28 ПАНФИЛОВШЫНЫҢ АТЫ-ЖӨНДЕРІНДЕ ҚАПТАҒАН ҚАТЕ!

0
21

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күнін үлкен салтанатпен атап өттік. Солай болуы керек-ақ! Сән-салтанатпен безендірілген қаланың мерекелік көңіл-күйді одан бетер көтере түсетін безендірілуінде шек жоқ. Тамаша!

Жеңіс күніндегі сондай көтеріңкі көңіл-күйімді Назарбаев даңғылы мен Абай көшесінде орналасқан түрлі-түсті паннолардағы айтпасқа болмайтын мына жайттар басып тастады.
Соғыс және тыл ардагерлері туралы мәліметтер әсемделіп берілген екен. Алайда суреттері бұлыңғыр болып көрінді. Жарайды, архивтерден алынған суреттер ғой, нақты бейнелер жыл өткен сайын түсі ескіреді, – деп түсіністікпен қарадым. Тарихшы болған соң қойылған панноларды мұқият қарап шықтым.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылы 21 шілдедегі 28 гвардияшыларды марапаттаған Жарлығына көзім түсіп, оқып шығып едім, быжынаған қатеден жүрегім ауырып, құлап қала жаздадым. Кеңес Одағының Батыры атағы берілген 28 панфиловшы батырдың 18-інің аты-жөні қате жазылған.
Ең сорақысы, тізімдегі №22 болып тұрған Кеңес Одағы батыры атағы берілген Мұсабек СЕҢГІРБАЕВТЫҢ аты-жөні – СВИСТУНЕНКУ МИСАВКУ деп жазылғаны. Тізімнің соңындағы №28 ШЕПЕТКОВТЫҢ тегі – ШКИТМАНОВ болып жазылған. Тізімдегі №5 ВАСИЛЬЕВ Илларион – ГАСИЯИҢУ, №8 ЕМЦОВ – ЕИЦОВ, №20 НАТАРОВ – ПЕЧАЕВ болып, №13 ҚОЖАБЕРГЕНОВ Асқар – КОЖАВАТЧЕНКОВ ЯКОВ деп қате жазылған.
Бұл не деген сауатсыздық! – деп облыс әкімдігіне барып жолықпақшы болып едім, сұрағыма алған жауабым: «бәрі ипподромға бәйгеге кетті, қаланы безендірген қалалық әкімдік, соларға барыңыз», – деген соң қалалық әкімдікке бардым. Жауапты адам бола ма осы қателерге деген ойымды айтпақшымын. Менің қуанышыма орай, қалалық әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айдар Нұрланұлы мені тыңдап болған соң, қасына тағы бір қызметкерін ертіп, алаңда тұрған паннодағы қателерді көрсеттім.Көрді. Айдар Нұрланұлы үндемеді, қасындағы пысықай маған: «аға, бұл сурет қой!» — деді.
– Бұл сурет емес, бұл КСРО Жоғарғы Кеңесінің Кеңес одағы батыры деген атақты Қазақстанның 28 панфиловшы жауынгерлеріне беру туралы бұйрығы, – дедім. Қатемен жазылған «суретті» қолымдағы ұялы телефонға түсіріп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Указының көшірмесін қолыма алып, «Алатау» газетінің редакциясына бердім. Редакция тарапы іле-шала паннолар тұрған орынға барғанда, олар алынып тасталыпты. Әрине, ондай ірі қателерді көргендер бастарын шайқады, көрмегендер болса тіпті жақсы, – деп қаланы осындай өрескел қатемен безендіргендер үшін үндемеу – ең жақсы вариант шығар.
Осы орайда айтпағым көп еді, бірақ тоқ етері, мынадай кемшіліктер саяси жауапсыздық па, әлде жауапты адам жоқ болған соң қазақ бәріне шыдайды деп әдейі жасалған сауатсыздық па? Қайсар рухты 28 панфиловшы батырымыздың аты-жөнін ең құрығанда Жеңіс күні дұрыс жаза алмағанымыз, масқара деп есептеймін!
Қатесі бар көшеге ілінген панно мен Указдың дұрыс көшірмесін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім. Өйткені бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа керек. Кеңес Одағының батыры Мұсабек СЕҢГІРБАЕВТЫҢ өсер ұрпақ СВИСТУНЕНКУ МИСАВКУ емес, Мұсабек СЕҢГІРБАЕВ деп білсін! КОЖАВАТЧЕНКОВ ЯКОВ емес ҚОЖАБЕРГЕНОВ Асқар деп білсін!

Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ,
тарихшы, өлкетанушы