ҒАСЫР АТАСЫ АТАНҒАН СОҒЫС АРДАГЕРІ

9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында барлық халықтың ойына соғыс сұмдығы елес береді. Кейінгі жастар соғыс картинасын бейнелеген режиссердің ой-қиялы арқылы көрсе, қазіргі аға буын сол соғыс мүгедектерін көздерімен көрді. Ол елес емес-тін. Елге аман оралған жауынгерлер бастан өткерген алапат соғыс туралы олардың әңгімелерін естіп білгіміз-ақ келіп тұрады.
1942 жылы 18 жасқа толғаннан кейін қыркүйек айының 2-сі күні әскер қатарына шақырылып, Аягөз қаласындағы I-қазақ полкінде 6-айлық кіші командирлер дайындайтын курстан өтіп, сержант атағын алып, кіші командир, Түрікменстанның Мары қаласынан оқып шығып пулеметші, одан кейін автоматшылар ротасында командир, автоматшы болған.
Польша, Литва, Латвия, Эстония елдерін жаудан азат етіп, 1944 жылы қаңтар айының 22-күні ауыр жараланған. 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысып, II-топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралған. Елге келген соң Жаркент педагогикалық училищесінің білім жетілдіру курстарын бітіріп, мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Ауылдық кеңес хатшысы, ауылдық пошта бөлімі бастығы қызметтерінде болған. Әңгімеміздің кейіпкері – соғыс ардагері Сәрсембай Қаңтарбаев еді.
ТОМАР ӨТКЕЛ ОҚИҒАСЫ
Сәрсембай ақсақалмен көп сырластым. Ол кісі Талапты ауылындағы Көксу көшесінің жоғарғы жағында тұрыпты. Кейінірек біз сатып алып тұрған үй сол кісі тұрған үймен көрші болыпты. Ақсақалдың мынадай бір әңгімесі еске түседі. Асау Көксу өзенінде «Томар өткел» — деп аталатын өткел әлі бар. Ақсақал сол «Томар өткелден» өтіп, арғы жағаға барады, шамасы, мал іздеп барған болса керек. Сол жақта «Құйған» деген шағын ауыл болған, ол ауыл 1970 жылдарға дейін болды. Кейінірек адамдары жан-жаққа көшіп кетті. Сол мал іздеп барғанында бір ешкі бағып жүрген қызбен танысады («Қазіргі кемпірім ғой», — деп ақсақал күліп қояды). Содан сол қызды ұнатып қалса керек, Сәрсенбай ақсақал Томар өткелден күнде өтетін болыпты, тіпті кейде екі рет өтетін де кездері болған. Өткел болғанмен астындағы тасы ірі, суы мол атты адамның үзеңгілігіне жетеді. Бұрыннан өтіп жүрген адамдар болмаса, сырын білмейтін, сырттан келген адамдар жөнін білмей қиыншылыққа ұрынғандар көп болды.
Сөйтіп, атамыз судан ары бері өтіп жүргенде, астындағы мінгені өзінің биесі қиналып қалса керек, құлын тастап жіберіпті. Оны көрген көрші-қолаң, құрбы-құрдастары құлақтанып, «Сәрсембайда тыным жоқ, тор биеде құлын жоқ» деген әңгіме көпке дейін ел аузында жүріпті…
АҚСАҚАЛМЕН ТАНЫСҚАНЫМДА
ОЛ КІСІ 92 ЖАСТА ЕДІ
Мен Алғабас ауылындағы орта мектепке директор болып тағайындалғаннан кейін, бірер апта өткен соң, кабинетке бір үлкен ақсақал кірді қолында таяғы бар. Менен бұрын «Ассалаумағалейкум» деп амандасты. Орнымнан жылдам тұрып барып ақсақалдың қолын алып, төрге отырғыздым. Ол кісі мені бұрыннан білетін танысындай, атымды атап, қал-жағдайымды сұрай бастады.
Сөз арасында «ақсақал, мені қашаннан бері білесіз?», — деп сұрап қалдым. «Ой, сені кім білмейді. Кез-келген қазақ ауылынан тышқан жорғалап өтсе де, зерттеп біліп алады. Ауылдағы мектепке жаңа директор келіпті, қайдан келгенің, қай русың, аты-жөнің, жалпы барлығы жаңалық болып сол күні – ақ тарап кеткен»- деді ақсақал. Оң жақ ұртын тартып, жымиып қойды да: «Мен сені одан бұрынан танимын, өзіңді көрмесем де, сенің жазған мақалаларың мен өлеңдеріңді газеттерден оқып таныспын», — деп ақсақал газет оқып жүретіндігінен хабардар етті.
Сәрсембай ақсақалмен әңгімелесе отырып ол кісінің терең білімді, көкірегіне көп түйгені бар ерен ақсақал екендігін мойындадым.
ЖАЯУ ЖҮРУДІ ҰНАТАТЫН АРДАГЕР
— Ақсақал, соғыста болып от кештіңіз, қиыншылық заманды бастан өткердіңіз, жасыңыз тоқсаннан асса да бойыңызда ширақтық бар. Ұзақ жасауыңыздың сыры неде?
— Біріншіден, мен жастайымнан шымыр болдым, жарыстарға қатысып, жүлде алмасам да спортпен айналысып өстім. Аңшылықты жақсы көремін, бос күндері тау-тасты аралап аң қуып жүрдім. Жаяу көп жүру керек.
Екіншіден, адамдарға қарттық келген кезде оның отбасындағы әр күні дұрыс, қалыпты жағдайда болғаны абзал. Кемпірім Бәтиха екеуіміз 4 ұл,5 қыз тәрбиелеп өсірдік. Солардың ішінде ұлдың кенжесі Айдаралы үйленіп, менің қолымда қалды. Қалған ұлдар жеке отбасылы болып, өз тіршілігімен әр жерде. Қыздар да тұрмыс құрып өз алдына ел болып кетті. Бір өкініштісі, ұлым Айдаралы небәрі 36 жасында өмірден өтіп кетті. Артында үш баламен келінім Салтанат 32 жасында қалды. Келінімді құдай біздің бағымызға берген. Мектептегі жұмысын жасай жүріп үш баланы өсіріп, әлі күнге дейін біздің қас-қабағымызға қарап келеді. Бізді тастап тұрмысқа шықпады. Соңынан бөтен сөз ілеспеді, – деп ақсақал әңгімесі осы жерден тоқтады.
Көлікпен жүретін талай ауыл азаматтарынан естідік. Ақсақал Алғабастан арасы 5-6 км қашықтағы Қызылтоған ауылындағы құдасының үйіне жаяу барып, жаяу қайтады екен. Тіпті жолда тоқтап көлікке отырғызып ала кетпек болған жүргізушілерге рахметін айтып, көлігіне мінбейді екен. Сәрсембай ақсақал 1952 жылға дейін Талапты ауылында мұғалімдік қызмет жасап, Алғабас ауылына көшіп келгеннен соң да мұғалімдік қызметті жалғастырады. Алғабас ауылында почта бөлімшесі болмағандықтан барлық хат-хабар, газет, журналдарды 17 км қашықтықтағы Айнабұлақ бекетіндегі почтадан тасымалданып келген. 1965 жылы осы олқылықтың орнын толтыру үшін белсенділік көрсетіп, халықтың қалауын жоғарғы билікке жеткізіп, Алғабас ауылына почта бөлімшесін ашып, өзі сол почтаның бастығы болып, зейнетке шыққан.
ЖАПЫРАҒЫ ЖАЙҚАЛҒАН БӘЙТЕРЕКТЕЙ ОТБАСЫ
Соғыс аяқталғаннан кейін Қаңтарбай Сәрсембай Ұлы Отан соғысының I-дәрежелі орденімен, «Ұлы Отан соғысының ардагері» медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, 12 (Жеңіс күні) медальдарымен және «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған.
Қаңтарбаев Сәрсембай – Көксу ауданының Құрметті азаматы.
Жұбайы — Нүсіпқызы Бәтихамен (1924 жылы туған) 1950 жылы отбасын құрған. Нүсіпқызы Бәтиха – «Алтын алқалы» ана.
Екеуі 9 бала (Құдайберген, Базаралы, Назаралы, Айдаралы атты — 4 ұл, Балжан, Маржан, Ақмарал, Жанар, Сәуле атты – 5 қыз) тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпды. Қазіргі уақытта 9 баладан 25 немере, 37 шөбере сүйіп, Бәтиха апа 96 жасында ақсақалдан бұрын өмірден өтті.
Ал Сәрсембай ақсақал 2025 жылы 9 наурызда, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тура 2 ай қалғанда 101 жасында өмірден озды. Атасы жақсы көретін келіні Салтанат та қыздарын, ұлын оқытып ер жеткізді. Қыздарын құтты орнына қондырды. Ендігі арман, мақсаты азамат болған ұлы Нұралыны аяқтандырсам, маған да атаның келініндей келін жолықса деген тілегі бар.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН
