ОМАРТАШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Жетісу облысында заманауи әрі экспортқа бағытталған омарташылық кешенде табиғи өнімнің 21 түрі өндірілуде, оның өндірістік қуаттылығын сағатына 1,5 мың банкаға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта кәсіпкерлер таулы табиғи ортаның бірегей үйлесімі мен омарташылық кешеннің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, апитерапия мен сауықтыру туризмін дамытуды жоспарлап отыр.
Бүгінде Жетісу облысында 11 мыңнан астам ара ұясы бар. Омарта шаруашылығы, әсіресе табиғи жағдайлары қолайлы Көксу, Панфилов, Алакөл аудандарында қарқынды дамып келеді. Енді бұл бағыт Текелі қаласында да белсенді түрде өркендейтін болады.
«Kausar Shifa kz» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Райымбектің айтуынша, Текелінің тау бөктеріндегі омартада 300-ге жуық ара ұясы орналасқан. Омарта жанында бал жиналғаннан кейін оның қасиеттерін зерттейтін жеке зертхана да бар. Одан кейін шикізат компанияның Талдықорғандағы өндірістік цехына жөнелтіледі. Мұнда жиналған бал өңделіп, табиғи өсімдік сығындыларымен араластырылады. Соның нәтижесінде дәмді әрі пайдалы өнім алынады. Осылайша, кәсіпкерлер өндірістің толық циклін іске қосты.
Қазіргі таңда кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Қытай нарығына шығу үшін құжаттарды рәсімдеп жатыр, сондай-ақ Малайзия тарапынан да қызығушылық бар.
Омарташылықты әртүрлі қаржыландыру бойынша өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бес жоба мақұлданып, оларды жүзеге асыруға 36,6 млн теңге бөлінді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
