық кезеңнің бастауына айналды.

Еске сала кетсек, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа құрамының өнерін тамашалап, жетісулық өнерсүйер көрермен өткен айда «Сюрприз» атты қойылымға көзайым болған еді. Міне, күні кеше аталған қойылым тағы бір мәрте көрерменге жол тартып, әртістер қошеметке бөленді.
Қазақстанға есімі танымал әртістердің өнерін тамашалаған Талдықорған жұртшылығының көңілі көтеріңкі. Елге аты тараған дарынды актерлар қатары авторы Олег Антонов, режиссері Есләм Нұртазинның «Сюрприз» қойылымын сахналады. Көрермен тарапынан толассыз қошеметке бөленген спектакль айтарлықтай деңгейде қойылды деп ойлаймыз.
Көрермен ретінде айтарым, аталған қойылым көңілден шықты. Басы тәтті басталған спектакль адамды еріксіз күлкіге бөлеп, енді бір уақытта көңілімізді босатты. Қойылым өмірден алынған оқиға желісінде көрерменге түрлі әсер сыйлады. Алайда әр спектакльдің астында жасырынған астарлы ой бар екенін барлығы біледі. Туынды астарлы ойсыз көрерменге жол тартпайды. Себебі мәні мен мағынасы жоқ жұмыс жұрт көңілін көншітпейді. Кеше де сондай ойдың бірінен көкейімде қызық сұрақ туындады.
Оқиғада Назым атты қыздың әкесін іздеп, қуанышты сәтінде жақынының жанынан табылуын қалағаны көрсетіледі. Назымның туған күні еді. Бұл күні ол болашақ күйеуінің отбасымен таныспақ. Бірақ қыз жігіттің отбасымен танысуды онша қаламады. Оның себебі, жанының бір бөлшегі анасының сол сәтте қасында жоқтығы еді. Ал әкесіне келер болсақ, қыз әкесін танымайды. Бір білетіні оның есімі Марат, ол 27 жыл бұрын анасы Ғалиямен санаторийда танысқаны және сол сәтте үстінде монтана спортивка мен жыртылған шалбардың болғаны ғана. 26 жылда қыз әкесінің кім, қай жақтың тумасы, руы сияқты бір ақпаратты білмеген.
Жүрек қалауына ерік берген кейіпкер әкесін табуды қалап фейсбук желісіне анасының хатын жариялайды. Бірақ телефонға келіп түскен бірде бір хабарлама жоқ. Үміт үзілгенде қонаққа жиылған апақ-сапақ бір мезетте үйге ер адам келеді. Ол Марат екен. Өзін қыздың әкесімін деп таныстырады. Тура солай бірінің артынан бірі үш Марат есімді егде тартқан азамат Назымның әкесімін деп үйге келіп, естеліктерімен бөліседі. Үшеуінің де оқиғасы бірдей. Үшеуі де санаторийде болған. Ғалия есімді арумен қысқа махаббат хикаясы бар.


Қойылым соңында түрлі оқиғаны басынан кешкен үш кейіпкердің де арудың әкесі болмай шыққаны барша көрерменді жабырқатып, Назымның әке дей айқайлаған сәті жиылған қауымның көзінен жас шығарды. Актерлік құрамның ойынында мін жоқ. Лық толған залдың барлығы қойылымды жүрегімен қабылдап, 2 сағатта көңіл күйді тербеген актерлерге тоқтаусыз қошемет арнады.
Ойланып тұрсам бұл көріністе екі сағаттың ішінде бір ғана емес бірнеше шынайы өмірде орын алатын оқиғалар көрсетілген. 3 әкенің бір-бірімен сырласып, басынан өткен келеңсіз оқиғаларын айтқан кезінде, бірінің мансапты қуып, отбасы жайлы ойламағаны көрсетіледі. Араға жылдар салып мансабы өрбігенде жақынына жат болып, қартайған шағында оларға көріне алмай жалғыз қалғаны баяндалады. Аталған оқиғаға ұқсас өмірлер қоғамда көптеп кездеседі. Ал екіншісі, баласыз қалғанын әйелінен көріп, күйіктен соққыға жыққан ердің естелігі. Елдің «әйелің тумайды» деген сөзі оның отбасының шаңырағын шайқалтқанын байқамады. Алайда ақыр соңында баланың жоқ болуы әйелінің емес өзінің кінаратынан екенін білген оған күйініш пен өкініш сезімін тудырды. Сіз бен біздердің арамызда да тура осындай оқиғалар көп орын алады. Баласыз отбасының болуы әйелдің кінаратына ғана байланысты деген халықтың жаттанды ойы нәзік жандылардың өмірін ойрандатуда. Үшінші, яғни соңғы оқиғада Маратты сүйіп қосылған жары алаяқтар қатарынан болып, оның бар жиған тергенін алып қашып кеткені айтылды. Қарап тұрсақ қазір алаяқтар көптеп кездеседі. Тіпті пайда, байлық үшін үйленіп, уақыт өте ойрандалған отбасылар жеткілікті. Мұнда алаяқтың құрбанына айналу кез келген жағдайда орын алуы мүмкін екені көрсетіледі.
Жоғарыда үш бірдей оқиғаны көре отыра бірден шынайы өмірде естіп білген жайттармен байланыстырып осындай тұжырымға келдім. Жалпы, қойылым аяқталған соң елімізде әкесін танымай өскен қаншама бала бар екен деген ой санамнан кетпеді. Бұл өткен ғасырларда ғана емес, бүгін де орын алып жүрген жайт. Қазақта «ТЕКСІЗ» деген жаман сөз бар емес пе… Міне қойылымда көрсетілген астарлы ой осы сөзбен мағыналас деп ойлаймын. Себебі жастықтың буымен шалыс басқан талай жанның өмірінде осындай әкесін білмей өскен бала саны қаншама. Әкесін білмейді деген ата тегін, руын, туғанын білмейтін тастанды баламен пара-пар. Бұл туралы ары қарай айта берсек үлкен даулы проблеманың бірі екенін баршаңыз білесіздер.
Көрерменге жол тартқан қойылым өмірдегі қынжылтатын, ащы шындықтардың біразын өнер арқылы көркемдеп көрсетіп берді. Қойылымда өзімді Назымның орнына қойсам әкемді іздемес едім деп қоямын. Бірақ әкесіз өмір сүріп көрмегендіктен бұл оқиғада тон пішіп ештеңе айта алмаймын. Ал сіз оқырман 26 жыл бар-жоғын білмеген әкеңізді іздер ме едіңіз? Болмаса әкеңмін деп келген бөгде жанды қуана қарсы аласыз ба?

Гүлнұр ЕРМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ