КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТЫЛСА

Жетісу облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту ісі қарқынды түрде жалғаспақ. Аймақтағы саланың қазіргі ахуалы мен ұлттық жобаның алғашқы нәтижелерін ҚР Ұлттық Экономика Министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы Думан Қалибеков өңірлік БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Д. Қалибековтың сөзіне қарағанда:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тұрақты дамудың негізгі факторы — бұл тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту» атты Қазақстан халқына Жолдауының бесінші бағытына сәйкес қазір жағдайды өзгерту және инфрақұрылымның тозуын төмендетуге, оның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетиканы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін құру жолымен қол жеткізу үшін шаралар қабылдануда. Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс.
Инфрақұрылымды жаңарту үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қаржыландыру көздерін әртараптандыруды, сатып алулардың ашықтығын, отандық өндірушілерді қолдауды және жүйені толық цифрландыруды көздейді. Мұның бәрі қызмет сапасын жақсартып, төлемдердің болжамды болуына, сондай-ақ «Ақылды қала» жобаларын іске асыруға жол ашады.
Инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі
Өңірдегі негізгі коммуналдық желілердің тозуы әлі де жоғары. Мысалы, «Талдықорғанжылусервис» желілерінің 62%-ы ескірген. 2025-2029 жылдары 18,9 млрд теңге инвестиция салу арқылы 32,5 шақырым желі жөнделмек, нәтижесінде тозу деңгейі 2029 жылы 38%-ға дейін төмендейді деп болжанған.
Электр желілерінде де жағдай оңай емес. «Талдықорған акционерлік көлік электр желісі компаниясы» АҚ-ның тозуы – 79%. Есеп бойынша алдағы 2025-2029 жылдары 27,3 млрд теңгелік жұмыс атқарылып, 1415 шақырымнан астам желі жаңартылып, тозу 63%-ға дейін төмендеуі тиіс.
Сумен жабдықтау жүйесінде «Текелі Су құбыры» желілерінің тозуы 86%-ға жеткен. 12 млрд теңге инвестиция арқылы 201 шақырым желі жаңартылып, 2029 жылы тозу деңгейі 16%-ға дейін төмендейді деп жоспарланған. Ал «Жетісу Су арнасы» 6,9 млрд теңгеге 84,9 шақырым желіні жөндеп, тозуды 65%-дан 53,5%-ға түсіруді көздеп отыр.
Су бұру жүйесінде де осындай жаңарту жұмыстары жүреді: екі кәсіпорын да желілерді қалыпқа келтіру үшін жалпы 4,5 млрд теңгеге жуық қаражат бағыттамақ. Сонымен қатар, 2026 жылы ұлттық жобаға төрт ірі кәсіпорын қатысады. Олардың жалпы жоспарланған инвестиция көлемі – шамамен 20,7 млрд теңге.
Тариф: өсім, жеңілдіктер және бақылау
Алдағы уақытта Департамент 45 табиғи монополия субъектісінің жұмысын реттейді. 10 ай аралығында тарифтерді өзгертуге 111 тариф өтінімі түссе, оның 41-і кемшіліктерге байланысты кері қайтарылған.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігі аясында екі кәсіпорынның өтінімі мақұлданған. «Жетісу су құбыры» 40 млн теңге қосымша қаржы алып, тозуды бір пайызға төмендетпек. Ал «ТАЭТК» АҚ-тың электр тасымалдау тарифі 1 кВт/сағатқа 13,64 теңге болып бекітілді. Бұл – 1,99 теңгеге өсім. Есесіне 1,796 млрд теңге желілерді жаңартуға жұмсалады.
Үкіметтің тапсырмасына сәйкес халық үшін тарифтік жүктемені азайту шаралары қабылданды. Нәтижесінде:
— су жабдықтау бойынша халық үшін тариф 74,80 теңгеден 68 теңгеге дейін 1 м³ үшін (ҚҚС-сыз) төмендетілді;
— газ жабдықтау бойынша халық үшін тариф 41 195,05 теңгеден 36 310,33 теңгеге дейін 1000 м³ үшін (ҚҚС-сыз) төмендетілді;
— жылу мен су бойынша бұрын қолданылған әлеуметтік нормалар алынып тасталды.
Үкіметтің тарифтердің өсуін тежеу жөніндегі жұмысы аясында 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін халық үшін табиғи монополия субъектілерінің қызметтері бойынша тарифтердің көтерілуі жоспарланбайды.
Қоғаммен байланыс және бақылау
Департаменттің халықпен кері байланыс орнатуы да назарға алынып, 10 айда 118 өтініштің 77-сі қаралып, 36-сы оң шешімін тапқан. Тұтынушыларға уақытша өтемдік тариф арқылы 210 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Сонымен қатар, екі жоспардан тыс тексеру нәтижесінде екі монополия субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. «Талдықорғанжылусервиске» 6,3 млн теңге айыппұл салынды, ал «Достык Темир Логистик» ЖШС-не қатысты қозғалған әкімшілік істің қаралу мерзімі ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 817-бабына сәйкес ұзартылды.
Департамент тарапы жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 18 іс қозғап, 20 млн теңгеден астам айыппұл өндіріп, тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітуге 39 тыңдау өткізген.
Думан Қалибековтың айтуынша, алдағы кезеңде инфрақұрылымды жаңарту, тариф саясатының әділдігін сақтау және тұрғындардың мүддесін қорғау басты басымдық болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасады.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
