КЕШ ҮЙЛЕНУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ МА?

0
27

Соңғы жылдары үлкендер арасында отыра қалсақ жастардың кеш үйленуі туралы жиі айтылады. Ол кісілердің пайымынша 18 бен 20 жас шамасында шаңырақ көтеру қалыпты жағдай саналса, біздер ол уақыт ерте деп үйленуді кейінге қалдырып жүрміз. Кейбірі тіпті ұзақ уақыт бойдақ жүруді таңдайды. «Бұл құбылыс неліктен пайда болды?», «Жастардың үйленуге асықпауына қандай факторлар әсер етуде?» деген сұрақтарды үлкендер тарапы көп қояды. Сол жайлы жазуды ұйғардық.

Қазақ халқы ежелден отбасыға ерекше мән берген. «Отан — отбасынан басталады» деген сөздің өзі шаңырақтың қоғамдағы маңызын айқын көрсетеді. Бұрын ата-бабаларымыз үшін үйлену — өмірдің маңызды кезеңі болатын. Олар ерте жастан отау құрып, үлкен өмірге бірге қадам басатын.
Сол дәуірде отбасы тек екі адамның емес, тұтас әулеттің бірлігі саналды. Ата-ана, ағайын-туыс жас жұбайларға қолдау көрсетіп, өмірдің қиындығын бірге еңсеруге көмектесетін. Сондықтан ерте үйлену үлкен мәселе болып саналмаған.
Ал қазіргі қоғамда жағдай өзгере бастады. Урбанизация, білім деңгейінің артуы, өмір сүру салтының өзгеруі жастардың көзқарасына әсер ететін үлкен фактор болған. Бүгінде біздер алдымен өз болашағымызды қалыптастырып алуға ұмтыламыз. Қазіргі уақытта тұрақты жұмыс табу, жеткілікті табысқа қол жеткізу бұрынғыдай оңай емес. Әсіресе, үлкен қалаларда өмір сүру қымбат. Пәтер бағасының өсуі, күнделікті тұрмыс шығындарының артуы жас адамдарды ойландырмай қоймайды. Көптеген жігіттер «алдымен баспанам болсын, тұрақты табыс табайын» деген оймен үйленуді кейінге қалдырады.
Сонымен қатар, басым бөлігі жоғары білім алуға тырысады. Университетте оқу, магистратураға түсу, кәсіби тәжірибе жинау — бәрі уақытты талап етеді. Ал оны үйленіп алған соң да алып жүруге болады деген пікірлер де бар. Бірақ отбасын құрған соң жауапкершілік көбейіп, екі тараптан қыспаққа алынып жататын жағдайларды да көріп жүрміз.
Қазіргі қыздар тек отбасы шеңберімен шектелмей, қоғамда өз орнын табуға ұмтылады. Олар жақсы маман болып қалыптасып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгісі келеді. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ кей ер азаматтар өздеріне қаржылық және тұлғалық жағынан жауапкершілік ала алмай жүргенде, қыздар қауымы өз тағдырын олардың қолына тапсыруға қорқады.
Жігіттер де дәл солай. Қазақ қоғамында ер адам отбасының негізгі тірегі, асыраушысы болуы тиіс деген түсінік әлі де сақталған. Олар алдымен мансап құрып, кәсіби тұрғыдан қалыптасқаннан кейін ғана отбасын құруды жөн көреді. Өйткені жауапкершілікке дайын болу — маңызды фактор.

Психологиялық дайындықтың маңызы

Соңғы жылдары ажырасу санының артуы да жастардың ойына әсер етуде. Көптеген адамдар өз ортасында ажырасқан отбасыларды көріп, мұндай жағдайдан сақтанғысы келеді. «Дұрыс адамды табу керек», «бір-бірін жақсы түсінетін отбасы болу керек» деген оймен өмірлік серігін мұқият таңдауға тырысады.

Қоғамдық көзқарастың өзгеруі

Бұрын қоғамда белгілі бір жасқа дейін үйлену міндет сияқты саналатын. Егер қыз 25 жасқа дейін тұрмысқа шықпаса немесе жігіт 30 жасқа дейін үйленбесе, айналасындағылар түрлі пікір айтатын.
Ал қазіргі уақытта адамның жеке таңдауына құрметпен қарау үрдісі күшейіп келеді. Әр адам өз өмір жолын өзі анықтайды деген түсінік қалыптасты. Кейбір жас саяхаттауды, жаңа білім алуды, жеке мақсаттарына жетуді бірінші орынға қояды. Олар өмірдің әр кезеңін өз қалауынша өткізгісі келеді.
Тағы бір маңызды себеп – өмірлік серікті табудың қиындығы. Қазір көбінесе өзіне лайық адамды іздейді. Қыздар жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, отбасына қамқор жігітті қалайды. Ал жігіттер ақылды, түсінігі мол, адал қызды іздейді. Мінезі, көзқарасы, өмірлік мақсаты сәйкес келетін адамды табу кейде оңай болмайды. Ал бұрын бір-екі көрген қызды бейтаныс жігіт алып қашса да «жұрттан ұят» деген сөзбен отбасы болып кететін.
Дегенмен, жастардың кеш үйленуі отбасы құндылығының жоғалғанын білдірмейді деп ойлаймын. Жас болсақ та болашақта шаңырақ көтеріп, бала тәрбиелегіміз келеді. Тек бұл қадамды саналы түрде жасаған жөн. Яғни, материалдық жағынан да, рухани жағынан да дайын болған кезде ғана отбасы құруды дұрыс деп санаймыз.

Дария ТАСҚЫНҚЫЗЫ