Қазақстан Туын пайдалану ережелері жаңартылды

0
25

Қазақстан Үкіметі мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелерін жаңартты. Құжатта Мемлекеттік Туды қайда және қалай орналастыруға болатыны егжей-тегжейлі жазылып, оны пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар тізімі көрсетілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Басты жаңалықтардың бірі — азаматтардың Мемлекеттік Туды орналастыруына қатысты. Енді құжатта жеке және заңды тұлғалардың туды тұрғын үйлер мен тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға іле алатыны тікелей қарастырылған. Бұл ретте балконға ту 45 градус бұрышпен орнатылуы тиіс.
Сонымен қатар, ережелерде Мемлекеттік Туды пайдалануға рұқсат етілетін талаптар нақтыланған: Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерде оны кемінде үш метр биіктікке орнатуға болады, бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру міндетті емес; ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс; тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек жоғары жағында болуы керек; ту бүтін, таза, түсі оңбаған және зақымдалмаған болуы тиіс; заңнама талаптары сақталған жағдайда туды көлік құралдарының салондарына орналастыруға жол беріледі.
Сондай-ақ, туды киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және басқа да жабындар ретінде пайдалануға тыйым салынады. Мемлекеттік рәмізді әдейі зақымдауға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға және оның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген басқа да әрекеттерге жол берілмейді.
Тағы бір өзгеріс спортшыларға қатысты: Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдер мен жабдықтарда пайдалануға ресми түрде рұқсат берілді.
Бұдан бөлек, қаулымен мемлекеттік рәміздерді ресми сайттарда, стендтер мен плакаттарда орналастыру тәртібі нақтыланды. Олар бірыңғай жүйелілікпен орналасуы тиіс: алдымен Мемлекеттік Ту, содан кейін Мемлекеттік Елтаңба, одан кейін Мемлекеттік Гимн мәтіні. Стендтерді рәсімдеуге де бірыңғай талаптар бекітілді: көк түсті фон және алтын түстес жазулар.
Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енді.