Ана тілін білу — парыз, білмеу — ұят
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің көсегесін көгерту жолында игілікті істер атқарылу үстінде. Ең бастысы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, оны кеңінен қолдануға жан-жақты жағдайлардың жасалып отырғаны даусыз. Соның арқасында, бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Білім беру жүйесінде, мемлекеттік қызметте, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінің үлесі артуда. Сайып келгенде, сең сөгіліп, іс ілгері басты. Алайда, құқықтық және заңдық нормалардың толыққанды жұмыс істемеуінен қазақ тілінің бүгінгі қолданыс аясы көңіл толтырарлықтай емес екені аңғарылуда. Соның салдарынан мемлекеттік тілдің мәртебесін тиісті дәрежеге жеткізуге кейбір кемшіліктер қолбайлау болуда.
Мұндай мәселелер, алысқа бармай-ақ, күнделікті сот процестерінде де көзге ұрып тұрады. Мәселен, заң талаптарына сай сотқа арыз қай тілде түссе сот ісін жүргізу сол тілде өткізілетіні баршаға аян. Сондықтан, сот ісін жүргізу тілін судья арыз берушінің берген тіліне байланысты тағайындайды. Ал, енді істі мәнісі бойынша талқылау барысында жаңағы орыс тілінде арыз жазып отырған адамның сол тілді жетік меңгермегені анықталып шыға келеді де, ол менің заңды құқығым деп заңға сілтеме жасап, аудармашы тағайындауға өтініш білдіреді. «Арызды неге орысша жаздыңыз?» дегеніңде, «Заң көмегін көрсетуші өкіл жазып берді, мен көшіріп алдым да қолымды қойдым» деп ағынан жарылады. Қылмыстық істерде де, тергеушілер тарапынан сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында дәл осындай жағдайларға жол беріліп жататыны да құпия емес. Осындай тәсілді кейбір адвокаттар да өздеріне жүгінген қарапайым халыққа қатысты қолданатыны да белгілі. Мұның бәрі, сайып келгенде, азаматтың құқығына нұқсан келтіру болып табылады ғой. Өйткені, өзіне көмек сұрап жүгінген қарапайым адамның заң тұрғысындағы сауатының таяз екенін пайдаланып, оны айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізетіндер, бұл жерде ең бастысы, өз мүдделерін ойлап, өздері жақсы меңгерген тілінде арыз шағымды толтыруға тырысады емес пе. Ал, егер сол жерде азаматқа өзі білетін тілде арыз жазуға құқылы екенін түсіндіріп, заң кеңесін санасына сіңірсе нұр үстіне нұр болар еді ғой. Онда біріншіден мемлекеттік тілде қаралатын істер саны анағүрлым арта түссе, екіншіден процеске қатыстыру үшін аудармашы іздеп, табылмай жатса, істі кейінге қалдырып, созбалаңға салу орын алмас еді.
Ендеше, әлі де болса тілдің толыққанды үстемдік құруы үшін жүйелі жұмыс қажет. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық актілер маңызды рөл атқарады. Алайда, мемлекеттік тілдің мәртебесі тек заңмен шектелмейді. Ол – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі мен парызы. Тілді білу – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елге деген құрметтің, ұлттық сана-сезімнің көрінісі. Сондықтан, мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың міндеті деп қарастырылуы тиіс. Әсіресе, өз ана тілін білмей өзге тілді жақсы меңгеріп алған жастарымыз мемлекеттік тілді меңгеруге мән бермеуі ұят нәрсе.
Света ҚҰРМАНБЕКОВА
Талдықорған қалалық сотының бас маманы
сот отырысының хатшысы.
