
КІТАП ОҚУҒА ҚҰШТАРЛЫҚ
Қазіргі аға буын өкілдері жастық шақтарын еске алса, әңгімелерін кітапқұмарлықтан бастайды. Оқып біткен кітабынан алған әсерін ортаға салып, кітаптағы кейбір оқиғаларды тамсанып тұрып құрдастарына жеткізетіні соншалық, қалғандарымыз тезірек сол кітапты оқысақ деген ниетпен аудандық кітапханаға жүгіретінбіз. Оған қоса әдебиет сабақтары өте қызықты өтетін. Оқулықтағы авторлардың шығармаларын да толығымен оқып, білуге қызыға кірісетінбіз. Өкінішке орай, қазір ондай құлшынысты жастардан көп байқамаймын.
Басқаларды айтпағанда, үйдегі кітап сөресіндегі әр жылғы шыққан көптеген кітаптардың бетін ашуға қызыққан немерелерді көрмеймін. Оған ішім ашиды. Сол сәтте Тоқаевтың сөзі есіме түсіп кетеді. Ол: «Біз бала тәрбиесін әлеуметтік желіге беріп қойдық»,- деп еді ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде. Өте мағыналы сөз. Расын айтсақ, әр баланың қолында бір-бір смартфон, оған берілгендігі соншалықты айғайламасаң шақырғаныңды да естімейді.
Президент кітаптың маңызына тоқталып, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі элементі ретінде оқу мәдениетін дамыту қажеттігін мәлімдей келе оқырманға ой салатын мына пікірлерін ортаға салды:
«Жақында АҚШ соттарының бірі шығарған шешімге сәйкес, кейбір интернет-платформалардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойындалды.
Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт.
Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ.
Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі.
Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық бас- па саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс.
Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын», — деді. Жөн. Бұдан артық қалай айтуға болады?
Кітапта жоқ дүниені смартфон, планшет, компьютерден оқып дағдыландық. Бұл мектеп оқушылары мен студент жастарға өте қолайлы десек те аға буын үшін қағаз кітап ыңғайлы. Өйткені кітапты оқыған кезде адам әр сөздің мәнін түсінеді, ойлануға уақыт бөледі. Кітап тек жаңа ақпарат алу үшін емес, ойлау қабілетін дамыту, сыни көзқарас қалыптастыру, қиялды жетілдіру үшін қажет. Сол үшін технология мен интернет ақпаратқа тез қол жеткізуге көмектессе де, кітап оқу- адамның білімін тереңдететін, ой-өрісін қалыптастыратын ең тиімді құрал болып қала береді.
Анық айтқанда озық технология дегеніміз, ол — құрал, ал кітап- мазмұн. Ғаламтордан алынған қысқа ақпарат білімнің орнын баса алмайды. Сол себептен заман талабына сай өмір сүре отырып, кітап оқуды да әдетке айналдыру керек. Менің ойымша, кітап оқитын адам — ойлы, саналы және жауапкершілікті адам. Сондықтан кітап оқу әдетін ешқашан ұмытпау қажет.
— Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз, ол кітаптың аты не?- деген сұраққа жауап берген 7 адам: — Кітаптың аты тұрмақ, соңғы кезде кітаптың бетін қашан ашқанымды ұмытып қалыппын… — деп жауап берді.
Есіме 5 класта оқыған «Ерте дүние тарихы» деген пән түсіп кетті. Ұстазымыз Греция мен Рим тарихы туралы сабақ өткенде ертедегі құдайлар туралы мифтер мен аңыздарды айтып беретін де «Ертедегі грек аңыздары» деген бұл кітаптар мектеп кітапханасында бар, алып оқыңдар дегенде, сол кітаптарды алып кезекпен оқушы едік. Немесе АҚШ-тағы құлдық қоғам туралы жазылған Гариет Бичер Стоудың «Том ағайдың лашығы» деп аталатын кітабын да мектеп кітапханасынан алып кезекпен оқитынбыз. Бұл дегеніңіз кітап оқуға қызығушылық тудыру мектептен басталады деген сөз. Ал қазір ше? Озық технология кітап оқуды ұмыттырды. Тоқаев айтпақшыдай, тәрбие әлеуметтік желіге берілді…
23 сәуір — әлемдік әдебиеттегі символдық күн. Дәл осы күні бірнеше көрнекті автор — Уильям Шекспир, Мигель де Сервантес және Инка Гарсиласо де ла Вега қайтыс болды. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында бұл күн жазушыларға және олардың шығармаларына әлемдік құрмет көрсету және кітаптарға қол жетімділікті арттыру мақсатында заңды түрде таңдалды.
Баян ТАҢАТАРОВА
