«АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗДІ

0
18

8 сәуір күні «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өтті. Жиынға делегаттар толық қатысып, оларға күн тәртібі мен қажетті құжаттар таратылды.

Конференцияға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов пен облыстық мәслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес есепті баяндама тыңдалып, атқарылған жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар тексеру комиссиясының есебі қаралып, қаржының кірісі мен шығысы бойынша толық мәлімет берілді.
Жиын барысында Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы (49 адам), 3 адамнан тұратын тексеру комиссиясы және 15 мүшеден құралған президиум сайланды. Дауыс беру нәтижесінде Ермек Келемсейітов кеңес төрағасы болып қайта сайланды.
Сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің XI съезіне Ермек Келемсейітов, Сайлау Бәзілов және Ұлжалғас Дүйсебаева делегат болып сайланды. Конференция соңында бірқатар ардагерлер алғыс хаттармен және ұйымның құрмет белгілерімен марапатталды.

Сембек АБДРАХМАНОВ