БЖЗҚ ЖҮЙЕСІНЕ СЕНІМ БАР МА?

0
52

Бұл сұрақтың пайда болуына оқырмандар тарапынан редакцияға келіп түскен сұрақтар болатын. Солардың ішінде ең өзектісі – 1980 жылы туып, қазір еңбек етіп, жалақыларынан ай сайын БЖЗҚ-ға тиісті мөлшердегі аударымдарын жасап жүргендердің «бізге кейін зейнетақы төленбейді екен, онда біз несіне БЖЗҚ-ға ақша аударып жүрміз» деген сұрақтар болды.
Біз бұл сұрағымызды БЖЗҚ-ның Жетісу облыстық филиалына қойғанымызда олар «жоғарыдағылардан рұқсат алайық»- деп, өздерінен сұраққа жауапты алып қашты. 3 күн ішінде ресми, әрі нақты сілтемелері көрсетілген ақпарат жібереміз деген еді, 11 маусымда жіберген сауал-хатымыз дәл бүгінге дейін жауапсыз …

«Зейнетақының орташа мөлшері неше теңге болып белгіленді? Бұл мақсатқа қазынадан қанша қаражат қарастырылды? Жалпы, зейнетақы қалай есептеледі? Жалақыдан ай сайын жарна жіберіліп жатса, 80-ші жылдардан кейін туған азаматтар неге зейнетақысыз қалады?» деген оқырман сұрақтарына БЖЗҚ-да отырған осы жұмысты білетін және жауап беруге тиісті мамандардың орнына сол жауапты журналист өз мойнына алып, әлеуметтік желілерді, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтын, басқа да ресми желілерді кезіп, тұрғындардан зейнетақы жайлы сауал алып, мағлұмат іздеуге тура келді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы жылдың 18 маусымында жариялаған хабарламасы бойынша 2025 жылдың 1 маусымында елімізде 2 млн 481 мың зейнеткер бар екен. Ал жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 745,9 млрд теңге сомасына зейнетақы төленіпті. Оның ішінде, базалық зейнетақы төлеуге – 564,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 181,2 млрд теңге қарастырылған. Аталған көрсеткіш бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңгені құрап, оның 95 814 теңгесі ынтымақты зейнетақы болса, қалған 47 688 теңге базалық зейнетақы деп есептелген.

«Жастықта зейнетақы туралы ойламадым. Қазір де зейнетке шығуыма әлі 15 шақты жыл бар. Сол кездерде қалай боларын көре жатармыз. Баламыз асырайтын шығар. Шынымды айтсам, кейін зейнетақы болмайды деп ойлаймын. Солай болып жатса, халық қалай өмір сүреді.. білмеймін.»

2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды — дейді министрлік. Бүгінгі күні базалық зейнетақының ең төмен мөлшері — 32 360 теңгені құрап, ең жоғары мөлшері — 50 851 теңге деп есептелді. Бұл дегеніміз базалық зейнетақының төмен көрсеткіші ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, ал шекті бағасы ең төмен күнкөріс деңгейінен 10 пайызға жоғары дегенді білдіреді.
Қазақстанда базалық зейнетақы мөлшері азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты есептеледі. Бұл өтілге 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйедегі еңбек өтілі мен БЖЗҚ-ға төленген міндетті зейнетақы жарналарының кезеңі кіреді. Егер азаматтың жүйеге қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, немесе мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең болады. Ал одан кейін әрбір қосымша жыл үшін бұл мөлшер 2%-ға өсіп отырады. Мысалы, 20 жылдық өтілде бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді, ал 30 жыл және одан көп еңбек өтілі болса – 110%-ға дейін жетеді.

«Мен 2 жыл бұрын зейнетке шыққан адаммын, бірақ әлі жұмыс істеймін. Алғашқы қолыма алған зейнетақым 60 мың теңге болған. Қазір жыл басында зейнетақы көтерілгендіктен, 80 мың теңге көлемінде аламын. Күнделікті азық-түлігіме жетеді. Бірақ, балаларға көмекке, немереге беруге, жан-жаққа саяхаттауға әрине жеткіліксіз. Өміріміздің бәрі жұмыспен өтеді екен ғой. Бейнетіңнің зейнетін көресің деген сөзге сенуші едім. Бірақ, әлі күнге ақша жетпейді. Қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Жастарға айтарым, болашақты алдын ала ойлап, зейнет жасында қандай қаржыға өмір сүретіндеріңді қазірден ойлаңдар. Болашақтың қандай боларын ешкім білмейді»

Айта кетерлігі, бір ай ішінде зейнетақы жарналары бірнеше рет аударылса да, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі ретінде бір ай ғана есепке алынады. Сондықтан ерікті түрде зейнетақы жарнасын салып жүргендерге, оны тұрақты әрі толық көлемде айына бір мәрте аударған тиімді екен.Бұл зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы мөлшерін едәуір арттырады.
Ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табыс негізінде анықталады. Ынтымақты зейнетақы алу үшін зейнетке шығушының 1998 жылға дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы қажет дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Түсінгеніміз бойынша, тұрақты қызметі жоқтар немесе өзінің жеке кәсібі бар азаматтар кейін зейнетақы алу үшін жарналарын ерікті түрде зейнетақы қорына салады. Ал егер азамат ешқашан 10% жарна аудармаған болса және 1998 жылға дейін еңбек өтілі мүлде болмаса, 2025 жылғы есеппен ол тек базалық зейнетақының 70%-ын, яғни 32 360 теңгені ғана ала алады.

«Зейнетке қалай шығамын деп ойлаймын, әрине. 1981 жылы туғанмын, зейнетақымыз өзгеше болатынын білемін. Бірақ, зейнетақысыз қалсақ қалай өмір сүреміз, түсініксіз. Қазір тапқан табысымыз толықтай баланың сабағына, киіміне, тамаққа кетеді. Зейнетақы қорына түсіп жатқан қаржым жоқ.»

ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

Мақалада көрсетілген рамкалардың ішіндегі халықтың сөзіне қарасаң, әркім зейнетақы туралы әртүрлі көзқараста. Бірі «зейнетақы алмай қаламыз ба?» деп қорықса, басқасы тіпті оның келешекте болмайтынына сенімді. Қалай десек те, әркімнің қазіргі әрекетіне сенікі дұрыс немесе бұрыс деп нақты шешім айта алмаймыз. Ал «Зейнетке қалай дұрыс дайындалу керек?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Мысалы, бұрындары зейнеткерлердің соңғы үш жылдағы салымдары арқылы қаржы тағайындаған болса, 2046 жылдан ары қарай ондай жеңілдіктің болмайтынын білдік. 63 жастан кейінгі өміріңді ойлап БЖЗҚ-ға немесе басқа қорларға қомақты қаржы жинамасаң, зейнет жасында ештеңесіз қалу қауіпі ықтимал. Біз сияқты 1980 жылдан кейін туғандардың ең қорқатын тұсы осы.

«Зейнетақының жайын әр адам өзі ойлап, дұрыс жолды қарастыру керек. Қазір нарықтық экономика дамыған кезең. Мысалы, зейнетақы қорларына сенбеймін. Болашағым үшін жолдасым, балаларым бәріміз сақтандыру қорына қаржы жинап жүрміз. Дәл қазірден, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Түрлі пайызы көп деген компаниялар мен сақтандыру қорларына қаржы жинаған тиімді деп есептеймін»

Сондықтан да болса керек, бүгінде зейнетақы қорына қаржы салуды қате санайтын азаматтар да көбейді. Сенбеушіліктің себебін олар: «Біз зейнетке шыққанша бұл жүйеде әлі талай өзгерістер болуы мүмкін. Болашақтың нақты қалай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ бір нәрсе анық – зейнет жасында лайықты өмір сүруді қаласақ, оған қазірден бастап дайындалуымыз қажет», — дейді.

«Менің зейнетақы аударымдарым жақсы. Себебі жалақым жоғары. Бірақ шынымды айтсам, зейнетақы туралы көп ойламайды екенмін. Тек жинаққа үміт артамын. Болашақта бәрібір өзгерістер болатыны анық қой. Сондықтан ең бастысы – өзіңе сену керек. Ал қазіргі күнкөріс бойынша зейнетақы кемінде 250 мың теңге болуы керек деп есептеймін»

Көпшілік тек мемлекетке сеніп отыру жеткіліксіз екенін біледі. Сол себепті жеке қаржылық жауапкершілік алудың маңызы артып келеді. Қазіргі экономикалық жағдайда ерікті түрде сақтандыру қорларына, жоғары табысты инвестициялық құрылымдарға қаражат жинау – болашақтағы қаржылық қауіпсіздіктің кепіліне айналып отыр. «Жалақының бір бөлігін тұрақты түрде жинап, сақтандыру немесе инвестициялық бағдарламаларға бағыттау – болашақта ешкімге тәуелді болмай, өз күнін өзі көре алатын зейнеткер болудың бірден-бір жолы. Себебі ертеңгі күнге сенімділік бүгінгі шешімдерімізге байланысты қалыптасады» деген де көзқарас ел арасында көп айтылады. Бұл да шынымен, болашағын ойлаған жандарға тиімді әдіс шығар. Тек түрлі қордың сенімді екеніне сенген соң ғана мұндай әрекеттерге барған жөн дегіміз келеді.
Зейнетақы – әр адам үшін қартайғандағы өмірінің кепілі. Бүгінде зейнет жүйесі туралы ақпарат көп, бірақ оны түсініп, дұрыс пайдалану – әр азаматтың өз қолында. Байқағанымыздай, мемлекет тарапынан бөлінетін зейнетақы қаржысы жылдан-жылға артып келеді. Дегенмен, қазіргі зейнеткерлердің де, болашақ зейнеткерлердің де басты уайымы – бұл қаражаттың күнделікті өмірге жетуі немесе жетпеуі болып тұр.
Кейбір азаматтар зейнетақы жүйесіне мүлде сенбейді, енді бірі тек мемлекетке ғана емес, жеке жинақ қорларына да үміт артады. Бұл – шынайы жағдай. Әркімнің өмірлік жағдайы әртүрлі, табысы мен мүмкіндігі де бірдей емес. Бірақ барлығының ойында «болашаққа дайындық керек» деген уайым. Қазірден бастап қаржылық жоспар құрып, зейнет жасында ешкімге тәуелді болмай өмір сүру – бүгінгі таңда ең өзекті мәселе.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, зейнетке шыққандардың тәжірибесі, болашақты ойлап жүрген жастардың көзқарасы бізге бір ғана шындықты көрсетіп отыр. Ол — «зейнетақы туралы ерте ойланған жөн» деген ақыл. Ең бастысы – мемлекет не береді деп күтпей, өз болашағың үшін қазірден бастап әрекет етейік, оқырман.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ