ТЕҢГЕ STORY= ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАНЫҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

0
38

1993 жылдың 15 қарашасы – Қазақстанның жаңа тарихындағы айтулы күннің бірі. Бұл күні еліміз өз ұлттық валютасын – теңгені айналымға енгізді. Осылайша жас мемлекет экономикалық тәуелсіздігінің алғашқы нақты қадамын жасап, әлемдік қаржы картасында өзіндік орнын айқындады. Бұл тек ақшаның ғана емес, тәуелсіздіктің, ұлттық бірегейліктің және мемлекет тұрақтылығының мерейлі белесі болды. 

Төл теңгеміздің айна-лымға енгеніне 32 жыл толып отыр. Мереке аясында оқырманға қызық болар деген ниетпен «Теңгенің тарихы қандай?», «Ал бүгінде қандай өзгерістер орын алуда?» — сияқты сұрақтарға жауап болсын деп өткенге және қазіргі ахуалға көз жүгіртіп көрдік.

ТАРИХЫ: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ІРГЕТАСЫ

Кеңес Одағының күйреуі Тәуелсіз Қазақстанды саяси тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да сын сағатына тіреді. Ел біраз уақыт бойы «рубль аймағында» қалып, ортақ валютаны пайдалануды жалғастырды. Бірақ 1993 жылдың шілдесінде Ресей Орталық банкі кеңестік және алғашқы ресейлік банкноттарды айналымнан шығару жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім бұрынғы одақтас республикаларға, соның ішінде Қазақстанға да экономикалық тұрғыдан ауыр соққы болды. Ескі рубльдер жаппай ағылып келіп, гиперинфляция басталды, баға бақылаудан шықты, халықтың жинағы құнсызданды.
Осы тұста Қазақстан өз ақшасын шығармай болмайтынын түсінді. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал үш күннен кейін, 15 қарашада, теңге ресми түрде айналымға енді. Бұл күн еліміздің қаржы тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болды.
Ұлттық валютаның қандай атауы болатынын таңдау да маңызды әрі жауапты кезең еді. «Алтын», «ділдә», «сом» сынды нұсқалар ұсынылды. Алайда тарихи тұрғыдан дәл әрі терең мағынасы бар «теңге» сөзі таңдалып, оның ең кіші номиналы «тиын» деп бекітілді. Бұл сөздер көне түркі дәуірінен бері қолданылып келе жатқан, қазақтың мәдени жадында орныққан ұғымдар болатын.
Алғашқы банкноттардың дизайнын отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов әзірледі. Олар Англияның әйгілі De La Rue фабрикасында жұмыс істеп, қазақ рухын әр купюраға сіңіруге тырысты.
1993 жылғы алғашқы серияда қазақтың ұлы тұлғалары бейнеленді:
1 теңге – Әбу Насыр әл-Фараби,
3 теңге – Сүйінбай Аронұлы,
5 теңге – Құрманғазы Сағырбайұлы,
10 теңге – Шоқан Уәлиханов,
20 теңге – Абай Құнанбаев,
50 теңге – Әбілқайыр хан,
100 теңге – Абылай хан.
Бұл банкноттардың артқы бетінде қазақ жерінің ғажайып табиғаты мен тарихи сәулет ескерткіштері – Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі және көне кесенелер бейнеленді. Осылайша теңге тек төлем құралы емес, елдің мәдени және рухани айнасына айналды.
Кейінгі жылдары Қазақстанда инфляция мен экономикалық өзгерістерге байланысты үлкен номиналдағы банкноттарды шығару қажеттілігі туындады. 1994 жылы 1 наурызда 200 теңгелік банкнот айналымға шықса, 27 шілдеде 500 теңгелік, 1995 жылы 14 ақпанда – 1000 теңге, 1996 жылы 15 қарашада 2000 теңге, 1999 жылы 15 қарашада 5000 теңге банкноттары айналысқа енді. 2003 жылы 28 шілдеде 10 000 теңгелік банкнот шығарылды.
Сонымен бірге, 1994 жылдың басында шағын номиналдағы монеталар жүйесі қалыптасты: 1, 3, 5, 10 және 20 теңгелік монеталар қағаз тиынның орнына айналымға шықты. Алайда кейінгі инфляциялық процестердің салдарынан кішігірім номиналды тиындарды айналымнан алып тастады. 1997 жылы жаңа монета сериясы бекітіліп, ескі шағын номиналдар толық ауыстырылды, ал 2001 жылдың соңына қарай банкноттар мен монеталардың шағын номиналдары жаңа үлгідегі монеталарға толық ауыстырылды.
2013 жылдан бастап 1, 2, 5 және 10 теңгелік монеталар мырышталған жез жабыны бар көміртекті болаттан, ал 20 теңгелік монета мырышталған никель жабыны бар көміртекті болаттан шығарылуда. 2015 жылы ұлттық валютаға 20 жыл толуына орай 20 000 теңгелік банкнот айналымға қосылды. 2019 жылдан бастап 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік монеталардағы мемлекеттік тілдегі жазулар латын графикасына көшірілді.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы банкноттар 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік номиналдардан тұрады. Монеталар 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңгелік реттілікпен айналымда бар, бұл ұлттық валютаның тұрақты және жүйелі құрылымын көрсетеді.

БҮГІНІ: ЖАҢАРУ МЕН
ЦИФРЛАНУ ДӘУІРІ

32 жылда теңге көптеген жаңғыру кезеңдерінен өтті. Қазір ол тек қағаз және металл түрінде ғана емес, цифрлық форматта да өмір сүреді. Қолма-қолсыз төлем жүйелерінің дамуы, цифрлық теңге жобасының іске қосылуы – қаржы жүйесін заманауи деңгейге көтерді.
Қазақстан Ұлттық банкі соңғы жылдары валютаның жаңа үлгілерін енгізіп, ескілерін кезең-кезеңімен айналымнан шығарып жатыр. Бұл – қаржылық қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шара.
ҚҰБ хабарламасына сәйкес, 2025 жылы ескі және жаңа 5000 теңгелік банкноттардың параллель айналым мерзімі 24 қыркүйекте аяқталды. Сонымен халық банк филиалдары мен «Қазпошта» оларды жаппай ауыстыруға көшті. Айта кетерлігі ескі ақшаны олар үш жыл бойы айырбастайды, ал Ұлттық банк филиалдары мерзімсіз қабылдайды.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қыркүйегінде басқа номиналдарға қатысты да параллель айналым мерзімдері бекітілді:
2000 теңгелік банкноттар – 2026 жылғы 24 маусымға дейін;
10 000 теңгелік банкноттар – 2026 жылғы 27 маусымға дейін;
1000 теңгелік банкноттар – 2027 жылғы 27 наурызға дейін айналымда болады.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше жаңа банкноттар дизайны заманауи элементтермен байытылған: 3D-қорғаныс жолағы, ультракүлгін белгілер, терең бедерлі баспа және сутаңбалар бар. Бұл халықаралық стандарттарға сай келетін қорғаныс деңгейін қамтамасыз етеді дегенді түсіндірді олар.

ДОЛЛАР БАҒАМЫ: НАРЫҚТАҒЫ КҮРЕС ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ІЗДЕНІСІ

Теңгенің тарихы – тек ішкі экономиканың емес, сыртқы нарықтың да айнасы. 1993 жылы алғаш енгізілген кезде 1 АҚШ долларының бағамы небәрі 4,75 теңге болса, бір айдан соң 1 доллар 20 теңгеге жетті. Бұл сол кездегі өтпелі экономиканың ауыр шындығы еді.
1999 жылы Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңгені еркін айырбас бағамына жіберу туралы шешім қабылдады. Сол жылы доллар бағамы 88 теңгеден 130 теңгеге дейін көтерілді. Кейінгі жылдары мұнай бағасының ауытқуы мен әлемдік экономикалық дағдарыстар теңге құнына тікелей әсер етті.
2015 жылы тағы бір маңызды кезең болды – теңге толық еркін айналымға жіберілді. Бұл қадам нарықтық экономиканың заңдылығына сай шешім еді, бірақ бастапқыда ұлттық валюта күрт арзандады.
Соңғы жылдары теңге бағамы мұнай бағасы, жаһандық инфляция және геосаяси факторларға байланысты құбылып келеді. 2020 жылы 1 доллар шамамен 430-450 теңге болса, 2022-2023 жылдары аралығында 470-480 теңге аралығында тұрақтады.
2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша, 1 АҚШ доллары шамамен 480-485 теңге көлемінде саудалануда. Бұл көрсеткіш елдің қаржылық тұрақтылығының белгілі бір деңгейін көрсетеді. Ұлттық банк валюта нарығына тікелей араласудан гөрі еркін бағам саясатын ұстанып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл саясат теңгенің нарықтағы тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
Теңге бүгінде әлемдік қаржы жүйесінде еркін айырбасталатын ұлттық валюта ретінде мойындалған. Ол ТМД елдері арасында дизайны мен қорғаныс сапасы бойынша үздік деп танылған, бірнеше мәрте халықаралық марапаттарға ие болған.

ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ
АЙҚЫН СИМВОЛЫ

32 жылдық тарихы бар теңге – Қазақстанның экономикалық егемендігінің, ұлттық бірегейлігінің және мемлекеттік тұтастығының символы. Ол еліміздің қаржы жүйесінің жүрегі ғана емес, халқымыздың рухани байлығының да айғағы.
Теңге тәуелсіздікпен бірге қалыптасты, халықтың сенімімен бірге нығайды. Оның әр купюрасында тарих бар, әр таңбасында елдің мәдени коды бейнеленген.
Теңге – өткеннің тәжірибесін, қазіргі дамудың қарқынын және болашақтың цифрлық келбетін тоғыстырған ұлттық құндылық. Экономикамыздың өзегі болған теңгеміз – мемлекеттің болашағына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін фактор.
15 қараша – Ұлттық валюта күні мен Қаржыгерлер күні – тек экономикалық мереке емес, ұлттың тәуелсіздік рухын ұлықтайтын күн. Мереке құтты болсын!

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН