ЕЛ ІШІНДЕГІ ЕТ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

Қаратал ауданының Тастөбе аталатын шұрайлы елді мекенінде тұратын ол кісі шалы екеуі соғымға жылда жылқы соятын. Ол соғымға арналған малды қолдарында ұстамайды. Тассуат деген жердегі жекжаттары малды қолында ұстап, күні бұрын соғымға дайындап, жемдеп, соғым соятын кезге дейін семіртіп береді. Ол қызметі үшін апамыз бен атамыз жекжаттарына қант-шайын, анау-мынауларын беріп жіберіп, риза етіп отыратын. Соғым уақыты келгенде «кілет» деген ауызғы суық бөлмеде бақанда еттері мен қазы-қарталары самсап тұрады. Етіне дейін бұрыштап, тұздап, сарымсақтап қояды ғой енеміз! Тоқшылық-ай!
Біз қалада тұрып, ет жегіміз келсе Тастөбеге тартамыз. Самсаған етті көріп, енеме айтамын ғой:
— Шалыңыз екеуіңіз бен мектептегі үш бала ғана бар, жылқының орнына сиыр неге соймайсыздар, етін тартып алып, котлет, манты, пельменге, орамаға, тағы да басқа тамақ түріне жақсы ғой. Жылқының еті тартқанға, одан кейін жаңағы айтылған тамақтарға піскенде еті қап-қара болып кетеді, онша жарамайды – деймін ғой баяғы, білгішсініп. Ол кісі күліп қойып айтушы еді:
— Мен сиырдың етін жемеймін, жақтырмаймын! – дейді.
— Неге, сиыр етінің сүйек сорпасы дәмді емес пе?
— Жоқ. Сиырдың етін қазақтар өте сирек жеген. Өйткені сиырдың еті жел…
Ал түсініп көр «желдің» не екенін? Ары қарай сұрауға батпадым. Жылқының қазы-қартасынан басқасын жемейтін қазақтар бар ортамызда. Жылқы еті тек асуға жарайды – деп отырады сиыр етін артық санаған кейбір келіншектер. Жылқы етін тамсана жейтін адамдардан білгенім, жылқы еті адам ағзасына холестерин жинамайтын өнім екен. Жалпы, жылқы еті мен қазы-қартасының, іш-майының пайдасы керемет деп жатады қазақтар. Іш майын жапон косметологтары түрлі кремдерге қосатын көрінеді. Білгіштердің айтуынша, жылқының майын сынықшылар да пайдаланады екен.
Ал тарихшы-этнолог Ахмет Тоқтабайдың айтуынша, қазақ жерін, қазақтың тұрмыс-салтын зерттеген 19 ғасырдағы орыстардың экспедициясы «қазақтардың жорға мініп, соғымға жылқы сойып, қымыз ішкені – қазақтардың бақуатты екенін байқатады, ал сиыр сойған қазақтарды кедей деп есептеген, яғни «говядина – пища бедных» деп қорытындылаған.
Ал қазір ше? Қазіргі көпшіліктің таңдауы – сиыр етінде. Соғымға сиыр соямыз. Арзан ба? Жоқ.
Қазір, Мөңке би айтпақшы: Ақырзаман болғанда — қатын би болар, сиыр пұл болар.Туған балаң қу болар, үй ішінде неше жан болса, бас-басына би болар…
Жылқы, әрине, сиырға қарағанда қымбат.Кей жерлерде 700 мың теңгеден миллионға дейін жетеді. Ал сиыр да қымбаттады. Жарты миллионға еті толған жақсы сиыр аласың. Тайыншалар, әрине, арзандау. Мал семіртуде бордақылаушылар қазір неше түрлі әдістерге барады.
Малды дәрімен семіртеді
Отандық ғалым ет жемеуге кеңес берді.Ғалымның пікірінше, бүгінде сапасыз ет қатерлі ісіктің өршуіне себеп болып отыр. Қазір кейбір малдың дәрімен семіртілетіні туралы жиі айтыла бастап, денсаулығына алаңдаған елдің дегбірі қашып жүр. Сондықтан отандық ғалымдар мен қасапшының осы жайлы пікірін Sputnik Қазақстан назарларыңызға ұсынады.
«Ондай дәрілер бар…»
Кандидаттық диссертациясын мал етін өсіретін гормонның бірін зерттеуге арнаған ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор Айбын Төреханов, өкінішке қарай, мұндай жайттың бізде кездесетінін айтады.
«Бар ғой ондай дәрілер. Түрі көп. Сұйық түрінде егетіні бар, ұнтақ түрінде жемге араластырып беретіні бар. Кей адамда сатылымда болғаннан кейін неге пайдаланбасқа? — деген арам ой келеді. Әрине, оны «зиян»- деп кесіп айтуға тағы болмайды. Өйткені гормондардың әр адамға әсері әртүрлі. Сондықтан оны медицина саласындағы мамандар бағалағаны жөн», — дейді ол.
Дегенмен ғалым мұндай келеңсіз жайттың белең алуына түбегейлі қарсы екен. Оның пікірінше, бұған еліміздің ауылшаруашылығы саласының таңдаған даму жолы себеп.
«Кезінде министр Асылжан Мамытбековке мал шаруашылығын дамытудың екі бағыты ұсынылды. Осының қайсысын таңдаймыз деп. Әрине, ғалымдар табиғи жолмен мал өсірудің экспрессивті түрін ұсынған. Өйткені оған барлық жағдай жасалған бізде. Жайлау, қыстауымыз бар дегендей. Бұдан бөлек интенссивті, яғни қарқынды даму деген болды. Бұл – осы саладағы соңғы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып даму. Әрине, оның ішіне әлгі дәрілер де кіріп кетеді. Қас қылғанда осы жол таңдалды ғой», — дейді Төреханов өз өкінішін жеткізе отырып.
Малды дәрімен семіртуге тоқтау салу керек
Оның пікірінше, жоғарыдағы жиі ауыс-түйіс бітпейінше, бұл мәселе шешімін таппайды.
«Басқасын білмеймін, ал ауылшаруашылығы саласы мамандар тұрақтылығын қажет етеді. Мысалы, Жапонияда болдым. Осы саладағы құзырлы орындарға тағайындалған адам өз қызметінде өле-өлгенше отырады. Өйткені ғылыми потенциалы болғандықтан, бұл саладағы жоспарларды қысқа мерзімде атқару мүмкін емес. Демек, олар нәтижеге жұмыс істейді. Ал бізде жұмыстың нәтижесі жоқ. Өйткені әр басшы келе салып, бәрін өзгертеді. Сондықтан бізде бәрі аяқсыз қалады.
Әрине, малды дәрімен семірту дегенге тоқтау болуы тиіс. Оны біз айтуымыз керек. Ол үшін жайылымдық жолмен мал өсіруге көбірек қаржылай қолдау қажет», — дейді ол.
Ал аты-жөнін атамауды сұраған отандық ғалым көпшілікке соғымды жайлаудан алдыртуға кеңес береді.
Ең дұрысы – ет жемеу…
«Дүкенге, базарға барсаңыз — қазір ГМӨ тағамдар қаптап тұр. Әрине, оның бәрі денсаулыққа зиян. Тіпті, мал етінің, мал өнімдерінің денсаулыққа зиян екенін жапон ғалымдары дәлелдеп жатыр. Ол обыр дертін дендетеді. Қазіргі қатерлі ісіктің өршуіне біздегі осы сапасыз тамақ себеп», — дейді ол. «Осы күнге дейін еш жері ауырмай-ақ ата-бабамыз мал етін жеп келді. Енді не болып қалды, оны неге зиян деп жатыр» деген заңды сауал туары сөзсіз.
Ғалымдар қызыл еттің неге қауіпті екенін айтты
Оған ғалым былай жауап береді:
— Ол бұрын. Ол кезде қазақ даласында зауыт, фабрика деген болмаған. Қазіргідей қаптап жүрген автокөлік те жоқ-тұғын. Әскери горнизондар да жоқ, қоршаған ортаны былғап жатқан бүгінгідей. Мысалы, Семей полигонын алайық. Оның жер қыртысындағы улы қалдықтарының күші 200 жылдан кейін ғана жойылады. Бұл ғалымдар тұжырымы. Демек, ол арада мал түгілі адамның тұруына болмайды. Бірақ тұрып жатыр халық, мал-жанын өсіріп жатыр. Ал ол арада өскен малдың еті зиян емес деп кім айта алады? Байқоңырдың маңы да сол…
Ауылшаруашылығы ғылымының докторы соңғы кездері өзінің мал етінен бас тартып, вегетериандыққа бет бұрғанын да айтты.
— Өмір бақи ет жеп келе жатқан халыққа «ет жеме» деп қалай айтасыз. Оған аузың да бармайды. Бірақ ол зиян ғой. Өз басым соңғы кездері көк-сөкке көштім. Халықаралық тәжірибе де вегетериандықтардың көп жасайтынын дәлелдеп берген. Ал еттен бас тарта алмайтындарға соғымды жайлаудан алдыртуға кеңес беремін. Зауыт, фабрика секілді зиянды өндіріс ошақтары жоқ жерден, — дейді ол.
Дәріленген ет пен таза еттің
айырмасы қандай?
Ұзақ жылдар мал сойып жүрген ақсуаттық Әділ Құрманғазин дәріленген ет пен таза етті тез айыратынын айтады. «Түрінен көрініп тұрады. Күнде ет ұстап көрмеген адам оны байқамай қалуы мүмкін. Бірақ біз білеміз ғой. Етінен бастап майының түріне дейін өзгеше болады. Арам өлген қойдың етіне ұқсайды, бейнелеп айтсақ, кішкене қарайыңқырап тұрады.
Пісіргенде де білінеді, көбіне сорпа көбіктеніп кетеді. Бір рет досымның сойған соғымы солай болып шыққан екен. Оны енді далаға тастамайды ғой. Содан 3-4 рет қайнатып, сорпасын төгіп тастап отыр деп ақыл айттым. Дәмі де таза еттікіндей болмайды ғой», — дейді ол.
Осы айтылғандарға ет жегіш қазақ ретінде мен де қосыламын. Қасаптан ет таңдап үйрендік. Белгілерін байқауды да көрдік. Бірақ бізге, қала адамына, таза ет қайда дерсің! Үйге әкеліп пісіргенде еттің иісі де шықпайтын сәттер болады…
Сонымен, сиыр соямыз ба соғымға?..
Баян Таңатарова
