ЖЕТІСУДА «TURGYNDAR AMANATY» ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
33

Бүгін «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалында «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, коммуналдық қызмет мекемелері, пәтер иелерінің бірлестіктері (ПИБ) мен пәтерлерді пайдаланушылар кооперативтерінің (ППК) өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тұрғындармен кері байланысты күшейту және көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру болды.
Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй-коммуналдық саладағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы пәтер иелері кооперативтері қауымдастығы мен «AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалы арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қою мәселесі талқыланды.
Жиын барысында «AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалының жанынан «TURGYNDAR AMANATY» фронт-офисін ашу бастамасы да көтерілді. Бұл фронт-офис тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін жедел қарауға, сондай-ақ құқықтық және консультативтік көмек көрсетуге бағытталмақ.
«Аталған жоба – тұрғындар мен қызмет көрсетуші ұйымдар арасындағы байланысты нығайтып, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілді. Әсіресе, тұрғын үйді басқару, коммуналдық қызмет сапасы және тариф мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара соңында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында фронт-офис ресми түрде ашылып, оның жұмысы бастау алды. Бұл бастама тұрғындардың мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге ықпал етеді деп күтілуде