ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫ АШЫЛДЫ

0
37

Талдықорғанда жаңа №20 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Депоға биыл қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау майоры Дамир Тарановтың есімі берілді.

      Жаңа нысан қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі 30 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Депоның қызмет көрсету радиусы – 10 шақырым.
Ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, құтқарушылар мен ардагерлер, сондай-ақ Дамир Тарановтың отбасы қатысты.
Заманауи депо қажетті техникамен толық жабдықталған. Бөлімшенің қарамағына жеті негізгі және арнайы техника берілді. Ғимаратта оқу сыныбы, спорт залы, демалыс және қызметкерлердің психологиялық тынығуына арналған бөлмелер қарастырылған.
Бейбіт Исабаев өңірде төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Бүгінде облыста ТЖ департаментінің техникамен қамтылу деңгейі 84 пайызға жеткен.
Салтанатты шара барысында Дамир Тарановтың отбасына министрдің атынан сый-сияпат табысталып, нысанды салуға үлес қосқан мамандар марапатталды.
Дереккөз: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев