ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ҚОРҒАУШЫ

0
29

6 желтоқсан – елімізде прокурорлар қауымының кәсіби мерекесі. Бұл күн тәуелсіз Қазақстан прокуратурасы 1991 жылы құрылған сәттен бері аталып келеді. Содан бері прокуратура қоғамдағы әділдік пен тәртіптің басты қорғанына айналды. Прокуратура қызметі жай ғана мемлекеттік жұмыс емес — бұл қоғам алдындағы ерекше жауапкершілік, терең сенім мен шынайы адалдықты талап ететін күрделі жол. Прокурорлар күні — тек мереке емес, осы мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін ерекше күн.

Бүгінгі таңда адамдардың тағдырына бейжай қарамай, әр істі мұқият қарап, әділ шешім қабылдап, қызметінің басты ұстанымына айналдырған проку-рорлардың қатарында Ақжол Саматұлы да бар. Ол өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен ат-қарып, қоғамдағы әділдік пен заңдылықты сақтауға шын ниетімен үлес қосып жүрген мамандардың бірі.
Қазіргі таңда Жетісу облысы Талдықорған қалалық прокуратурасында қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің аға прокуроры болып қызмет етіп жүр. Мереке аясында Ақжолдың өзімен сұхбаттасқан едік. Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман ретінде ол прокуратура қызметінің ерекшеліктері, бүгінгі міндеттері және жастарға берер кеңестері туралы шынайы ойымен бөлісті.

Адалдық пен әділдікке әкем бағыттады

— Менің бұл салаға келуім, ең алдымен, әкеме деген үлкен құрметтен бас-талды. Әрбір ер бала үшін әке – тірек, бағыт-бағдар беретін шамшырақ, ал оның сенімін ақтау – өмірлік мұрат. Әкемнің адалдығы мен әділдікке деген көзқарасы маған бала кезден-ақ әсер етіп, заң саласына деген қызығушылығымды оятты.
Ал енді «неге полиция немесе әскери қызметті емес, дәл прокуратураны таңдадым?» деген сұраққа келсек, оның да өзіндік себептері бар. Прокуратура – қоғамдағы әділдіктің соңғы қорғаны іспетті. Бұл салада адам құқықтарын қорғаудың кең әрі нақты мүмкіндігі бар. Прокурор – тек қадағалаушы органның өкілі ғана емес, ол – мемлекеттік мүддені, азаматтың құқығын, заңның үстемдігін қорғаушы ең мықты заңгерлердің бірі.
Бұл қызметте сен заңның барлық саласын терең меңгеріп, әрбір азаматтың құқығын жан-жақты қорғай аласың. Тек қылмыстық процесте ғана емес, еңбек, азаматтық, әкімшілік құқық салаларында да әділ шешімнің шығуына ықпал ете аласың. Яғни прокурор болу – қоғам алдында үлкен жауапкершілік жүктейтін, сонымен бірге елге шынайы пайда әкелуге мүмкіндік беретін маңызды жол.
Прокуратураға келу – мен үшін тек мамандық таңдауы емес, бала күнгі арманымның, әкемнің үмітін ақтауға деген талпынысымның, әділдікке деген өз сенімімнің жалғасы.
Прокуратура органдарындағы жалпы жұмыс өтілім шамамен 5 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде түрлі бағыттарда қызмет атқару арқылы мол тәжірибе жинадым, заңның әр қырын тереңірек түсінуге мүмкіндік алдым. Әрбір кезең мені кәсіби тұрғыда шыңдап, жауапкершіліктің мәнін терең сезіндірді.

Балалар құқығы қалай қорғалуда?

Қазіргі уақытта менің негізгі лауазымым – балалардың құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы органдардың қызметін қадағалау. Бұл бағытта 2 жылдан астам еңбек етіп келемін және мұны өз қызметімнің ең маңызды, әрі жауапты бағыттарының бірі — деп есептеймін.
Өйткені мемлекетіміздің ертеңі – бүгінгі жеткіншектер. Әрбір баланың құқығы, қауіпсіздігі, лайықты білім алуы мен қорғалуы – қоғамның да, мемлекеттің де басты құндылықтарының бірі. Сол себепті осы саладағы әрбір істің дұрыс, әділ және заңға сай орындалуы – менің күнделікті жұмысымдағы негізгі міндет, әрі жеке жауапкершілік — деп білемін.
Балалардың тағдырына тіке-лей әсер ететін мәселелермен айналысу – үлкен сенім және зор жауапкершілік. Сондықтан бұл бағыт мен үшін жай қызмет емес, қоғамға шынайы пайда тигізе алатын, жүрегіммен атқаратын маңызды миссия.

Жауапкершілік деңгейі өсуде

Талап та, жауапкершілік те өте жоғары. Прокуратура — қадағалаушы орган ретінде заңдылықты сақтау мен қоғамдағы әділетті нығайтуға тікелей жауапты. Сондықтан әрбір тексеріс, талдау немесе процессуалдық шешім барынша мұқият, жүйелі және дәл орындалуға тиіс. Себебі прокурордың әрбір әрекетінің артында — адамдардың тағдыры, бостандығы мен құқықтары ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің мүддесі, қоғамдық тәртіп пен сенім жатыр.
Әрбір іс — кешенді процесс. Тексерістер мен шешімдер, ақпаратты жинау, сараптау және құқықтық бағалау сатыларынан өтуі тиіс. Құжаттар мен дәлелдемелердің жинақталуы заң талаптарына сай, тәртіппен және толық жүргізілуі керек, куәгерлердің сенімділігі мен куәлік мәнінің нақтылығы жан-жақты бағалануы қажет. Қате немесе толық емес талдау сотта әрі қарай кері әсер етуі мүмкін — нәтижесінде заңды шешімнің күшін әлсіретуі, азаматтың құқықтарының бұзылуы немесе мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік мүдделерінің зақым-далуы ықтимал.

Оқушылардың құқықтық мәдениеті туралы

Қазіргі таңда прокуратура органдары жастарды қолдау мен олардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі және ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл бағыт мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының бірі екенін ескере отырып, прокуратура қоғамның ең әлсіз, әрі қорғауды қажет ететін тобы — балалар мен жасөспірімдердің құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді.
Мәселен, қала прокурату-расының үйлестіруімен биыл 38 мыңға жуық баланың құқықтары қорғалды. Олардың ішінде 2 мыңнан астам баланың Конституциялық құқықтары қамтамасыз етілді, яғни білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, қауіпсіз ортада өмір сүру секілді негізгі құқықтарының сақ-талуы қатаң бақылауға алынды.
Сонымен қатар, оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың қоғамдағы өз орнын дұрыс түсінуіне жағдай жасау мақсатында мектептерде, колледждерде және басқа да білім беру ұйымдарында түрлі форматтағы кездесулер, ашық сабақтар, профилактикалық түсіндіру шаралары
өткізіліп келеді. Бұл жұмыс жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылармен жұмыс та маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балалардың құқықтарын қорғау, олардың қажеттіліктерін анықтау, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып көмек көрсету прокуратура қызметінің негізгі басымдықтарының қатарында. Мұндай қолдау шаралары әрбір баланың қауіпсіз және қолайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Бұл — атқарылып жатқан жұмыстың тек аз бөлігі ғана. Қадағалаушы орган ретінде прокуратура қоғамның барлық саласында өз рөлін атқарып, заңдылықты сақтау мен азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы қызметін үздіксіз жалғастырып келеді.

Прокурор қандай адам
болу керек?

Ең басты қасиеттер – адалдық пен білім. Бұл екі ұғым прокурорлық қызметтің іргетасы болып саналады. Бір қанатымен құс ұшпайтыны секілді, прокурор да тек білімге немесе тек адалдыққа сүйеніп толыққанды жұмыс істей алмайды. Егер білім болса – заңды дұрыс қолдана аласың, бірақ адалдық жоқ жерде әділдік болмайды. Ал тек адал болу жеткіліксіз, өйткені құқықтық сауатсыздық кез келген дұрыс ниеттің өзіне кедергі келтіреді.
Сондықтан бұл қасиеттер әрдайым қатар жүруі тиіс. Адал қызмет ету – қоғамға, мемлекетке, заңға деген шынайы құрметті білдіреді. Ал заңды терең білу, оны тәжірибеде сауатты қолдану – прокурордың кәсіби деңгейін айқындайды. Екеуі біріге отырып, нағыз әділ шешім қабылдауға, азаматтардың құқығын қорғауға және мемлекеттің мүддесін сақтауға мүмкіндік береді.
Нағыз прокурордың негізгі ұстанымы – осы екі қасиетті күнделікті жұмыстың өзегіне айналдыру. Адалдыққа сүйеніп әрекет ету, білімін үнемі жетілдіру, заң алдындағы жауапкершілікті терең сезіну – кәсіби биіктіктің басты көрсеткіші. Осындай үйлесім ғана прокурорды шын мәнінде әділдік жолындағы мықты, сенімді және қоғамға қажетті маман етеді.

Әріптестерге мерекелік тілек

Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Прокурорлар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдағы әділеттілік пен құқықтық тәртіпті нығайту жолындағы еңбектеріңіз – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен азаматтардың сенімінің негізі. Сіздер күн сайын жауапкершілігі зор, күрделі әрі маңызы жоғары міндеттерді атқарып, адам құқықтарын қорғау ісіне айрықша үлес қосып келесіздер. Қызметтегі табандылықтарыңыз, адалдықтарыңыз және өз ісіне деген шынайы ықыластарыңыз әрқашан жоғары бағалана берсін. Әрбір тексеріс, әрбір шешім, әрбір қадам – қоғамға қызмет етудің көрінісі. Бұл жолда сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас жігер, кәсіби биіктер мен жаңа жетістіктер тілеймін.Отбасыларыңыз аман, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы, берекелі болсын! Елдің игілігі үшін жасап жатқан қажырлы еңбектеріңізге сәттілік серік болып, әрқашан абырой мен әділдік жолынан таймай жүре беріңіздер!
Мереке құтты болсын!

Автордан: Ақжол мырзаның жауаптарынан байқағанымыз, прокурордың тек заңды қадағалаушы ғана емес, қоғамның дамуындағы маңызды тұлға екенін, оның құқықтық мәдениеті жоғары, әділетті мемлекет құру жолындағы әрбір бастамасы,оның ішкі жауапкершілік жүгі арқылы адам тағдыры мен мемлекет мүддесін қорғаудағы рөлін айқын сезіндік. Әділет жолында қызмет ету — кімге болса да бұйыра бермейтін үлкен мәртебе. Ал сол жолды таңдаған азаматтарға тек биік мақсат, мықты рух және таусылмас жігер тілейміз.

 

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ