ҚОС ҚАНАТ ЖАСТАРДЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

0
37

Қоғамның өркендеуі тек экономикамен емес, адамдардың өзара жанашырлығы мен азаматтық белсенділігімен өлшенеді. Осындай игі істердің алдыңғы сапында жүрген ұйымдардың бірі – «Қос Қанат» қоғамдық бірлестігі. 2012 жылдан бері бұл ұйым Жетісу өңірінде жастардың әлеуетін арттыру, көмекке мұқтаж отбасылар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу бағытында қажырлы еңбек етіп келеді.

«Қос қанаттың» жұмысы – жай ғана жоба емес, өмірлік ұстаным. Ұйым өкілдері лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, нашақорлықпен және балалар қауіпсіздігімен күресте белсенділік танытып, жастарды өмірге, мейірімге, ізгілікке баулып жүр. Осы және өзге де тақырыптар төңірегінде ұйым төрайымы Елена Радионовамен сұхбаттасқан едік.
– «Қос қанат» қоғамдық бірлестігі қалай және қандай мақсатта құрылды? Ұйымның тарихы мен миссиясы туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің ұйымның бастамасы 2001 жылдан басталады. Ол кезде бәріміз басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері ретінде жұмыс істедік. Сол жылдар бізге үлкен тәжірибе, шыңдалу мектебі болды. Ал өзіміздің жеке ұйымды құру идеясы жиналған тәжірибемізді қоғамға, әсіресе жастар мен көмекке мұқтаж адамдарға бағыттау деген мақсаттан туды. Осылайша 2012 жылдың 27 қыркүйегінде «Қос Қанат» қоғамдық бірлестігін ресми түрде тіркеп, жұмысымызды бастадық.
Басты миссиямыз – жастарға, жасөспірімдерге және көмекке зәру жандарға қолдау көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалыптастыру.
Бізде нақты устав бар, сол құжатқа сүйене отырып әрекет етеміз. Алғашқы жылдары негізінен ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарға, қамаудағы азаматтарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетумен айналыстық. Кейіннен ауқымымыз кеңейіп, отбасыларға, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беруге, түрлі тәуекел топтарымен жұмыс істеуге көштік.
Бүгінгі таңда ұйым қызметкерлері тек бір бағытпен шектелмейді. Мысалы, Елена Пискунова әкімдік жанындағы нашақорлыққа қарсы штабта мониторинг жүргізеді, ұйымымыз полиция департаментінің қоғамдық кеңесінде, «Аналайын» балалар үйінің қамқоршылық кеңесінде бар. Өзім облыс әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның мүшесімін.
Сонымен қатар, балалардың сабаққа қатысуын бақылайтын қалалық мониторингтік топта да жұмыс істейміз. Яғни, біздің ұйымның мамандары тек кеңседе емес, қоғамның бел ортасында жүр.
– Сіздер бүгінде лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, нашақорлықпен күрес және балалар қауіпсіздігі бағытында белсенді жұмыс істейсіздер. Осы бағыттардағы нақты жобаларыңыз бен нәтижелеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, бұл бағыттар – біздің жұмысымыздың өзегі. Себебі жастардың ең жиі кездесетін проблемалары да осы тұстардан бастау алады.
Бірлестігімізде педагог-психологтар қызмет етеді. Олар тек кеңес беріп қана қоймай, тренингтер, семинарлар, интерактивті сабақтар арқылы қиын жағдайдағы жасөспірімдерге нақты көмек көрсетеді. Мамандарымыз біліктілігін үнемі арттырып отырады.
Мысалы, біз мектептерде, колледждерде, балалар үйлерінде жүйелі түрде тренингтер өткіземіз. Әңгіме тек насихатта емес, нақты диалогта. Балалар мен жасөспірімдердің өздері қатысатын ойын викториналары, пікірталастар, дебаттар өткіземіз.
Жобаларымыздың басым бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асады.
Біз үшін басты мақсат – грант ұтып алу емес, қоғамға шынайы пайда келтіру.
Бүгінде біз Денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімімен бірлесіп жұмыс істейміз. Сол серіктестіктің арқасында көптеген жобаларымыз уақытылы жүзеге асып, жоспардан асыра да орындалып отыр.
Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, лудомания және нашақорлықпен күрес аясында өткізілген шаралар арқылы біз жүздеген отбасымен және мыңдаған жастармен жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде көптеген жасөспірім психологиялық көмек алып, өмірге басқа көзқараспен қарауды үйренді.
– Сіздің ойыңызша, мұндай әлеуметтік мәселелердің алдын алу үшін қандай шаралар ең тиімді?
– Бұл мәселелер – бір күнде шешілмейтін күрделі құбылыстар. Лудомания, нашақорлық, буллинг, суицид, ЖИТС сияқты проблемалардың артында әртүрлі себептер жатады. Сондықтан ең тиімді тәсіл – жастармен тікелей, сенімге негізделген байланыс орнату.

Қазір үлкендер «жасама», «болмайды» десе, жастар оны қабылдамайды. Сол себепті біз оларға ақыл айтпаймыз, керісінше бірге талқылаймыз.
Әр топпен кездесу алдында жастардың қызығушылығын, еркін уақытын, ортасын зерттейміз. Содан кейін сол ортаға ыңғайлы формат таңдаймыз: қойылымдар, видеороликтер талқылау, пікірталастар, челлендждер, спорттық ойындар, викториналар, шығармашылық байқаулар.
Мысалы, өткен жылы өткізген шығармашылық байқауларға 700-ге жуық оқушы қатысты. Олар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге өз көзқарасын плакат арқылы бейнеледі. Бұл шара балалардың ойлау қабілетін, азаматтық ұстанымын дамытты деп айта аламыз.
Біз лекция оқудан бойымызды аулақ ұстаймыз. Себебі ұзақ дәріс тыңдағаннан гөрі, бірге ойлану, бірге әрекет ету әлдеқайда тиімді. Әр кездесуде біз өзімізге «жастар бізге сенуі керек» деген міндет жүктейміз. Тек сенім болған жерде нәтиже болады деген ұстанымымыз бар.
– Балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесінде ата-аналар мен қоғамның рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, бала тәрбиесінің іргетасы – ата-ананың қарым-қатынасында.
Бала тұлға ретінде, нағыз мінезі, яғни қамқорлығы, көпшілік алдында өзін еркін ұстай білуі деген сияқты факторлар 5-6 жаста қалыптаса бастайды. Бұл кезеңде ол мектепке бармайды, сондықтан ең бірінші үлгі – үйдегі орта. Ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы, дауыс көтермеуі, сабырлылығы балаға терең әсер етеді.
Мектепке келгенде әр оқушының мінезі, тәрбиесі әртүрлі. Бұл ұстаздарға да ауыр жүк. Кейде мұғалімдер өте сауатты, кәсіби білікті болғанымен, әлеуметтік тақырыптарда – суицид, буллинг, есірткі, ерте жыныстық қатынас мәселелерінде жұмыс істеуге тәжірибесі аз болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда біз мектептерге барып, ұстаздармен бірге балаларға тренингтер өткіземіз, ата-аналармен жиналыстар ұйымдастырамыз.
Өкінішке қарай, мұндай жиындарға қатысуда көптеген ата-аналардың белсенділігі төмен. Жиналыстарға көбіне тек баласының мәселесіне алаңдайтын санаулы адам ғана келеді. Ал біз барлық ата-ананың белсенді болғанын қалаймыз. Себебі бала тәрбиесі – мұғалім мен ата-ананың бірлескен еңбегі.
– «Қос қанат» алдағы уақытта қандай жаңа жобаларды жоспарлап отыр?
– Қазір біз мини-грант ұтып алып, үлкен жобаға кірістік. Бұл – азаматтық қоғам субъектілерімен бірлесе отырып мемлекеттік даму бағдарламаларының мониторингін жүргізу жобасы.
Біз бұл жұмысты Еуроодақ, «Ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қоры және басқа да серіктестердің қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз.
Жоба аясында Жетісу облысындағы жастар саясатының тиімділігі зерттеліп жатыр. Негізгі бағыт – салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың спорттық белсенділігін арттыру.
Біз 10-нан астам елді мекенде сауалнама жүргізіп, 6777 жас адамды қамтыдық. Нәтижесінде жастардың 20 пайызы жаңа спорттық алаңдар салынғанын қалайды екен.
Көпшілігі жарыстардың жиі өтуін, тегін үйірмелер ашылуын және спорт жаттықтырушылардың көбейгенін сұрады.
Мысалы, Алакөл ауданында бокс қарқынды дамып келеді, себебі жаттықтырушылар жеткілікті. Ал Қаратал ауданында волейбол жақсы жолға қойылған.
Яғни, нәтижеге кадр мен орта әсер етеді. Біз де әр барған жерімізде тек ойын ұйымдастырмай, жастардың спорт пен мәдениетке деген көзқарасын қалыптастыруға тырысамыз.
Біздің тілегіміз – мемлекет жасап жатқан игілікті сақтай білу. Себебі спорт алаңдарын, мәдени орталықтарды сақтау – қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші.
– Сұхбат соңында не айтқыңыз келеді?
– Қоғамдық ұйымның күші – адамдардың сенімінде. Біз ешқашан формальды түрде жұмыс істемейміз, себебі әр ісіміздің артында адам тағдыры бар. «Қос қанаттың» мақсаты – көмек көрсету ғана емес, жастардың бойына сенім ұялату, олардың болашағына жол ашу. Біз жастармен бірге боламыз, оларға демеу, бағыт, сенім беруге тырысамыз. Өйткені бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі.
– Елена ханым, берген сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Тілші түйіні: Адамның өмірін өзгерту үшін кейде үлкен күш емес, бір ғана сенім жеткілікті. «Қос қанаттың» ең басты жетістігі – сол сенімді адамдардың жүрегіне ұялата білуінде. Олар өзгеге демеу бола жүріп, қоғамның да рухын көтеріп келеді. Өйткені әрбір жақсылық – мейлі ол кішкентай іс болса да, үлкен өзгерістің бастауы.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН