Тоқаев: Біз Абай айтқан «бес дұшпаннан» әлі құтылған жоқпыз
«Абай күні» деп аталатын күндер жалпыхалықтық жыр мерекесі, ал әдебиетшілер үшін бұл күндер — ерекше күндер. Уикипедиядағы деректер бойынша, жыр сүйер қазақ халқы «Абай күнін» 1914 жылдан бері атап келеді екен. Соған қарағанда, Абайдың халық жүрегінде сақталып қалғаны соншалықты, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Абайды «қазақтың рухани реформаторы» деп санап, мақала жазған. (Turantimes.kz.) Абайды оқыған кезде, Абайдың айтқан терең ойлары, Абай суреттеген сол кездегі адам мен оның өмір сүріп отырған ортасы және уақытына сай айтқан ой-пікірлері, ақынның дәуірі басқа заман болса да, бүгінге дейін адамға «рас-ау!» дегізбей қоймайды. Оның «Қара сөздері» болсын, адам психологиясы мен табиғаттың үндестігі туралы өлеңдері болсын адамзат бойындағы астамшылық пен кемшілікті нақты айқындап береді. Мысалы, мына өлеңі әлі күнге дейін орын алып отырған өзекті мәселелерді қозғайды.
«Ғылым таппай мақтанба»
Абай Құнанбаев
Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда.
Оған қайғы жесеңіз:
Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым — ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі, суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі, оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз.
«Ондай болмақ қайда» деп айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз.
«Ақсақал айтты», «бай айтты», кім болса мейлі,
сол айтты – Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме, шын сөзбенен өлсеңіз
Аят, хадис емес қой, «күпір болдың» демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында, көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден шешен де өткен не бұлбұл.
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз, ақыл-мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе, мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе, ойлап-ойлап, құлаққа іл.
«Ақымақ көп, ақылды аз», — деме, — «көптің сөзі бұл».
Жақынның сөзі тәтті деп, жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса, ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең, жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең, біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл,
Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма.
Шын сөзі қайсы біле алмай, әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл.
Ғұламаһи Дауани солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла, тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.
Осы туралы, жоғарыда атап кеткен, өз мақаласында президентіміз Тоқаев былай дейді:
— Өкінішке қарай, Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан, біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз.
— Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар, оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз», — дей келе, Тоқаев, — Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды, – деп түйіндейді ..
Қысқасын айтқанда, қазақ қоғамы бес нәрсеге: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымға асығып, бес нәрседен — өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты бес дұшпаннан қашық болуды айтқан Абай сияқты дананың кеңесін ұмытпайық!
Баян Таңатарова
«Алатау»




