Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу: негіздері, белгілеу тәртібі және қайта куәландыру
Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу – жұмыскердің белгілі бір біліктілікке, көлемге және сападағы жұмысты орындауға қабілеті.
Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі – қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 15 қызмет алушыға кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде уәкілетті органдардың тиісті құжаттары ұсынылады. Мысалы: еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы акт, сараптамалық кәсіптік патология комиссиясының қорытындысы немесе жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған не заңды тұлға таратылған жағдайда, еңбек жарақатының немесе кәсіптік аурудың еңбек міндеттерін орындаумен себептік байланысын анықтау туралы сот шешімі. Бұл құжаттар еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауру салдарынан кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу үшін қажет.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі ағза функцияларының бұзылу деңгейіне байланысты пайыздық мөлшерде мынадай шектерде белгіленеді:
Ағза функцияларының шамалы бұзылуы салдарынан мүгедектік белгіленбеген жағдайда – 5 пайыздан 29 пайызға дейін.
Ағза функцияларының орташа айқын бұзылуы кезінде – 30 пайыздан 59 пайызға дейін.
Ағза функцияларының айқын бұзылуы кезінде – 60 пайыздан 89 пайызға дейін. Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылудың осы дәрежесі белгіленген кезде зардап шеккен жұмыскерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған арнайы жұмыс орны құрылуы мүмкін.
Егер зардап шеккен жұмыскерде ағза функцияларының күрт айқын бұзылуы салдарынан кәсіптік еңбекке қабілеттілік толық жоғалса және арнайы жасалған жағдайларда да кәсіби қызметтің кез келген түрін орындауға абсолютті қарсы көрсетілімдер болса, онда кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі 90 пайыздан 100 пайызға дейін қоса алғанда белгіленеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары медициналық ұйымдардың ұсынымдары негізінде куәландырылатын адамның мынадай қызметтерге:
— тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмейтін қосымша медициналық көмекке;
— зардап шеккен жұмыскерге бөгде адамның күтіміне, оның ішінде отбасы мүшелері жүзеге асыратын күтімге;
— санаторийлік-курорттық емделуге, оның ішінде санаторийлік-курорттық емделудің бүкіл кезеңіне берілетін еңбек демалысының ақысын төлеуге және зардап шеккен жұмыскердің емделу орнына барып-қайту жолақысын өтеуге, ал қажет болған жағдайда оны алып жүретін адамның да барып-қайту жолақысын өтеуге;
— зардап шеккен жұмыскерге еңбек қызметінде және тұрмыста қажет болатын техникалық көмекші және орнын толтыру құралдарымен қамтамасыз етілуге;
— еңбек жарақатының немесе кәсіптік аурудың салдары бар мүгедектігі бар адамдарды арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге арналған медициналық көрсетілімдер тізбесіне сәйкес арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілуге;
— кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға;
— қажет болған жағдайда арнайы жағдайлар жасай отырып жұмысқа орналастыруға мұқтаждығын айқындайды.
Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылудың негізгі ережелерімен, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері куәландырудан өткізу кезінде кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылудың қандай түрлері мен дәрежелерін белгілейтінімен, сондай-ақ медициналық ұсынымдар негізінде зардап шеккен жұмыскерге қандай қосымша көмек түрлері айқындалуы мүмкін екендігімен таныстыру мақсатында ұсынылды.
Илимжанова Зайда Абдыманановна,
Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы
реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы




