Құрыш старшина — Темірғали Исабаев

Бір мың тоғыз жүз жиырмасыншы қаңтарда,
Жылдың басы — үшінші атқан ақ таңда.
Торсық шеке ұл келді бұл өмірге,
Жер жәннәты Жетісу, Шаған тауда.
Ел аузында айтылған әңгіме көп,
«Темір ұстасы Исабай болыпты», — деп
Темірдей болсын балам деді ме екен,
Ат қойыпты сәбиге Темірғали деп.
Шаған таудың бауырында еркін өсті,
Атқа шауып, қар басып, батпақ кешті.
Бойға жинап туған жер қасиетін,
Азамат болып есейіп, ол ер жетті.
Ел мен жұрттың батыр туған ұланы,
Су жағалай бойлап өскен құрағы.
Туған жердің топырағында ойнақтап,
Ер болып туып, еркін шапқан пырағы.
Биік таудың сирек ұшар ұлары,
Ұлар даусын естіп өскен құлағы.
Артық туған ұлына жігер берген-
Қасиетті Қабылиса бұлағы.
Ел жұрты танып, білді батыр ұлды,
Өсті аңғарып,алыс пен жақыныңды.
Елін қорғау, жерін қорғау — ер міндеті,
Он сегізде әскерге шақырылды.
Темірғали жауынгер қатардағы,
Әскери тәртіп күшті қатал бәрі.
Тез үйреніп ортаға бейімделді,
Орындап бұйрықтарды адал әрі.
Соғыс туралы дабыл
Сап түзеген жауынгерлер алдында,
Полк командирі орта тұсқа барды да.
Жария етті басталғанын соғыстың,
Жиырма екінші маусымның таңында.
Белоруссияның Кебеш қаласында,
Дүркін-дүркін шабуыл ортасында.
Тойтарыс берді Исабаевтар ротасы,
Оранған қара түтін арасында.
Қырық бірінші жылдың қазан айы,
Тапсырылды бұйрық пен істің жайы.
Кіші командир сержант Темірғали,
Алдыңғы шепке шығуға болды дайын.
Алғашқы айқас
Рота командирі Корташев басқарған,
Бір топ жауынгер барлауға аттанған.
Жауын-шашын,тұманды пайдаланып,
Жау окопының ішіне бас салған.
Кенеттен сезіп қалып жау әскері,
Шабуылдап келіп қалды фашистері.
Қолма-қол айқас басталып Темірғали,
Үш неміске қарсы тұрып беріспеді.
Көз ілеспес, жылдамдық арқасында,
Бірін атып құлатты шалқасынан.
Екеуін жарып салып штыкпенен,
Сытылып кетті шығып ортасынан.
Өзі де жараланды бүйірінен,
Қызыл қан өтті сыртқа киімінен.
Жақыннан байқап қалған командирі
Жарасын таңып берді өзі бірден.
Бұйрықпен кері қайтып келе жатып,
Байқады бір топ дұшпан бұққан жатып.
Граната дәл түсіп, нысанаға
Қашқандарын атып салды бытырлатып.
Өтіп жатты қатерлі күн менен түн,
Бұл айқас соғыстағы жетінші күн.
Темірғали көрсетті асқан ерлік,
Кескілескен ұрыста Отан үшін.
Командирлер шақырып қал сұрады ,
Қошемет айтып жатты жалпы бәрі.
Түзілген сап алдында кеудесінде ,
«Ерлігі үшін» медалі жарқырады.
Қырымды азат ету
Қырымды азат ету мақсатында,
Жаттықты өрмелеп тасқа, шыңға.
Десанттың әрекетін, тәсілдерін,
Үйренді дұшпанды жойып, жоғалтуға.
Десанттар түсті Керчь маңайына,
Бекінісі күшті дұшпан аяйды ма?
Пулеметтен оқ атып, бет қаратпай,
Дұшпанның оғы тиді талай ұлға.
Әрекетсіз бос тұру жарайды ма?
Жай адам жақын барып, жолайды ма?
«Пулеметті жой!» деген бұйрық келді,
Старшина Исабаев жалайырға.
Ажал оғын боратқан пулеметті,
Байыптап байқады да жақын өтті.
Аңдып жатып , дәл көздеп атып салды,
Фашист өліп, пулемет үні өшті.
Жауынгерлер алға ұмтылып, бас салды,
Дұшпандармен қолма қол ұрыс басталды.
Жер бауырлап жақыннан граната лақтырып,
(Қамал үйді күл-талқан етіп тастады.)
Сегіз фашист сол жерде өлім жастанды.
Керчь үшін шайқас таңға созылды,
Таң ата фашистерден тазартылды.
Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін,
Темірғали Исабаев III-дәрежелі
«Даңқ» орденімен марапатталды.
Севастопольді қорғау
Генерал Маништейннің дивизиясы,
Румынияның атқыштар армиясы.
Севастопольді әскермен қоршап алып,
Құрылды зеңбірек артиллериясы.
Бұйрықтың аты бұйрық, орындау — міндет,
Командирдің сенімінде болу құрмет.
Жауынгерлер жаппай алға көтерілді,
Қырғын болды үлкен бір керемет.
Бұл айқас бірнеше айға созылды,
Дұшпанның да таусылды сірә төзімі.
Жетпіс мың әскері жер жастанып,
Фашист құрған тас қамалы бұзылды.
Біздің жауынгерлер шабуылды үдетті,
Соғыса-соғыса Сапун қыратына да жетті.
Артиллериядан оқ боратқан,
Негізгі күш осында болып шықты.
Сол бір қырғын қиян-кескі шайқаста,
Оқ бораған қан сасыған айқаста.
Темірғали көрсетті нағыз ерлікті,
Күнә болар оны мүлдем айтпасқа.
Нысананы дәл көздеп ПТР- мен қолдағы,
Төрт зеңбірек, үш зениттік қондырғы.
Күлі көкке ұшты, үні өшті,
Оншақты фашистің жанын суырды.
Оқтан қашпай, отта тұрып атысқан,
Севастопольді қорғауға қатысқан.
Жүз жиырма алты командир мен жауынгер,
Кеңес Одағының Батыры болып аталған.
Ерліктері ескерілді, ақталды,
Есімі де жүректерде сақталды.
Севастопольдегі ерлігі үшін,
II — дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.
Шауляй қаласын азат ету
Жоғарыдан келді тағы бұйрық мықты,
Көтеруге тура келді ауыр жүкті.
Қара теңізден соң Балтық жағасын,
Азат етуге жинады үлкен күшті.
32-атқыштар дивизиясы құрамында,
Ержүрек Исабаев та болды мұнда.
Шығыс Пруссиямен байланыстыратын,
Шуляйды алу қиындық тудырды да.
Қаланы азат етіп жауды қуып,
Келе жатқан кез еді жүріс суыт.
Кенет орман тасасынан шыға келіп,
Шабуылдады көп дұшпан жүзге жуық.
Алдында екі танк қалқаны бар,
Келеді шашыратып шалшық пен лай.
Оп-оңай таптап өтпек ойлары бар,
Немісше айқайлайды олай-бұлай.
Батальон командирі сасып қалды,
Ойланып әрекетсіз тұрып қалды.
Күтіп тұрмай бұйрықты Исабаев,
ПТР мен қос танкіні атып салды.
Күрт тоқтады танктер табан асты,
Уралап жауынгерлер алға басты.
Фашистер асып-сасып келген ізбен,
Шегініп орман ішіне қайта қашты.
Сол кезде келіп қалған полк командирі,
Исабаевтің ерлігін танып көңіл бөлді.
Сөмкесінен алды да III — дәрежелі
«Даңқ» орденін батыр төсіне ілді.
Ерлік жасау ер жігітке жарасар,
Аталы сөзге кімде уәж бар таласар.
Үш даңқ орденінің иесі саналады,
КСРО Батыры атағымен пара-пар.
Шығыс Пруссиядағы шайқастар
Полковник Вишняков асырды ақылын,
Исабаевқа бір іс тапсырды ақырын.
Қарсы жақты бақылап «тіл» әкелуге
15 барлаушыны жолға салды жасырын.
Суық жел басқа дыбыс естілмейді,
Барлаушылар бауырлап еңбектейді.
Қолдарында автомат пен бір пулемет,
Мысықша басып, тасалау жер іздейді.
Бұларды сезіп қалған жау күзетшісі,
Қорыққаннан жасады ұят істі.
Қаруын қолындағы тастай беріп,
Қол көтеріп табанға құлай түсті.
Ойда — жоқта үстерінен лап басты,
Фашистер жан-жаққа тұра қашты.
Аз уақыт қолма-қол айқастан соң,
Окопты дұшпандардан тартып алды.
Төрт сағатқа созылып шайқас қызды,
Арттан келген рота көмек қылды.
Исабаевтар полкі фашистерді,
Эльбаға дейін тоқтаусыз арттан қуды.
Өзеннен өтіп, плацдарм алуға бұйрық берілді
Темірғали бастаған, тоғыз жауынгер,
Тоғызы да нағыз батыр, нағыз ер.
Станокті пулеметті орнатып ап қайыққа,
Оң жағалауға жүзіп кетті мергендер.
Бұларды жау әскері байқап қалып,
Оқ жаудырды пулеметтен тыр-тырлатып.
Фашистер танкіге қарсы қолданатын,
Зеңбіректі орнатып бастады атып.
Батырлар бұдан тайсалмай, алға жүзді,
Отанға деген ыстық сезім лебі.
Дұшпанға деген ыза кек өшпенділік,
Оларды оң жағалауға жетеледі.
Исабаев оның хас батырлары,
Жау окопына лап қойды жақындады.
Қолма-қол айқаста сұрапыл шайқаспен,
Траншеяны олардан тартып алды.
Шағын топтың бір рота
неміспен шайқасы
Дұшпанмен қарсыласқан басталды ұрыс,
Ұрыста қарап тұру болмас дұрыс.
Қолға түскен зеңбіректі кері бұрып,
Өз снарядтарын өзіне атты гүрс-гүрс.
Сиреп қалған фашистер шегінді артқа,
Кері бұрылып әу баста келген жаққа.
Барлаушылар жүзден астам жауды қырды,
Есеп жоқ жауға атылып ұшқан оқта.
Батальон мен полк та өтіп жетті,
Исабаевтар ерлігін үлгі етті.
Ақыры жау стратегиялық маңызы зор,
Плацдармнан айырылып кері кетті.
Шағын топ сап алдында құрметтелді
Исабаевтар ерлігімен таныс етті.
Шағын топ жауынгерлерінің бәріне,
«Қызыл Ту» орденін табыс етті.
Жау бекінген шепті алу,
Соңынан қуып жеткен солдаттармен,
Жау окопына қарғып түсті айбатымен.
Алты бірдей неміс офицерінің
Үстінен түсіп біреуін атты бірден.
«Ханде хоқ!» — деп бесеуін тұтқындады,
Қалғандары да қолға түсті құтылмады.
Тиісті орынға оларды тапсырған соң
Шақырумен штабқа келді тағы.
Қалай ғана пулеметке қарсы шаптың,
Қалай ғана пулеметшіні дәлдеп аттың.
«Сен нағыз батырсың Исабаев!» -деп
Құшақтап генерал риза болды қатты.
Жеңіс шеруі
Хас батырлар, Москваға шақырылды,
Олардың ерлік даңқы ерек айтылды.
Кремль сарайында Исабаевқа,
Төрт орденді М.И.Калинин тапсырды.
Темірғали ерлікті жалғастырды жүре берді,
«Құрыш старшина» — деп танып түгел білді.
Польшаны азат етудегі ерлігі үшін,
«Қызыл жұлдыз» орденін иеленді.
Жүріп өтті салтанатты шеруде,
Рухы асқақ көтеріңкі көңілде.
Темірғали «темір батыр» аталып,
Аты қалды үлкен тарих бетінде.
Соғыс бітіп, елге аман оралды,
Алладан рахмат, елден алғыс мол алды.
Ұлын ұяға, қызын қондырып қияға,
Ұландарға батыр ата аталды.
Қырық жыл қырғында тек ажалды өлер,
Ажалсыз аман-есен елге келер.
Жақсылық, жамандықты бастан өткеріп,
Көп жасап бұйырғанның бәрін көрер.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН
