ЕГЕМЕНДІК ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Елімізде 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қайта атала бастаған Республика күні, яғни, 25 қазан — жалғыз ұлттық мейрам болып табылады. Ал 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекелер қатарына көшірілді.
Сонымен, «егемендік немесе Республика күні деген не?» дейтін болсақ, біз сол уақытта Кеңестер Одағы құрамында болғанымызды ұмытпайық. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясына» сәйкес, Қазақстан толыққанды тәуелсіздік ала алмады. Біз бұл құжат бойынша одақтың құрамында қалдық, басқаша айтқанда Мәскеуге әлі де тәуелділік болды. Бірақ оның құрамынан өз еркімен шығу құқығын сақтадық.
«Қазақ газеттері» сайтында жарияланған журналист Ділназ Шаймұратованың тарихшы Еділ Ноянмен жүргізген сұбхатында тарихшы тарапынан өте құнды пікірлер айтылған. Тарихшының түсіндіруінше, қабылданған Декларация – құжат, заң емес. Ал тәуелсіздік – отарлықтан босап шығу, еркіндік алу, қалаған мемлекетіңді құру. Егемендік – тәуелсіздікке қол жеткізудің жолы. «Егемен» сөзі «гегемон» сөзінен шыққан. Мағынасы – тәуелсіздікке ұмтылу, өз тағдырыңды, ішкі және сыртқы саясатыңды өзің шешу деген сөз.
Алайда егемендік туралы декларация қабылданған күн мен Тәуелсіздік алған күнді шатастырмаған жөн. Себебі декларацияны қабылдағаннан кейін өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сөйтіп 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Декларацияны сол кезде жұртшылық қалай қабылдаған?
«Декларация 1990 жылы жоғары кеңестің 12-шақырылымында қабылданды. Осы 12-шақырылымға 57 ғылым докторы мен профессоры қатысты. Мен білетін 8 академик мүше болды. Барлық ел декларация дайындап жатты. Бізде де бастамашы топ құрылған. Олар декларацияның бір үлгісін алды да, біздің елге келетін нұсқаны жасады. Оның ішінде «КСРО жойылса да, сол бағытта боламыз. Мемлекеттік тіл орыс тілі болады» деген дүниелер жазылды. Әрине, ол кезде халықтың көзі ашық, наразылықтар көрсетті. Нәтижесінде бірқатар қазақ зиялылары жоғары кеңеске ашық хат жолдады. Содан кейін жаңа комиссия құрылды. Комиссияның басында академик Салық Зиманов тұрды. Аз уақыттың ішінде жобаны жасап шығарды. Ұмытпасам, сессияның 3 күнінде 62 рет мінбеге шыққан екен. Бір мәселе ұнамаса, оны негіздеп, түзететін. Яғни құжат ғалым адамдарымыздың қолдауынан, ұсынысынан өткен. Бұл үшін қаншама қажырлық қажет…», – деді тарихшы Еділ Ноян.
Одақ құрамында жүріп, республика болып бөлінеді екенбіз, өзіміз ел тағдырын шеше алады екенбіз дегенге сенетіндер сол кезде аз болды. Өйткені, әскеудің жетегіне үйреніп қалған екенбіз. Айта кететін бір ғана мысал, мемлекеттік органдарды қалыптастыруда республика дербес болмады: егемендік декларациясында «Қазақ КСР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi КСРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады», — делінген.
Сонымен қатар Декларацияның маңызы мен мәнін де жете түсіне қоймаған сәттер болды. Ол кезде қазақтардың үлесі елде аз еді. 16 млн. халықтың 6 млн-дайы ғана қазақ болатын. Сондықтан Мәскеудің ықпалы күшті дейтіндер болды. Ал Салық Зиманов сияқты ғалымдар егемендік Декларациясына да, тәуелсіздік Конституция жобасын да дайындап, елге еңбегін сіңірді.
Қазір соңғы үш жылдан бері қайта тойлана бастаған Республика күнінің маңызын тереңірек түсіну үшін не істеу керек? Ол үшін оны алдымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек. Мерекенің маңыздылығын қоғамда көтеру керек. Тарихшылар айтқандай, ең бастысы, бұл егемендік Декларациясы болмаса, Тәуелсіздік туралы заң болмайтын еді. «Декларация тәуелсіздікке жол ашып берді» деген түсінікті тарату — идеологияны басқарып отырған азаматтардың міндеті деп есептеймін. Сонда ғана республика күнінің тарихи маңызын біліп, мереке қасиетін сезіну болмақ.
Баян ТАҢАТАРОВА
«Алатау»