ДИПЛОМ НЕГЕ САНДЫҚТА ЖАТАДЫ?

0
55

Оған себептер көп. Солардың ең бастысы – «Алатау» газетінің тілшісі Зарина Быжыбек қозғаған тақырып деуге болады. Ол Ғылым және Жоғары Білім министрінің назарына ұсынған сұраныс жоқ мамандықтарды ақылы жүйеде оқытып, жұмыссыздар қатарын көбейтпеу туралы мәселе. Басқаша айтқанда жоғары білімді мамандықтарды даярлау қажеттілігі еліміздегі сұранысқа сай болу керек. Автордың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен мамандық алып шыққан жас, жұмыссыз қалмайды деген сенім.

Осы мақаладан кейін қолыма редакция қоржынына түскен мына бір жазбаны алып, қайта оқып шықтым. Мақала жеке пікір болған соң кейбір тұстарына келіспегендіктен жарияланбады. Бірақ ондағы мәселе де «сандық түбінде сақталатын диплом» жайлы еді. Автордың айтуынша, көз майын тауысып оқыған жылдар нәтижесінде қолың жеткен дипломыңның бағасы құнды болғанымен мамандық бойынша жұмыс таппасаң – дипломыңның құны — құнсызданған теңгедей болып шыға келетіні…
Жасыратыны жоқ, арамызда «жоғары оқу бітірген дипломың болса болды, жұмыс табылады» деген адамды адастыратын екіжақты пікір бар. Мысалы, ол гуманитарлық мамандықтар бойынша оқыған адамға сәйкес мамандықтарға жарап жатуы мүмкін. Филология бітірсең журналист болуыңа болады дегендей. Ал гидрогеолог мамандығын бітірсең өз салаң бойынша орын жоқ болса — қайда барасың? Күніңді көру үшін жұмысшы болып кете бересің…Сондықтан елімізге қажетті мамандықтарды ғана оқыту керек деген Зарина Быжыбектің пікірі орынды деп есептеймін.
Диплом неге сандық түбінде жатады деген сұрақтар төңірегінде көп себептерді атауға болады. Солардың ішінде:
1.Мамандықты мама таңдайды, бала соны оқиды.
2.Ел не дейді, масқара? – деп, жай ғана аспаз немесе таксист болғысы келген баласын ата-ана үлкен университетке ақылы оқуға түсіреді. Нәтижесінде қызы ақыры аспаз болады, ұл – таксист болады.
Тағы бір мысал. Университетте оқу бітірерде студенттік тәжірибеден министрліктердің бірінен өтіп жатқан студент ондағы қызметкерлердің қызмет тәсіліне таңқалып, ойланып қайтты. Озық ойлы студент біздің қоғамдағы қозғалысымыздың шектеулілігі, ілгерілеушіліктің баяулығы осы екен ғой деген тұжырымға келді. Себебі онда профильді мамандар жоқ еді. Бәрі «аға-көкелерінің» арқасында жүргендер екеніне көзі жеткен студент өзінің жоғары білім ордасына «тәжірибеден өтті» деген жоғары балл жинап келгенде, оқытушылар риза болыпты. «Сен қалайша осыншама жоғары балл жинадың?» дегенде студент айтыпты ғой «ағашкалар мен тенгешкалардың арқасы» — деп. Сол айтпақшыдай, ол ары қарай жылжудың жолын да байқап келді. Қалтаңда «тенгешкалар» болса – қызметіңнің тағдыры шешілді дей бер… Өкінішке орай, оның ата-анасы жұмыссыздар, «тенгешкалары» жоқ, жұмысқа тұру қалай болары белгісіз күйде жүріп жатқан жағдайы бар…
Жоғары оқу орындарын бітіргендерден кейбір компаниялар жұмысқа аларда еңбек өтілін сұрайды. Дипломын кеше ғана алған жас түлекте қайдағы жұмыс өтілі? Сондықтан ғой «бухгалтерия и аудит» мамандығын бітіргендердің шығармашылыққа кетіп жат-қандары… «Кетіп қалуға» төмен жалақы да әсер етпей қоймайды. Дипломды маманның алатын ақшасы кеңсе сыпырушысының жалақысындай болса, ол басқа жұмысқа кетпей қайтсін!..
Ертеректе жиналған қағаздарымды ақтарып отырып бір қызықты дерек оқыдым. Авторы Камал Бұрханов, саясаттанушы (иманы салауат болсын!). «Үстіміздегі жылғы жаз айында Қызылорда облысындағы сайлаушылармен кездесу барысында 80 мың тұрғыны бар бір аудандағы «заңгер-кеңесшінің» орны босап, сол вакансия туралы газетке хабарландыру беріледі. Сонда… әлгі орынға ниет білдіріп, осы ауданның аумағында тұратын 300 заңгер өтініш түсіріпті. Ал осы 80 мың тұрғыны бар ауданда бір-ақ токарь бар екен, оның өзі 80-ге келіп қалыпты…»
Бұл дегеніңіз бүгінде біздегі техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру керектігін білдіреді.
Сондықтан да мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет», – деді. Президент еңбек адамына көңіл бөліп, жастардың кәсіби мамандық алуына жете талап қойып отыр. Нәтиже нені көрсетеді? Ол уақыт еншісінде дегенімізбен, сол жастардың болашақ жұмыс орны, яғни кәсіпорындары дүрілдеп жұмыс істеп тұрса, жұмыссыздық атымен жойылары сөзссіз.
Ресми деректерге сенер болсақ, біздің елімізде «заңгер»мамандығын жылына 200-дей адам бітіріп, қызметке солардың жартысы ғана орналаса алады екен. Олардың қатарында басқа да сала мамандары бар. Олай болса жұмыссыздар санын көбейтіп отырған мамандықтар бойынша оларды даярлау санын неге шектемеске? Бұл үлкен әлеуметтік – экономикалық мәні бар мәселе. Мамандық таңдауда қателеспес үшін кәсіптік бағадарды мектеп қабырғасында оқыту керек. Бәрімізге белгілі, ЖОО көбіне табыс жолын қуып, кейбір мамандық бойынша ақылы оқу түрін жүргізе береді. Ол өңірге қажет пе, қажет емес пе, оларды оқыту бағдарламасы да уақыт келе ескіретінін ескермейді.
Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны. Олардың көңіл-күйіне жұмыссыздық өте қатты әсер етеді. «Ата-анамның үмітін ақтай алмай жұмыссыз жүргенім мынау» – деген сияқты күйзеліс, «табысым жоқ, ата-анама қалай көмектессем болар екен?» – деген дағдарыспен жүрген шақта кез келген ортаға түсіп, теріс жолға түсіп кететіндер бар. Жастар арасындағы радикалды діни ағымдарға кіріп кетіп немесе террористік топтарға түсіп кетушілік те осы жұмыссыздық шарасынан болуы әбден мүмкін. Өйткені ол топтар жастарды өз қатарына міндетті түрде ақша берумен тартады. Ал осыдан кейін қылмыс көбеймейді деймісіз?
Қалай десек те еліміздің өркендеуі үшін нағыз білікті мамандар қажет. Қоғам өзгерген сайын жаңа, сұранысқа ие мамандар керек болады. Олай болса, болашақ ел игілігіне жарамды мамандар қатары сиремесін. Сырттан іздемей, соларды өзіміз баптап өсіру өз міндетіміз.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ