ҚҰРЫЛЫСШЫ — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУШЫ
Құрылысшы мамандығы – еліміздегі ең мәртебелі, ең қажетті және ең құрметті кәсіптердің бірі. Бұл салада еңбек ететін азаматтар қоғам өмірінің әр саласына үлес қосып, ел игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы зор ірі жобаларды іске асырып келеді. Құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер мен жолдар салынып, халық игілігіне беріліп жүргенін күнделікті жаңалықтардан аңғаруға болады.
2017 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №689 қаулысымен ресми түрде мерекелер тізіміне енгізілген Құрылысшылар күні жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтілетінін баршамыз білеміз. Елдің көркеюіне атсалысып жүрген құрылысшылардың мерекелік күні тек құрылысшылар үшін емес, елді мекеннің еңсесін көтеріп, өңірлердің көркеюіне үлес қосатын барлық азаматтардың марапатқа, қошеметке бөленетін уақыты. Осы орайда олардың мерейін асқақтату, оқырманға нағыз еңбек адамдарын насихаттау мақсатында мереке иелеріне газеттен бір бет арнадық.
Қоғамның іргетасын ұстап тұрған мамандық иелері – құрылысшылар екеніне еш күмән жоқ. Қала көркін келтіріп, ауыл ажарын ашып, жаңа өмірге жол салатын бұл мамандық иелерінің еңбегі – тас пен бетоннан да берік, болашаққа бағытталған асқақ миссия. Біз құрылыс саласында 9 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, өз ісіне адал, тәжірибелі маман, туған мекені Ескелді ауданында жер үйлердің құрылысына қарқынды әсер етіп жүрген – Наиль Назирұлымен тілдесіп, сырлы сұхбат жүргіздік.
«АЛАТАУ»: Құрылыс саласындағы еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз? Негізгі мамандығыңыз осы саламен тікелей байланысты ма? Жоғары білімді қай оқу орнынан алдыңыз?
– Құрылыс алаңындағы алғашқы қадамымды осыдан тура 9 жыл бұрын, 22 жасымда бастадым. Әрине, бастапқыда көпшілігіміз секілді мен де өзгелердің қол астында жалдамалы жұмысшы болдым. Туған жерім – Ескелді ауданында құрылыс нысандарында түрлі жұмыстар атқарып, көптің бірі болып еңбек еттім. Үй салып, темір балқытып, сым тартып, әр қадамымды тәжірибе жинауға арнадым. Негізгі мамандығым да құрылыс саласымен тікелей байланысты. Электрик және дәнекерлеу ісі бойынша білім алып, Жетісу облысындағы оқу орындарында кәсіби даярлықтан өттім. Бұл менің өмірлік таңдауым болды десем, артық айтқандық емес.
«АЛАТАУ»: Құрылыс барысында үлкен қателіктерге жол беріп, өкінген сәттеріңіз болды ма? Жалпы қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Ал құрылысшының жалақысы отбасы асырауға жеткілікті ме?
– Шүкір, тоғыз жылдың ішінде Алланың қалауымен бірде-бір рет ауыр қателікке ұрынған емеспін. Өз ісіме жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Қазір қарап отырсаңыз, кейбір жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Төбесінен су ағып, қабырғасы сыз тартып, жарыла бастайды. Мұның бәрі жұмысты жүрдім-бардым істегеннің, тек уақыт қуып, сапаны елемегеннің салдары деп білемін. Ал мен үшін әр салынған қабырға – адал еңбектің көрінісі, ол жерде біреудің отбасы өмір сүреді, демек, біз соған лайықты жағдай жасап беруіміз керек.
Жалақы мәселесіне келсек, иә, бұл бәріміздің жанымызға батып жүрген ортақ проблема. Қанша тырысып, көп ақша тапқандай болсақ та, күнделікті тіршіліктен артылмайды. Өзімнің мектепке де жетпеген екі кішкентай балам бар. Оларды өсіріп-жетілдіру, жақсы өмір сыйлау – басты арманым. Кейде, менің жағдайым осылай болса, 4-5 баласы бар басқа құрылысшылар қалай өмір сүріп жүр екен деп ойға шомамын.
Көпшілік сырттай қарағанда, «құрылыста ақша көп» деп ойлайды. Бірақ шындығында, сапалы әрі уақытында бітетін әр жоба үшін біз қаншама маманды жұмылдырамыз, олардың барлығына жалақы төлеу керек. Жалақымыз – сол қаржының ішінде бөлініп берілетін үлес қана.
Шетелде екі жыл жұмыс істеп көргенмін. Сонда құрылысшы мамандарға деген құрмет пен төленетін еңбекақы біздікінен әлдеқайда жоғары екенін байқадым. Ал бізде, маусымаралық уақытта сұраныс жоғары болады. Ал қыста мұнда ірі объектілер азаяды, жұмыс қиындай түседі ғой. Менің ойымша, құрылыс – жай ғана жұмыс емес, бұл – елге қызмет ету. Себебі біз тұрғызған әр ғимарат – біреудің шаңырағы, бір ұжымның жұмыс орны. Қоғам бізді қарапайым жұмысшы деп емес, қажырлы еңбектің иесі, маман иесі ретінде бағаласа екен деймін.
«АЛАТАУ»: Сіз үшін нағыз құрылысшы қандай адам болуы керек?
– Сөзімді «құрылыс – бұл еңбек емес, ерлік» деген ұстанмыммен бастайын. Бұл бағыт, жалпы мамандық — әрбір кірпішімен өмірге қызмет ететін сала десем де болады. Менің пайымымша, нағыз құрылысшы – қиындықпен бетпе-бет келуге дайын адам болуы тиіс. Ол тек құрылыс нысанын емес, өз болашағын, ұрпағының ертеңін де тұрғызып жатқанын терең сезіне алатын жан болғаны абзал деп ойлаймын. Қиыншылыққа төтеп бере алатын, сөзіне де, ісіне де берік адам ғана құрылысшы бола алады. Бұл салада тек кәсіби шеберлік жеткіліксіз. Мықты мінез, төзімділік пен жауапкершілік қатар жүруі керек.
Өзімнің қоластымдағы қызметкерлеріме де осы ұстаныммен жұмыс жасауын міндет етемін. Себебі, біздің қолымыздан тұрғызылатын ғимараттар кейін табиғаттағы апаттық жағдайлар орын алған кезде тірі жанға залалын тигізбеуі керек. Қазір саны бар, сапасы жоқ түрлі құрылыс нысандарын көріп жүрміз ғой күнделікті өмірде. Менің ойымша, мұндай өз саласына, жұмысына салғырт қарайтын жұмысшыларды құрылысшы деп атауға келмейді. Нағыз маман бесаспап болуы тиіс.
«АЛАТАУ»: Жұмыстың жауапкершілігі мен жүгі ауыр ма? Қиын сәттерде жұмыс істеуге не күш береді?
– Құрылыс физикалық еңбек қана емес, үлкен интеллектуалды жауапкершілік. Әр ғимарат – инженерлік есеп, дәлдік, бақылау және тәжірибе үйлесімінің нәтижесі. Білікті адам үшін алынбайтын қамал жоқ деген бар емес пе. Бұл саланың жүгі ауыр болғанымен, менің ойымша білімді адам үшін барлық ауыртпашылықты еңсеруге үлкен жауапкершілік пен халықтың сенімі жігер беретін шығар. Басқа құрылысшыларды білмедім, бірақ қиын сәттерде маған күш беретін – өзіме деген сенім және алдыма қойған мақсатым. Адам мақсатына сенсе, кез келген қиындықтан өте алады.
«АЛАТАУ»: Келесі сұрағым, құрылыстың әр кірпішінде адамның өмірі жатыр дейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Толық келісемін. Бір ғана шеге, бір кірпіш дұрыс қойылмаса – оның арты үлкен қауіпке айналуы мүмкін. Сондықтан мен әр нысанға өз үйім сияқты қараймын. «Құрылыстың әр кірпішінде – бір адамның тағдыры жатыр». Бұл тек теңеу сөз емес, ол менің өмірлік ұстанымым.
Құрылыс саласы экономиканың басты қозғаушы күші. Елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы тікелей осы саланың даму деңгейіне байланысты. Қа-зіргі таңда елімізде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар ашылып, отандық өнімдер нарыққа жол тартуда. Бұл – құрылыс саласының қарқынды дамуының айқын дәлелі ғой.
«АЛАТАУ»: Сіз бұл сөздер арқылы, әрбір салынған қабырға, қаланған кірпіш – адамдардың ертеңгі қауіпсіздігі мен жайлы өмірі үшін жауап береді дегенді алға тартып отырсыз. Сондықтан құрылысшы жұмысы тек еңбек емес, аманат жүктелген қасиетті іс дейсіз ғой. Онда өз еңбегіңіздің ел үшін маңыздылығын қалай сезінесіз?
– Ия, әрине жоғарыдағы сөзім арқылы біздің өзге өмірлер үшін жауапты екенімізді толық жеткізе алдым деп ойлаймын. Еліме еңбегімді сіңіру – мен үшін үлкен мәртебе. Қарапайым ауыл баласы болып өскесін, біз үшін халықтың ризашылығын алу үлкен мәртебе, еңбегімнің еленгенін көрсетеді. ТДО «Smart Stroy Group 2050» құрылғалы үш құрылтайшының бірі ретінде, біріншіден қолымыздан шыққан үйлердің сапасы мен біздегі мамандардың қауіпсіздігі үшін жауаптымын деп санаймын. Ал кейінгі міндетім өз білгенімді пайдаланып, ел үшін аянбай тер төгу. Еңбегімнің ел игілігіне жарауы – үлкен бақыт. Өзімнің білімім мен тәжірибемді туған елімнің дамуына арнау азаматтық парызым.
«АЛАТАУ»: Құрылыс алаңындағы татулық пен командалық жұмыс қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Бір кірпіштен қабырға қаланса, бірлікпен ғана қала бой көтереді емес пе. Командалық жұмыс – құрылыс алаңының жүрегі, басты тетігі дер едім. Құрылыс алаңындағы татулық пен түсіністік табыстың кепілі. Жұмыс алаңында әр қызметкер маңызды рөл атқарады. Біз бір отбасыдаймыз. Бір адам кешіксе, бүкіл процесс тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан өзара сенім мен ұйымшылдық басты қағидамыз. Онсыз қандай деңгейдегі жұмыс болса да алға баспайды. Оны 9 жылдық еңбегімнің барысында терең ұғына білдім.
Нақты штатта он шақты тіркелген маман болса, 7-8 айлық сезон кезінде 50-60 қызметкерді жалға алып, жұмыспен қамтып отырмыз. Солардың барлығының бойында татулық пен әрдайым ілгері қозғалу бар деп айта аламын.
«АЛАТАУ»: Егер уақыт кері жылжыса, тағы да осы мамандықты таңдар ма едіңіз?
– Өмірде бір рет таңдалған жол – әркім үшін сынақ алаңы деп айтатындар бар ғой. Бірақ бұл жолды жүрегімнің үнімен таңдадым. Уақытты артқа қайтарар болсам да, дәл осы мамандықты қайта таңдар едім. Себебі, жұмысым өзіме өте ұнайды. Қанша ауыр жұмыс кезінде шаршасаң да, нәтиже шыққандағы қуаныш бәрін ұмыттырады. Қала көркін көргенде, өзің салған ғимаратты алыстан танығанда соның бәрі еңбегіңнің өтеуі емей немене.
«АЛАТАУ»: Тамаша жауап. Осыдан ақ, өз жұмысын жанымен сүйіп атқаратын маман десек те болады. Алдағы мерекеге байланысты әріптестеріңізге қандай жылы лебізіңізді білдіресіз?
– Құрылысшылар – тіршіліктің тірегі. Барша құрылысшылар қауымына зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз салған нысандар болашақ ұрпақтың жарқын өміріне қызмет ете берсін деймін. Осы мерекеге орай барлық құрылыс саласы қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Игі істеріңіз әрдайым жемісті болып, еліміздің гүлденуіне қосқан үлестеріңіз арта берсін!
«АЛАТАУ»: Наиль аға, алтыннан қымбат уақытыңызды бөліп, әңгіме-лескеніңізге рахмет. Сізді де алдағы кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Еңбекте тек табысты болуыңызға тілектеспін!
P.S.: Құрылысшы – аса жауапты және күрделі мамандық. Олардың жұмысы – ғасырлар бойы сақталатын мұра. Бүгінде өңірлерде салынған заманауи нысандар тек архитектуралық көрік беріп қана қоймай, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға, сондай-ақ туризмнің өркендеуіне жол ашады. Сондықтан да құрылысшы – ел болашағына жол ашатын, өркениет негізін қалаушы нағыз маман.
Вахитов Наиль Назирұлы – бүгінде тек құрылыс нысандарын ғана емес, болашаққа сенімді жол салып жүрген азамат. Оның еңбекке деген көзқарасы, адамгершілігі мен жауапкершілігі – барлық жас маманға үлгі боларлық. Мұндай азаматтар – елдің тірегі, қоғамның сүйеніші деп айтсақ та болады.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҰЛЫ