ЖЕТІСУДЫҢ ҚОС ІНЖУ-МАРЖАНЫ ТУРИСТЕРДІ ҚАЛАЙ ТАРТАДЫ?

0
24

Туризм десе, көпшіліктің ойына ең алдымен шет мемлекеттердің көрікті жерлерін аралау келеді екен. Ал, тұрғындардың екінші бөлігі көз алдына «туған жердің көркем табиғаты, асқар таулары мен мөлдір көлдерін елестетеміз» дейді. Жалпы, жаз мезгілінде алыс шетелге шықпай-ақ, өз еліміздің табиғатына тамсанып, сапалы демалыс өткізуге мүмкіндік мол екенін білесіз бе? Әсіресе, соңғы жылдары жер Жәннаты саналатын Жетісу өңіріне келетін ішкі туристердің саны артып келеді. Бұған басқа көрікті, тарихи орындарды айтпасақ та, жаз мезгіліндегі Балқаш пен Алакөлдің танымалдығы-ақ дәлел.

Жетісу десе көпшіліктің көз алдына ең алдымен сұлулығы көз тартар таулар мен көлдер келеді. Расында да, өңірдің табиғаты демалыс үшін алысты іздемей-ақ, туған жердің сұлулығын тамашалауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары мұны туристер де аңғарып келеді. Алакөл мен Балқашқа баратындардың саны жыл сайын көбейіп, жаз айларында жағалау адамға лық толады. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң да таныстарымыздың бірі Алакөлдің мөлдір суын, енді басқасы Балқаштың алтын түсті жағалауын сториске салып жатады. Соңғы уақытта Threads-та «Қай көлге барған дұрыс?», «Қайсысында демалған тиімді?» деген сұрақтар жиі қойылып жүргенін байқадым. Менің көзқарасымша, негізі бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Өйткені екі көлдің де өзіне тән мінезі, ерекшелігі бар.

АЛАКӨЛ – ШИПАЛЫ СУЫ МЕН ДАМЫҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ АРҚЫЛЫ ТАРТЫМДЫ

Екі көлге де барып көрген жан олардың бір-біріне мүлде ұқсамайтынын бірден байқайды. Алакөлге келгенде ең алдымен ерекше самал жел мен қара тасты жағалау қарсы алады. Суына түскеннен кейін денең жеңілдеп қалғандай әсерде боласың. Сондықтан, бұл көлге жай ғана демалу үшін емес, денсаулығын жақсартуды ойлайтындар да жиі келеді.
Көлдің басты ерекшелігі – емдік қасиеті мол тұзды суы мен батпағы дегенді көп естігенмін. Көпшіліктің айтуынша, көл суы тері және буын ауруларының алдын алуға және емдеуге оң әсер етеді. Сондықтан демалушылар «күн ұясынан шыққанда судан йод бөлініп, ағзаға емдік әсері бар» деген ұранмен суға түседі. Күні бойы емдік батпақ сататын жеткіншектер де жағада жеткілікті.
Бүгінде Алакөлдің жағалауында қызмет көрсету саласы, инфрақұрылым жақсы дамыған. Қонақүй де көп, демалыс базалары да жеткілікті. Қалтаңыздағы қаражатқа қарай түрлі таңдау жасауға мүмкіндік бар. Одан бөлек, жағалауда дүкен, дәріхана, асхана, кафе секілді орындар қолжетімді. Интернет те жақсы ұстайды. Жағажайдағы тапчандардың бағасы да Балқашпен салыстырғанда қолжетімділеу.
Әрине, айта берсек көңілге қонымды ньюанстары жетеді. Дегенмен, мұнда жаздың қызған шағында адам қарасы өте көп болады. Кейде күн батқанша жағажайда бос орын табу қиын. Гидроцикл, қайық, катер, банан, диван секілді су аттракциондары үздіксіз жұмыс істейді. Біз үшін бұл көңілді демалыс болса, енді бірі үшін аталған ойын-сауық құрылғылары тыныштықты бұзатын дүние. Сонымен қатар, олардан жағадағы демалушыларға да тиетін залалдар баршылық. Адамдардың денсаулығына зардап әкелуден бастап, қайғылы оқиғалармен де ұласып кететін жайттар кездеседі. Биыл жасыратыны жоқ, оқыс оқиғалар орын алғаны туралы жаңалықтар да болды.

БАЛҚАШ – ҚҰМЫМЕН
ЕСТЕ ҚАЛАДЫ

Балқаш көлі көлемінің үлкендігімен және ерекше табиғи ерекшелігімен танымал. Көлдің батыс бөлігі тұщы болса, шығыс бөлігі тұзды келеді. Жұмсақ сары құмды жағажайы әсіресе балалармен демалуға өте қолайлы. Сонымен қатар мұнда балық аулау мен су спортына қызығатындар үшін де жақсы мүмкіндік бар.
Балқашқа барған кезде мүлде басқа көңіл күйге енесің. Кең құмды жағалау, көз жетпейтін көгілдір су, еркіндік сыйлайтын кеңістік… Құмды жалаңаяқ басып жүргеннің өзі ерекше емес пе? Әсіресе балалармен барғандарға құм өте қолайлы. Жағалауы жұмсақ, суға түсу де ыңғайлы, себебі терең емес.
Жетісу тұрғындары үшін Балқашқа жету Алакөлге қарағанда жақынырақ. 2 сағатта жетіп барып, 1 күнге демалып қайтуға болады. Сондықтан жұмыстан бөлек, демалыс күндерін тиімді пайдаланғысы келетіндер осы бағытты жиі таңдайды.
Дегенмен, Балқашта шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Биыл жағажай бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жинақы көрінді. Тапчандардың саны көбейіп, былтырғыға қарағанда сапасы жақсарғанын байқадым. Алайда, демалыс үйлерінің бағасы көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Жағажайдағы тапчандардың бағасы 15 мың теңгеден басталып, жайлылығы жоғары көрпе-жастығы бар түрлері 20 мың теңгеден асады. Ал бір тәулікке жалға берілетін үйлердің бағасы шамамен 50–70 мың теңге аралығында екен.
Бағаның қымбаттығына байланысты палаткамен келіп демалатындардың қатары да көбейген. Қазір заманауи, жайлы шатырлардың көбеюі табиғат аясында тынығуды таңдаушылар үшін қолайлы мүмкіндікке айналды ғой. Бірақ мұнда тағы бір мәселе бар. Интернет байланысы барлық жерде бірдей ұстай бермейді. Қарапайым дүкеннің өзін таппайсың.
Өз басыма екі көлдің де ұнайтын тұстары бар. Балқаштың құмы ерекше әсер қалдырады. Толқындары теңізді еске түсіреді. Бірақ күнге тез күйіп кетесің. Ал, Алакөлде самал желдің арқасында аптап ыстық онша сезілмейді. Суына түскен сайын қайта-қайта шомылғың келеді. Оның үстіне қажетіңнің бәрі маңайыңда тұрған жақсы емес пе?
Кейде жақсы демалыс үшін шетел аспай-ақ, өз жеріңнің көркем табиғатына көз салып тұру керек екен. Жыл өткен сайын Жетісу туристердің көп келетін аумағына айналып барады. Ендігі міндет – тек турист тарту емес, табиғатты сақтау, қызмет көрсету сапасын көтеру және демалушыларға жайлы жағдай жасау болмақ.

Гүлнұр Баймұхан

«Алатау»