ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУ ОҢАЙ МА?

0
29

Адам болғасын қоғамда түрлі мәселемен шыр-пыр болып жүрген жандарды арамызда күнделікті кезіктіреміз. Біріне қаржы қайғы болда, енді біріне жан қайғы. Өткенде дәл сондай бір қарт атаның әңгімесіне көзайым болдым. Айтуынша, осыған дейін үй кезегінде мүгедектігі бойынша тұрған екен, біраз аралықта қаралмай жүре бергесін мүгедектік статусы алынып қалыпты. «Енді соны қайта алу үшін ыстық күнде мезі болып екі арада жүгіріп жүрмін», — дегенді айтты қария.

 Аталған мәселе ойдан кетпей қойған соң жалпы мүгедектік жайдайында берілетін әлеуметтік көмек пен оны тағайындаудың жолдары, тәртібі сияқты сұрақтарға жауап алу мақсатында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Жетісу облысы бойынша Департамент басшысы Заида Ілімжановамен сұхбат жүргізуді жөн көрдім. Сонымен қатар, көктем де қауесетке айналған «Медициналық-әлеуметтік сараптама жасау орталығы (МӘС) жекеменшікке өтіп кеткен бе» деген сұрақтың жауабын да алдым.
АЛАТАУ: Қоғамда МӘС мекемелерінің жекеменшікке өтіп кеткені туралы пікірлер айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Егер шындық болса, бұл процестің заңдылығы мен оның салдары қандай болады?
– Қағидаларға сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптаманы тек қана Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық МӘС жүргізетін құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады. Ол жекеменшікке өтпейді және департаменттің құзырында жұмыс жасайды. Бұл қоғам арасында тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.
АЛАТАУ: Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі қандай кезеңдерден тұрады және бұл жүйенің ашықтығы мен әділеттілігі қалай қамтамасыз етіледі?
– Медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) өткізу тәртібі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің
«Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген.
Қағидаларға сәйкес, МӘС қызмет алушының жеке деректерін өңдеуге келісімі және дәрігерлік-консультациялық комиссияның жолдамасы негізінде, организмнің тұрақты функционалдық бұзылыстары анықталған кезінде алғаш рет куәландыру және бұрын мүгедек деп танылған азаматтарға қайта куәландыру жүргізіледі.
Медициналық ұйымдар диагноз қойылғаннан кейін немесе уақытша еңбекке жарамсыз болған сәттен бастап организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін кемінде 4 ай өткен соң МӘС-ке жолдайды. Ерекше жағдайларда, мысалы, анатомиялық ақаулар немесе паллиативтік көмек көрсетілетін жағдайлар кезінде бұл мерзім қысқартылады.
МӘС тек тұрақты тіркелген мекенжай бойынша және қызмет алушының жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Жүйенің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жолы ретінде сырттай – проактивті куәландыру форматы енгізілген. Бұл жобаға қатерлі ісіктер, анатомиялық кемістіктер, туберкулез, психикалық ауытқулар сияқты нозологиялардың 15 түрі кіреді және бұл тізім болашақта кеңейтіледі. Ол үшін қызмет алушыға өзі тіркелген емханаға жүгініп, қажет тексерістерден өтсе жеткілікті. Оның құжаттары автоматтандырылған режимде эксаумақтық сарапшылардың қарауына түсіп, шешім шығарылады. Сырттай форматта куәландыру жүргізу әкімшілік, бюррократиялық кедергілерді жояды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Сонымен қатар, сырттай – проактивті форматтағы куәландыру әдісі бойынша әр сараптамаға бір тәуелсіз сарапшының қатысуы қарастырылған, бұл шара мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін Республика бойынша мүгедектік тағайындау мемлекеттік қызметінің 40 %-ы сырттай — проактивті форматта өтеді.
АЛАТАУ: Мүгедектікке өтініш берушілер тарапынан жиі кездесетін негізгі қиындықтар қандай?
– Қызмет алушыларда қиындықтар тудырмау мақсатында 2022 жылғы 27 қыркүйектен 2025 жылдың 27 қыркүйегіне дейінгі мерзімге Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті және Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасы арасында медицина-әлеуметтік сараптама саласындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалған.
Сонымен қатар, аудандық және қалалық емханалар жанындағы дәрігерлік-кеңестік комиссиялармен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады. Мысалы, бүгінгі күнге дейін 25 кездесу өткізілді. Бұған қоса, Zoom платформасы арқылы кеңестер, сондай-ақ халықпен кездесу шаралары үнемі ұйымдастырылып отырады. Соңғы онлайн кездесу «Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы» тақырыбында 11 шілде күні «ZOOM» қосымшасы арқылы өткізілген. Онда «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ң Жетісу облысы бойынша филиалының және қалалық/аудандық бөлімдері қызметкерлері қатысып, тақырып шеңберінде қойылған сұрақтарына толық жауаптар берілді. Мүмкіндігінше, апта сайын департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері аудандық ауруханалардың дәрігерлерінің және медициналық қызметкерлеріне семинарлар өткізеді. Мұнда, мүгедектікті белгілеу критерийлері, Ақаулар, МӘС-ке негізсіз жолдамалар, көзбе-көз және сырттай проактивті куәландыруға шағымдану тәртібі, сырттай проактивті куәландыру (қайта куәландыруға) жүргізілетін нозологиялық нысандардың тізбесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы толық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
АЛАТАУ: Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақылар мен әлеуметтік қызметтер жеткілікті деңгейде ме? Жыл басынан бері қанша азаматқа мүгедектік тағайындалды?
– Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы мен әлеуметтік қызметтер көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді. Бұл көмектер азаматтың мүгедектік тобына, жасы мен еңбекке қабілеттілігіне қарай анықталады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында тұрақты түрде жетілдіріліп отырады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жетісу облысы бойынша 4068 адам мүгедек деп танылған, оның ішінде 1123 алғаш рет куәландырудан өткендер болса, 2945 қайта куәландырудан өткендер. Жалпы Жетісу облысы бойынша 25 462 мүгедектігі бар адам тіркелген.
АЛАТАУ: Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы шешімдеріне шағымдану тәртібі қалай жүзеге асады және бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Осы жылы қанша адамның шағымы қаралды?
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жетісу облысында барлығы 78 шағым қаралды. Оның 45-і сырттай куәландыруға байланысты, 33-і бетпе-бет куәландыруға байланысты.
Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі сараптамалық қорытындымен келіспеген кезде оны алған күннен бастап үш айдан кешіктірмей шағым береді. Шағымдану Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады және шағым келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күн ішінде қарастырылады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер проблемалары бойынша шағымдану: шағым аумақтық бөлімшенің басшысының не Комитеттің басшысының атына беріледі. Аумақтық бөлімшелердің, Комитеттің мекенжайына келіп түскен шағым, оны тіркеген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Көрсетілген мемлекеттік қызмет сапасыз, уақытылы көрсетілмесе, куәландырылатын адам мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді. Уәкілетті органның мекен-жайына келіп түскен шағым оны тіркеген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
АЛАТАУ: Көп жағдайда мүгедектігі бар адамдар жыл сайын қайта куәлануға мәжбүр. Созылмалы, жазылмайтын аурулар мысалы, аяқ-қолдарынан немесе басқа органдарнан айырылғандар үшін бұл қаншалықты әділетті және адам құқығына сай деп ойлайсыз? Өйткені ол органдар қайта орнына келмейді ғой?
– ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» МӘС қағидаларының 31-тармағына сәйкес, егер мүгедектігі бар адамның денсаулығында тұрақты, қайтымсыз өзгерістер болса және оңалту шаралары нәтижесіз болса, сондай-ақ мүгедектік тобы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз сақталса, онда келесі тәртіппен мүгедектік ұзақ мерзімге немесе мерзімсіз белгіленеді: 1-топ үшін – кемінде 4 жыл бақылаудан кейін; 2-топ үшін – кемінде 5 жыл; 3-топ үшін – кемінде 6 жыл. Сондай-ақ, Қағидаларға сәйкес кейбір ауру түрлері бойынша мүгедектік тобы 5 жыл мерзімге немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.
АЛАТАУ: Заида Әбдімананқызы уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
P.S Қоғамда мүгедектік мәселесіне қатысты сауалдардың көптеп қойылуы – бұл жүйенің айқын әрі әділетті жұмыс істеуіне деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Қарт атаның әңгімесі арқылы басталған бұл зерттеу барысында мүгедектікке байланысты қызметтердің қалай ұйымдастырылып жатқанын, қандай қиындықтар бар екенін және оларды жеңілдету жолында қандай қадамдар жасалып жатқанын анықтауға тырыстым. Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитеті Департаментінің басшысы Заида Ілімжановамен болған сұхбаттан түйгенім – қазіргі жүйе ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталып келеді. Сырттай (проактивті) куәландыру сынды жаңа тәсілдер, онлайн кеңестер мен халықпен тікелей байланыс – бәрі де азаматтарға қолайлы болу үшін жасалып отыр. Алайда бұл саланың әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары жоқ емес.
Ең бастысы – әр азаматтың құқығы мен қадір-қасиеті қорғалуы тиіс. Ал біз, журналистер мен қоғам белсенділері.

                                                                                                        Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ